
Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлердің қайсарлығы мен батылдығының арқасында бүкіл әлем фашизм құрсауынан босап, бейбіт аспан астында өмір сүруде. Жерімізді тұтқиылдан келген жаудан азат ету жолында қаны мен терін аямай төккен жерлес майдангерлердің бірі Байтолла Аманжолов еді.
Майдангер 1910 жылы Айыртау ауданының Құмтөккен ауылында дүниеге келген. Бейбіт күннің шырқын бұзған фашистердің шабуылына тойтарыс беруге аттанған ер-азаматтармен бірге Байтолла Аманжолұлы да қолына қару алып, 1941 жылы қан майданға аттанады. Хабаровскідегі бес айлық барлаушылар курсын тамамдаған соң, бірінші Украин майданында, яғни Брянскіде жауға қарсы шабуылдарға қатысады.
Бірде майдангерге жау көзіне түспей, Дунай өзенін кесіп өту жөнінде тапсырма беріледі. Қасына тағы бір қаруласын ерткен Байтолла Аманжолұлы бұл жорықта жаудың әскері мен техникасының санын барлап келуі тиіс болатын. Взвод командирі, капитан Лоскутов жігіттерді жау шебіне аттандырарда: “Ал, кәнекей, бауырлар, бүгін сендерге зор сенім артып отырмын. Істі жақсылап тындырып келіңдер. Бәрін реттесеңдер, сыйлыққа бір дорба насыбай беремін”, – деп қалжыңдай сөйлеп, жұптары жазылмас екі досқа үлкен сенім артылғанын аңғартады.
Қараңғы түн. Дунайдың арғы бетінде зұлым жау. Екі орындық резеңке қайыққа мінген қос барлаушы өзеннің ені тарлау тұсымен арғы бетке қарай жүзіп келеді. Сүт пісірім уақытта жағаға да жақындайды. Өзеннен екі жүз метр жердегі бекініске жақындап, бірден жаудың техникасын санай бастайды. Бірінші тапсырманы сәтті орындаған барлаушылар түнгі тыныштықта мүлгіп тұрған күзетшіні қолға түсірмек болады. Көз ілеспес жылдамдықпен фашистің үнін шығармастан байлап тастайды. Осылайша, екеуі де алғашқы жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындап, лагерьге аман қайтады.
Жерлесіміз Украина жерінде орын алған тағы бір ұрыста ерлік көрсетеді. Бұл шайқас та Дунай өзенінің бойында орын алған. Қанды қырғында қайықпен екінші жағаға өтпек болған майдангерлер бірінен соң бірі суға батып, ажал құшады. Қатарлары сиресе де, арғы бетке өтеді. Ұрыста Николай Ковальчук есімді пулеметші ауыр жарақаттанып, “Максим” пулеметімен жауға қарсы оқ ату міндеті Байтолла Аманжолұлына жүктеледі. Сол арада қазақтың қайсар жігіті жау жаққа оқты қарша боратып, ондаған фашисті жер жастандырады.
Байтолла Аманжолов бастаған жауынгерлер бұл оқиғадан соң Польша жеріндегі Домбровский көмір бассейнінің алқабында тағы жаудың қарсылығына тап болады. Жау өзеннің арғы бетінде Кеңес әскерлерінен бой тасалайтындай бекініс жасап алған. Жағада қарсы жақтың жауынгерлерін көрген бойда оқ жаудырып, көптеген майдангерлер ажал құшады. Ызаға булыққан командир Лоскутов: “Дзоттың үнін өшіру керек! Кімнің қолынан келеді?” – дейді. “Жолдас командир, бұл тапсырманы мен орындаймын!” – деп Байтолла бір адым алға аттайды. Ол жер бауырлап, жауға қарай жылжып келеді. Бар мақсаты – “аждаһаның” үнін өшіру. Оқ бораған үңгірге санаулы метрлер ғана қалады. Осы сәтте Байтолла бар пәрменімен граната лақтырып, жау дзотының үнін өшіреді.
Біздің әскерлер Краков қаласының түбіндегі атышулы шайқаста да ерлігімен таңдай қақтырады. Осы ұрыста батыл барлаушы Аманжоловқа тағы бір жауапты тапсырма беріледі. Бұл жолы ол көршілес орналасқан взводтың жауынгерлерімен бірге жауапты тапсырмаға аттанады. Көктем мезгілі болғандықтан, жер ми-батпақ, оның үстіне жаңбыр шелектеп құйып тұр. Майдангерлер үстеріне немістердің шекпенін желбегей киіп, тас жолдың бойымен қалаға қарай бет алады. Ерсілі-қарсылы жүрген көліктер мен мотоциклдердегі фашистер барлаушыларды өз жауынгерлеріміз деп ойлап, оларды елер емес. Жаяу жүргіншілер қала шетіндегі саяжайға да таяп қалады. Осы сәтте оларды немістің екі күзетшісі тоқтатады. Алда келе жатқан командир Қасымбеков соғысқа дейін неміс тілінен сабақ берген екен. “Біз мина тексерушілерміз, жол бойы тінту шараларын жүргізіп келеміз”, – деп өтіп кетеді. Бұл жолы взвод Краков қаласының шетіндегі астыртын ұйым мүшелерімен бірге оқ-дәрі, азық-түлік қоймасының күлін көкке ұшырып, қала комендантын ұстап әкетеді. Бұл операция аталмыш қаланы азат етуге жол ашқан алғашқы ұрыстың бірі еді. Тапсырманы мүлтіксіз орындап шыққан жауынгерлердің қатарында құмтөккендік азаматтың да ерлігі еленіп, 1943 жылы екінші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” орденімен марапатталады. Майдангер бұдан кейін де талай ерлік жасап, “Қызыл Жұлдыз” орденімен, үшінші дәрежелі “Даңқ” орденімен, “Ерлігі үшін” медалімен және тағы басқа наградалармен марапатталады. Сондай-ақ, даңқты барлаушы Иосиф Сталиннің арнайы Алғыс хатына ие болған.
Байтолла Аманжолұлы соғысты Германия жерінде аяқтайды. Кенигсберг түбінде жараланған кіші сержант туған ауылына 1945 жылдың жазында оралады. Соғыстан кейін 30 жылға жуық уақыт бойы мал шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, 1987 жылы 77 жасында бақилық сапарға аттанды. Адамзат баласына қайғы мен қасірет әкелген сұрапыл соғыстың қасіреті талай ғасыр өтсе де, ұмытылмайтыны сөзсіз. Әсіресе, Отан үшін от кешіп, қайсарлық танытқан Байтолла Аманжолов сынды батыр бабаларымыздың ерлігі мәңгі жасай берері анық.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.
СУРЕТТЕ: барлаушы Б.Аманжолов.