Жаңажылдық мерекелер қарсаңында өңір полицейлері «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында сауда орындарын тексеруді қолға алды. Оның мақсаты – адамдарды сапасыз отшашулар мен петардаларды пайдаланудан болатын қауіптен сақтандыру.
«Лицензияланған пиротехника өнімдерін өндірушілердің өздері сақ болуды және сыртында жазылған нұсқаулықты қатаң сақтауды талап етеді, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Хамитов. – Пиротехниканы балалардың пайдалануына тыйым салынады. Лицензияланбаған отшашулар өзгесінен екі есе қауіпті екенін есте сақтаған жөн. Ол уақытынан бұрын тұтанып, қолда жарылуы әбден мүмкін. Олар көбінесе заңсыз сауда орындарда сатылады».
Полицейлер азаматтардың басым бөлігі петардаларды балалардың ермегі деп ойлайтынын атап өтті. Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабы бойынша балаларына пиротехникамен ойнауға рұқсат берген ата-аналарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Пиротехниканы тиісті құжатсыз сататын саудагерлер осы кодекстің 196-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл бапта 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Ал пиротехникалық заттарды лицензия бойынша сатып, бірақ оларды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, саудалау, жою, әкелу, әкету тәртібін бұзғандарға 5-тен 45 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған.
17 желтоқсанда басталған республикалық «Пиротехника» жедел- алдын алу іс-шарасы 3 қаңтарға дейін жалғасады.