«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАҚАЙ, ЕСІМІҢ КІМ?

Қазақтың жаңа туған нәрестеге есім таңдауда басқаға ұқсамайтын артықшылықтары бар. Қоғам есім таңдау дәстүрін үнемі жаңартып отырады. Бұл – халықтың тарихи-мәдени өмірімен тікелей байланысты үдеріс. Ата-аналар балаларын айға, күнге, гүлге теңеп, “айым”, “күнім”, “гүлім” деп еркелетеді. Көптеген есімдердің қойылу тарихы бар. Өмірін мағыналы сүрген, ел есінде есімі қалған адамдарға ұқсасын деп соның атымен баласын жақсыға жетелейтін ата-аналар көп.

Бүгінде сол дәстүрдің қадірі кетіп бара жатқандай. Ата-ана сәбиіне түсініксіз бір аттарды қоя салады. Кімге еліктейді? Соны түсінбеймін. Баласына қойылған есімнің мағынасы қандай екенін ата-анасының өзі біле бермейді. Әйтеуір, бір еліктеушіліктің жетегінде кету басым. Бұл, әсіресе, жас отбасыларда кездесетін жайт.

Балабақшаға алғаш келген сүйкімді, қарадомалақ бүлдіршіннен: “Балақай, атың кім?” – десең, Эльдар, Дамир, Замир, Самира, Эльвира, Эльмира деген сияқты шетелдік телехикаялардағы жасанды аттарды көп естисің. Әрине, басқа ұлттың дәстүрін, тілін құрметтеген жөн. Алайда, ұлтқа жат, түсініксіз, мағынасыз сөздерді тілге енгізу дұрыс па?

Көңіл қынжылтатын тағы бір жайт – өзіміздің қазақтың әдемі есімдерінің бұрмалануы. Мәселен, Әсем дегенді Асема, Анар дегенді Анара деп, тілімізді шолжаңдатамыз. Ең сорақысы, олардың ауызекі тілде айтылуы былай тұрсын, құжаттарда да солай толтырылады. Есіміміздің дұрыс аталуы мен дұрыс жазылуына мән беруіміз керек. Өз ұлтыңның тілі мен дәстүрін ұмытпай, қашанда аялай білу әрбір ата-ананың абзал борышы, басты парызы емес пе?!

Марина ВЕНИНГ,

тәрбиеші.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp