Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Алдымен облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов жарғылық капиталды толтыруға және мемлекеттік міндеттерді орындауға бөлінген бюджет қаржысын квазимемлекеттік сектордың игеруі жайында әңгімеледі.
Өңірімізде осындай 227 субъект бар. Бұл кәсіпорындар да мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып, жаңа жұмыс орындарын ашуға атсалысуда. Сондықтан облыс әкімі оңтүстік өңірлерден қолжетімді бағаға көкөніс өнімдерін тасымалдайтын “Солтүстік” ӘКК” ұлттық компания” АҚ-ы секілді ірі бизнес субъектілерін қолдау қажеттігін баса айтты.
Комиссияның отырысында Петропавл қаласының және Қызылжар ауданының әкімдері мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлық әрекеттерді болдырмау мақсатындағы жұмыстар туралы баяндады.
Жергілікті атқарушы орган өкілдері жемқорлықпен күрес жұмысында бұқаралық ақпарат құралдарына арқа сүйейді. Олардың айтуынша, баспасөз беттерінде аталмыш тақырыпты қамтыған мақалалар үзбей жарияланып келеді. Ақпараттық жұмыстар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға оң ықпал етуде.
(Өз тілшіміз).