Біздің бір кемшілігіміз – барымызды жарқыратып көрсете алмаймыз. Өзіміз басқалардың қойылымдарын театр сахнасына шығарамыз, ал біздің қазақ қойылымдарын, тіпті, өзіміздің елдегі орыс театрлары қоймайды. Күні кеше Абай алысып өткен надандық әлі бар бізде. Біздің әлі құлдық психологиядан арыла алмауымыз – үлкен кемшілік. Біреуге бағыну, табыну басым, жалтақпыз. Кезінде Мұхтар Әуезов “Өнерсіз ел – ел емес” деген еді. Мен осыған қосыламын. Кеңестік идеологияның кесірінен кезінде біз өзіміздің ұлттық батырларымыздан гөрі Гитлер, Наполеон, Грозный туралы көп білдік. Өз басым алпыстан асқанда төл тарихымызды қайта оқуыма тура келді. Осының зардабын қазір қазақ киносы тартып келеді. Негізі ұлттық бояуға құрылмаған туындының ғұмыры келте. Біздің қазіргі кинемотографиядағы өздерін “жаңа ағымдағы толқын” деп атайтын жастарымыздың шығармалары еуропаланып барады. Мұндай тұғыртасы шайқалып тұрған туындылардың болашағы да жоқ. Міне, ұлтсыздық, намыссыздықтың маңдайы тасқа тиетін жері – осы.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері.