«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛЫҚ — БАҒАЛАСАҢ БАЙЛЫҚ

Балық шаруашылығын дамыту ісі ерекше қолдауды қажет етеді. Өзен-көлдерді бойлай орналасқан елді мекендердің басты байлығы балық екені әмбеге аян. Өңірімізде екі жарым мыңға жуық өзен-көл бар. Бірақ су айдындары көп болғанымен, олардың тек 461-інде ғана балық өседі. Ал соның 288-і балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы. Облыс аумағындағы су айдындарын балықтың отыз шақты түрі мекендейді. Олардың ішінде мөңке, алабұға, табан, шортан, шабақ, таутан, тасбас, аққайран, тұқы, сиг және тағы басқа балық түрлері кездеседі.

Өңірімізде су жәндіктерін аулап, табыс тауып отырғандар баршылық. Облыс әкімдігінің қаулысымен балық аулауға рұқсат берілген көлдердің тізімі жыл сайын жасалады. Үстіміздегі жылы су айдындарын пайдаланушы ретінде тіркелген 130 кәсіпкер 288 су айдынында кәсіптерін дөңгелетуде. Балық өңдеу кәсіпорындары ірі су айдындарына жақын орналасқан.

Өңірде соңғы жылдары балық аулау мен өңдеу көлемі артып келеді. Мәселен, 2016 жылы экспортқа 27 тонна балық өнімі шығарылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 89 тоннаға жетті. Биыл 150 тоннадан асыруды көздеп отырмыз. Отандық балық және балық өнімдері көбінесе Ресейге экспортталады. Өңірде балық қорын сақтау жұмыстары да жолға қойылған. Жыл сайын облыс аумағындағы су айдындарына бірнеше миллион шабақ жіберіледі. Үстіміздегі жылдың жеті айы ішінде өңіріміздің 64 су айдыны ұсақ балықпен толықты. Оның ішінде 52301,8 мың – құрт шабақ, 0,75 мың – бір жылдық шабақ, 2,73 мың екі жылдық шабақ дернәсілдері және басқа да түрлері бар.

Балық тәлімбағы да жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында дернәсілдерді шығарып, өсіріп-өндіріп, су қоймаларына жібереді. Өкінішке қарай, жіберілген бірнеше миллион дернәсілдің 4-5 пайызы ғана жетіліп кетеді екен.

Су айдындарын жалға алу мерзімі – 10 жыл. Табиғат ресурстарын пайдаланушылар жыл сайын судан ауланатын өнімдердің мөлшерін белгілеп, ол Үкімет қаулысымен бекітіледі. Биыл облысқа берілген лимит – 954,1 тонна. Балық шаруашылығын жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар жүргізеді. Жалға берілетін көлдерге жауапты тұлғалардың жұмысын облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүниесі және балық ресурстары бөлімі қадағалайды.

Су айдындарын жалға алған кәсіпкерлерге қойылатын басты талап – белгіленген лимит мөлшерінен аспау. Көлдерді жалға алу келісімшартында кәсіпкерлердің құқықтары мен табиғат ресурстарын пайдалану кезіндегі жауапкершіліктері айқын көрсетіледі. Сондай-ақ, онда тексеруші, қадағалаушы органдардың құқығы да белгіленген. Кәсіпкерлердің тарапынан су жәндіктерінің өсіп-өркендеуіне жағдай жасалуы керек. Уылдырық шашатын кезде балық аулауға қатаң тыйым салынады. Балықтың көбі көктемде уылдырық шашса, шаян мен кальмардың көбею кезеңі – жаз.

Су айдындарын пайдаланушылардың құрал-жабдығы да заңда көрсетілген талаптарға сай болуы тиіс. Кәсіпкерлер қолданатын құрал-жабдықтарын журналға тізіп, жазып отырады. Сол журнал бойынша бөліміміз тексеріс жүргізеді. Журналда балық аулауға пайдаланатын қармақтар мен аулар, басқа да құрылғылар жазылып, әр затқа кәсіпкердің белгісі соғылады. Сол белгі арқылы балықшылық жасап жүргендердің істерінің заңдылығын анықтаймыз. Егер балық аулау құралында белгісі немесе көлдің жалға алған иесінің берген жолдамасы болмаса, ол браконьер болып табылады. Браконьердің қармағы да, балығы да тәркіленеді.

Су айдындарында жарылғыш заттарды пайдалану арқылы балық аулауға қатаң тыйым салынады. Ал спорттық мақсатта немесе әуесқой балықшылар қармақты пайдалануға тиіс.

Табиғат пайдаланушы өз аумағын қорғап, балықтың өсіміне жағдай жасап, уылдырық шашатын мезгілдерде тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етіп, су тазалығын қатаң қадағалауға міндетті. Осылайша, әр кәсіпкер суды табыс көзі ретінде пайдалана отырып, өңірімізде балық шаруашылығын дамытуға өз үлесін қоса алады. Жүргізген істері балық аулау заңнамаларына қайшы келсе немесе өз міндеттерін дұрыс орындамаса, табиғат пайдаланушымен келісімшарт бұзылып, бұл мәселе кейде соттың араласуымен де шешіліп жатады.

Бүгіндері балық шаруашылығына қатысты заңдар, ережелер қабылданған. Олардың ішінде “Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану” Заңы, “Балық аулау”, “Балық шаруашылығын жүргізу” ережелері және тағы басқа нұсқаулар бар. Олар уақыт талабына сай өзгертіліп, толықтырылып жатады. Осы ретте аумақтық балық инспекциясы мен жергілікті табиғат пайдаланушылар өз ұсыныстарын жеткізеді. Ережелерге сәйкес табиғат пайдаланушылар өздеріне бекітіліп берілген су айдындарында балық шаруашылығын тек өз қаражаттарына жүргізеді. Оларға мемлекет тарапынан арнайы субсидия бөлініп, қолдау көрсетіледі.

Бұл шаруашылық түрі ерекше назарды, үлкен күш-жігерді, ерен еңбекті, мол қаржыны қажет етеді. Өңіріміздегі балық қорын дұрыс пайдалана білсек, азайған қорды молайтып, оны одан әрі сақтай білсек, бұл – сарқылмайтын ресурс. Осы саланы өркендетуді ұтымды ұйымдастыра алсақ, оның табысы да мол болары сөзсіз.

Ерлан ТӘШІМОВ,

облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүниесі және балық ресурстары бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp