Қалалық Мәдениет үйінде “Болашақ қуаты – Қазақстан қолында” атты форум өтті. Қалалық әкімдік пен “Астана ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясы өкілдері бірлесіп өткізген шараға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен колледждер студенттері және мектеп оқушылары, мұғалімдер қатысты.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, соңғы бес ай ішінде энергияның баламалы көзін табу мақсатында өңір жастары арасында 10 сайыс өткізілген. Оған бір мыңнан астам оқушы мен жүз елу педагог белсенді қатысып, “Болашақтың энергиясы” тақырыбын ілгерілету және дамыту шеңберінде өз ойларымен және ұсыныстарымен бөліскен.
“ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне арналған форум барысында ең үздік деп танылған туындылардың таныстырылымы өтті. Кейбір қатысушылар фотосуреттеріне алдағы “ЭКСПО – 2017” көрмесі тақырыбын арқау етсе, болашақ ғалымдар қайталама шикізатты өңдеу арқылы баламалы қуат көзін тауып, оны дамыту мәселесін қолға алған. Атап айтқанда, №8 орта мектептің 9-сынып оқушылары Анна Филонова мен Светлана Назарова “Жасыл экономика” бағдарламасына сай экологияға зияны тимейтін, тек қана күн, жел, найзағай және биоотынды пайдаланатын “Қуаты тиімді қала – 2017” атты автономдық қуаты бар шағынауданның моделін жасаса, әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің оқушылары тек қана күн көзінің энергиясымен жұмыс істейтін “Green шаңырақ” атты қонақүй кешенінің моделін ұсынды. Ал №4 орта мектептің оқушысы Назгүл Қасымова қайталама шикізаттан қатты қуат көзін ойлап шығарды. Яғни, арнайы құрылғымен қатты тығыздалған қағаз қалдықтарынан жасалған өнімнің 500 грамы бір жарым сағат жанып, дәл осындай салмақтағы көмір мен отынның жылуын береді екен.
Шара соңында қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаз деп танылған 18 жасқа дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.