«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАСӨЗДІҢ ЫҚПАЛЫ ЗОР

Петропавлдағы Достық үйінде “Дін және БАҚ” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыптардың жариялануы, материалдардағы ақпараттың ақиқаттығы және тағы басқа өзекті мәселелер қаралып, талқыланды.

Шараны ашқан облыстық дін істері басқармасының басшысы Мұратбек Зейнуллин өзекті рухани тақырыптар туралы халыққа ақпарат берудегі жедел әрі жемісті жұмыстары үшін журналистерге алғыс білдірді және дін секілді нәзік сала жөнінде БАҚ-та дұрыс ақпарат бере білудің маңыздылығына тоқталды.

– Ақтөбедегі орын алған лаңкестік әрекет елдегі күштік құрылымдарды, қоғамдық институттарды діни радикализм, экстремизм мәселелеріне қайта оралуға итермеледі. Өкініштісі сол, адамдар қаза тапқан оқиғаларда лаңкестерді ұстау, жою бойынша жүргізілген арнайы операциялар барысында жалған мәліметтердің тарап, арандатушылықтың орын алуына жол берілмегенімен, халыққа ақпарат жеткізу кезінде біраз олқылықтар орын алды, – деді департамент басшысы.

Бүгінде пиғылы жат бірқатар діни ағымдардың БАҚ-ты жүйелі түрде пайдаланып отырғанын “Конфессияаралық қатынастарды дамыту және сараптама” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Сергей Могунов та атап айтты. Ол баспасөз қызметінің бұл жердегі ықпалы өте зор екенін, журналистер жан-жақты, білімді болу қажеттілігін тілге тиек етті.

Маманның айтуынша, қоғамда дүрбелең туғызатын материалдар мен хабарларды қарапайым тұрғындар да таратпауы тиіс. Соңғы кезде әлеуметтік желіні пайдаланып, арам пиғылды адамдар жалған ақпаратты таратуға әуестік танытуда. Семинарға қатысушылар болған оқиғаларды рұқсатсыз ғаламторға жүктеп, лаңкестерді ақпараттандырған, сондай-ақ, жұртты дүрліктірген кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту керек деген ұсыныстарын айтқан.

Іс-шара соңында қатысушылар діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуда журналистердің құзыретті органдармен бірлескен іс-қимыл тетіктерін жасау жөніндегі өз ұсыныстарын білдірді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp