Осыдан бірнеше жыл бұрын Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылында монша ашылып, жұмыс істей бастағанда қуанып қалған едік. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Аптасына екі күн моншаға түсіп, рахатқа баттық. Бірақ, не керек, бара-бара әлгі моншамыздың жұмысы тіл тигендей шалағайлана бастады. Алғашқы кезде 1-2 ай жұмыс істемесе, кейін ол 3-4 айға созылды.
Уақыт бір орнында тұра ма? 2012 – 2013 жылдары әлгі моншамыз бір жылда 2-3 ай ғана істейтін болды. Қалған мерзімде есігіне қара құлып ілінді. Осы мәселе жөнінде ауыл тұрғындары былай тұрсын, өз басым округтің әкімі Өмірсерік Ахметжановқа ауызша да, жазбаша да өтініш білдірдім. Оның жауабы ешқашан өзгерген емес, айтатыны: “Ағай, ол частник қой, моншаны жаққысы келсе жағады, жаққысы келмесе жақпайды. Мен не істейін”.
Ауылдық округ әкімінің бұлай дәрменсіздік көрсетуінің себебі, моншаның иесі Владимир Зимин – “Астраханка” ЖШС-нің директоры. “Шешінген судан тайынбас” дегендей, мен монша жөнінде хат жазып, әдейілеп аудан әкімі Қайрат Қасеновке бардым. Ол кісі Зимин мен Ахметжановты шақыртып алып, көзімше оларға 20-сыншы желтоқсанға дейін моншаны іске қосу жөнінде тапсырма берді
Осыдан кейін моншаға кіріп-шығып жатқан кісілерді көретін болдық. Олар оны тәртіпке келтіріп жатқандар еді. Монша сол жолы ақталып, сырланды, жуынатын легендер сатып алынды. Сөйтіп, аудан әкімі тапсырғандай, моншамыз 20 желтоқсан күні екінші рет ашылды. Ол үстіміздегі жылдың наурыз айына дейін жүйелі істеп келіп, жұмысын тағы тоқтатты.
Моншаға қатысты жағдайымыз бұрынғы қалпына қайыра түскенін аудан әкіміне тағы да жеткіздім. Бірақ ол кісіден бұл жолы қайыр болмады.
Анатолий Шушомоин ауданымыздың әкімі қызметін атқарған кезде ауылдағы мектебіміздің аумағында хоккей қорапшасы салынды, қар түсіп, күн суыта су құйылды. Мектеп оқушыларына жасалған бұл жақсы іс еді. Олар коньки теуіп, хоккей ойнап, бос уақыттарын пайдалы өткізетін. Алғашында әп-әдемі пайдаланылған қорапшаға қыс келе бір жылы су құйылса, бір жылы құйылмайтын болды. Мектеп директоры Жылқыбай Сүлейменовпен сөйлескенімде ол бар кінәні серіктестік директоры Владимир Зиминге аударды. Ал, Зимин болса, мектеп директорын кінәлайды. Не қылған текетірес екенін түсінбейсің. Бір қызығы, мұндай ойын орны жарықтандырылуы керек, ал ол жерде жарық жанбайды.
Жалпы, ауылда электр жарығына байланысты жағдай да көңіл көншітпейді. Бұдан 5-6 жыл бұрын Астана-Петропавл тасжолы бойына бағаналар орнатылып, жарық тартылып, оларда жиырма шақты электр шамы жанатын. Сол кезде жарық ауылдың көшелеріне де тартылды. Ал биыл жол салушылар бағаналарды шамдармен қоса алып тастады.
Мұның өзі ересек адамдарды айтпағанның өзінде, таңертең ертелете мектепке баратын оқушы балаларға қиын соғып тұр. Қараңғы түсе ой-шұқыры көп көшелермен жүріп-тұру үлкенге де, кішіге де оңай емес. Жарықтың не себепті жоқ екендігіне басшылар тарапынан берілетін жауап қашанда дайын. Оның шығынын мойнына алатын адам жоқ.
Көрші ауылдарға келсек, жағдай басқаша. Мәселен, Аралағаш ауылының көшелерінен жарық үзілмейді. Полтавка ауылында қоғамдық монша тоқтаусыз жұмыс істеуде. Власовка, Черкасс ауылдарында жасалған хоккей қорапшаларында қыс түссе болғаны – түрлі жаттығулар мен жарыстар жүйелі өтіп жатады.
Ал біздің ауылға келсек, басшымыз дегендер қолдағы бар нәрсені ұқсата алмай отыр. Монша бар, бірақ ол дұрыс жұмыс істемейді. Бағаналар басына шамдар орнатылған, бірақ олар жанбайды. Хоккей қорапшасы бар, бірақ оған су құйылып, қатырылмайды. “Неге?” деген сұраққа бір дұрыс жауап табылар деген үміттеміз.
Сағындық НҰРЫШЕВ,
зейнеткер.
Аққайың ауданы,
Астраханка ауылы.