Облысымыздың құрметті азаматы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов бір кездескенімізде: «Самрат, есімі аталмай кеткен Октябрь Әлібек деген азамат болған-ды. Мүмкіндік туып жатса, қаламгер атаңның атын асқақтатып, жерлестеріміздің есіне салып қойсаң, сауапты іс тындырар едің», – деп бағыт сілтеген еді. Сұрастыра келе, қала іргесіндегі Қызылжар ауданы, Бескөл ауылында тұратын Теңдік деген қарындасының баласы Дулат Наурызбаевты тауып, одан жақсының жарымен кездестіруді өтіндім. Бір ауыз сөзімді жерде қалдырмай, Астана қаласына алып барды.
Бес жүз шақырымды артқа тастап, көліктен түскенімде «Бұл үйде 1979-2010 жылдары белгілі журналист-публицист, қазақ баспасөзінің ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы редакторы, бас редакторы Октябрь Қайырұлы Әлібек тұрған» деген мемориалды тақта көзіме оттай басылды. Басымды сәл көтергенде Қызылжардан іздеп келген жерлестерін тағатсыздана күтіп, терезеден қарап тұрған жақсының жарын көзім шалды.
Әңгімесін өзін іздеген «Soltüstık Qazaqstan» газетінің ұжымына алғыс айтумен бастаған Рахия Нысанқызы бір сәт үнсіз отырып қалды. Октябрь Қайырұлымен өткізген қырық сегіз жыл, тоғыз айды бір сәтте ой елегінен өткізу мүмкін емес қой. Асықтырмадым, күттім.
– 1956 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне филология факультетіне оқуға түстік. Ол мектепті алтын медальмен бітіріп келгендіктен бірден қабылданды. Ал мен журналистикаға түсу үшін емтихан тапсырдым. Ол бір жылдан кейін біздің мамандыққа ауысып келді. Бір топта 25 студент болды, оның бесеуі – қыз. Мен алғашқы үш жыл апа-жездемнің үйінде тұрып оқыдым. Кейін олар Орал қаласына көшіп кеткеннен кейін жатақханаға орналастым. Осы кезде жігіттер үйленіп, қыздар тұрмысқа шыға бастады. Біз де соңғы бесінші курстың аяқ кезінде көңіліміз жарасып, бас қостық. Оқуымызды ойдағыдай тамамдағаннан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласына келіп, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналастық. Редакцияға бірден төрт журналист – Мәди Хасенов, Жұмамұрат Тұяқбаев және екеуіміз келдік. Газет редакторы Уәра Нұрсейітов жақсы қабылдады. Сол жылдары журналистика саласында қыз-келіншектер өте аз болатын. Ал бұл редакцияда мүлде жоқ екен. Тіпті ерлі-зайыпты журналистер де болмаған, – деді Рахия Нысанқызы.
Кез келген ұжым екінші үйіңе айналып, естен кетпес естеліктер сыйлайды ғой. Жас жұбайлар редакцияның партия, комсомол, кәсіподақ, ұйымдарының, журналистер одағының жұмыстарына белсене араласты. Қандай да бір мерекелер, туған күндер, үйлену тойлары болса, өмірге сәби келсе, адам баласын бақытқа кенелтер қуаныштардың басы-қасында бірге жүріпті. «Әнші, күйші, биші дегендер өз арамыздан табылатын. Октябрь күйді өте шебер тартатын. Мектепте жүргенде, одан кейін университеттің домбыра оркестріне қатысқан. «Біздің Өкең Рахия апайды қырық күй тартып өзіне қаратып алған», – деп марқұм Жомарт ініміз қалжыңдап отырушы еді. Осылай біз әдеби қызметкерліктен бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін журналистиканың барлық сатысынан өттік», – дейді жақсының жары.
Өкеңнің әкесі Қайыр соғысқа аттанып, жат жерден топырақ бұйырған. Анасы Шәрипа қырық төрт жасында үш баламен жесір қалған. Октябрь Қайырұлы оқу бітіріп келгеннен кейін анасын қолына көшіріп алады. Анасы бауырына алған Қымбат деген үлкен әпкесінің төрт жарым жастағы баласы Болатты да бірге ала келеді. Жиенін тұңғышындай тәрбиелеп, өсіреді. Ақмарал, Ботагөз, Лейла есімді қыздары мен кенже ұлы Қанат дүниеге келеді. «Енеммен бір шаңырақ астында қырық жыл бірге тұрдым. Өз қызындай көрді. Анамыздың арқасында балалардың бейнетін көргенім жоқ, жұмыстан да қалмадым. Тұрмыстық жағдайымыз да біртіндеп жақсара бастады. Жұмысқа алғаш келген кезде бір бөлмелі пәтер жалдап тұрған едік. Артынан өмірге балалар келіп, отбасымыз үлкейген сайын үйіміз де кеңейді. Әуелі екі бөлмелі, одан үш бөлмелі үйге қол жеткіздік. Октябрь газеттің бас редакторы болып тағайындалғаннан кейін бес бөлмелі үйге кірдік», – деді жақсының жары Рахия Нысанқызы.
Тың өлкесі таратылған соң газеттің де аты өзгеріп, «Коммунизм нұры», одан «Арқа ажары» деп аталды. Алғашқы редакторы Уәра Нұрсейітов, кейінгі редакторлары Сафаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағамбетов, Ыбрайым Қапаров, Әмір Нүркішев ағаларының алдынан тәлім- тәрбие, үлгі-өнеге алған жұптың еңбектері жанып, дәрежесі өсіп, марапаттардан кенде болмады. Рахия апамыз «СССР баспасөзінің үздік қызметкері» атағына ие болып, КСРО Журналистер одағының төртінші, Қазақстан Журналистер одағының бесінші съездеріне делегат болып қатысты. Ұзақ жылдар бойы пленум мүшесі болды. Ал Октябрь Қайырұлы «Арқа ажарының» алтыншы бас редакторы болып бекітіліп, оны зейнеткерлікке шыққанша, яғни он алты жыл басқарды. Талай шәкірт тәрбиелеп, газеттің заман талабына сай шығуына атсалысып, жұмыстан тыс уақытта әріптестерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қадағалап, қолдан келген көмегін аямады. Басшының жары болу да оңай емес. Бірақ қызметіне еш араласпапты. Керісінше өзіне артылған жауапкершіліктің салмағы зілдей ауыр екенін сезініп, берілген тапсырманы жоғары деңгейде орындаған.
– Өкең жұмыстың адамы еді. Отбасымыздың шаруасына аса араласа қойған жоқ. Тіпті қыздарының қай сыныпта оқитынын да білмейтін. Бір күні Ботагөздің мұғалімі «Әке-шешеңнің қайсысы коммунист, сол жиналысқа қатыссын», – деп айтып жіберіпті. Содан Өкең жиналысқа кетті. Сәлден соң «Ботагөз қай сыныпта оқушы еді?» – деп хабарласып тұр. Балаларға дауыс көтерген емес. Бірақ балалар сабақ оқымаса, не болмаса ескертуіме құлақ аспаса, «Әкеңе айтамын» деп қорқытатынмын. Осы сөздің мысы басатын, – деді Рахия Нысанқызы.
Бұл отбасы өз туыстарына ғана емес, жерлестерінің де атбасын бұратын тұрағы болды. «Октябрьдің үйі қайда?» деп іздегендерге есігі айқара ашық. Үйдегі қарт ана ауылдың атын естісе болды, «Есікті ашыңдар, шай қойыңдар», – деп келініне бұйыра сөйлейтіні, «Өкеңнің пәтер паролі – «Орталық», – деп әзілдескен сәттері Рахия апамыздың әлі күнге дейін есінде. Олай әзілдейтін жөні бар. Октябрь Қайырұлы 1935 жылы Қорған облысы, Макушин ауданы, Пионер кеңшарында шаруа отбасында дүниеге келгенімен, балалық шағы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданындағы атамекені – Орталық ауылында өткен.
Елдің зиялы қауым өкілдерінің де Өкеңе деген ілтипаты ерекше болған. Қазақтың классик жазушылары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов, академик Евней Бөкетов, мемлекет қайраткері Ілияс Омаров, ғалым Зейнолла Қабдолов үйінен талай мәрте дәм татқан. Фариза Оңғарсынова, Кәкімбек Салықов, Әбіш Кекілбай, Еркеғали Рахмадиев журналистің баласы Қанатты көрсе: «Әй, Октябрьдің баласы» деп бірден таниды екен. Октябрь Әлібектің 2009 жылы Астана қаласында жарық көрген «Ғұмырдәйек» кітабындағы «Қарақожа», «Үкілі тақия», «Қараңғылық» әңгімелерін оқып, газеттің қара жұмысына жегілмегенінде көркем сөз шеберлерінің қатарынан көрінер еді деген ой келді.
Жерлесіміз ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып, өрісі кеңейе бергенде ауыр сырқатқа шалдығады. Өмір болған соң өлім бар. Қазақ руханиятына қызмет еткен журналистің жүрегі 75 жасқа қараған шақта – 2010 жылы тоқтады.
– Журналист десе, сөз шебері ғана ойға оралады ғой. Ал Өкеңнің қолынан келмейтіні жоқ еді. Үйдің жиһаздарын өзі істей беретін. Өз қолымен жасаған екі абдыраны көзімнің қарашығындай сақтап отырмын. Әкесі шебер адам болыпты. Жазуы да маржандай еді. Мектептің безендірілетін мерекелік плакаттарын Октябрьге жасататын. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматпен бірге ғұмыр кешкенімді басқа қонған бақ деп білемін», – дейді Рахия Нысанқызы.
«Артына өлмейтұғын із қалдырған» қаламгердің торқалы тоқсан жылдығы қарсаңында көңілден өшпейтін естеліктер жинағы оқырмандарға жол тартпақ. Адамгершілік тұлғасы өнеге болған азаматтың есімі ұмытылмауы тиіс. Астанаға сапар барсысында аттың басын Қызылжар топырағында өсіп-өнген ардақты азамат жерленген зиратқа бұрып, аруағына Құран бағыштадық.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».