Әрбір ананың ең басты тілегі баласының саулығы емес пе?! Баласынан айрылған ананың жаралы жанын ешкімнің басына бермесін. Олай дейтін себебім, осындай жағдай өз басымнан өте жаздады.
Жұмыстан шаршап келіп, тынығып жатқанымда безілдеп қоя берген телефон үнінен ояндым. Бейуақыт мезгілде шалынған қоңырау кімді болсын үрейлендіретіні сөзсіз ғой. Телефон тұтқасын қорқа көтергенімде, тәртіп сақшылары ұлым Анатолийдің су түбіне кете жаздағанын айтты. Салмағы зіл батпандай хабарды естігенде орнымнан қозғала алмай қалдым.
Кейін білсем, түнгі қалада серуендеп жүріп, Есіл өзенінде суға батып кете жаздаған кенжем – Анатолий тәртіп сақшыларының арқасында ажал аузынан аман қалыпты. Үйге дін аман оралған ұлымның саулығы үшін Петропавл қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жол-патрульдік батальонының қызметкерлері Арман Тасжановқа, Нұрсұлтан Дәуренбековке, Медет Сәрсекеевке, Аслан Белгібаевқа айтар алғысым шексіз.
Тұтқиылдан болатын кездейсоқ оқиғаларға төтеп беріп, баламды ажал аузынан алып қалған бұл азаматтардың ерлігінен кейін “Полиция – қорғаның” деген сөздің рас екеніне көзім жетті. Кез келген сын сағатта көмекке келетін полицейлердің бұл істері ерлікке баланып, басшылық тарапынан марапатқа ие болып жатса, біз тек қуанамыз.
Ұлымның жанайқайын естіп, полиция бөлімшесіне қоңырау шалған қала тұрғыны Всеволод Кондратенкоға да шексіз ризамын. Жас жігіттің арқасында шаңырағым қайғыдан аман қалды. Ешкiмнiң отбасына мұндайды бермесiн.
Әр адамның өмір жолы – оның тағдыры. Ақжар ауданындағы аграрлық колледжді тамамдағалы отырған ұлым әскери салада қызмет етуді армандайды. Мамандықты өзінің жүрек қалауымен таңдап, айнымас серік ете білсе, мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Жеті бала тәрбиелеп, “Алтын алқа” тағынған ана ретінде бұл мен үшін аса маңызды. Болашаққа жоспар құрып отырған ұлыма екінші өмір сыйлаған полиция қызмекерлеріне, немқұрайдылық танытпай көмек шақырғандарға да отбасымның атынан алғыс айтамын. Қандай мадаққа да болсын лайықты мұндай жігіттер көп болса, елімізде тыныштық мәңгілікке орнары сөзсіз. “Ердің ері сыналар сын сағатта” демекші, бейбіт күннің батырлары атанған азаматтар аман болсын!
Татьяна ШИЛОВСКАЯ,
“Алтын алқа” иегері.