«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ЖҮЛДЕ — ВИКТОРИЯНЫҢ ЕНШІСІНДЕ

Мемлекеттік тілдің өзге этностар арасында қолданылу аясын кеңейту мақсатында республикалық “Тіл – татулық тірегі” атты байқау ұйымдастыру ұйғарылған болатын. Осыған орай ақпанның 4-і күні облыс орталығындағы Достық үйінде өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен аталмыш сайыстың облыстық кезеңі өткізілді. Оған өңіріміздегі аудандар мен Петропавл қаласынан 17 үміткер қатысты. Биылғы байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып отыр.

Оларға “Тіл – татулық тірегі” тақырыбында бейнеролик әзірлеу, “Мемлекеттік тілді меңгеру” тақырыбында эссе жазу және арнайы билеттер бойынша дайындалған ауызша сұрақтарға жауап беру талаптары қойылды.  

Алғашқысында сайысқа қатысушы өзін және отбасын, жұмыс орны мен тұрғылықты жерін қазақ тілінде таныстырса, эссе мен сұрақ-жауап та мемлекеттік тілде болуы шарт. Оны сайыскерлердің барлығы мүлтіксіз орындап шықты.

Сайыс нәтижесінде айыртаулық Надежда Батенова мен Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан келген Айгүл Уәлиева үшінші орындарды өзара бөліссе, екінші орынды петропавлдық Николай Тихненко жеңіп алды. Бірінші орынды облыс орталығының тұрғыны Ульяна Габрикова еншілесе, бас жүлдені петропавлдық Виктория Говорухина қанжығасына байлады. Енді ол ақпанның 20-ында Астанада өтетін конкурстың ақтық сынында өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, принтер, планшет, ұялы телефон секілді бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Байқау, негізінен, мемлекеттік тілдің мәртебесін насихаттауға, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге деген ынтасын арттыруға бағытталған. Үміткерлер конкурстың негізгі шарттарын толығымен орындай білді, – дейді “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Дина Әбілмәжінова.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp