«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТА БЕРІҢІЗ, АҚСАҚАЛ!

Бата – халқымыздың танымында ақ тілеудің белгісі ретінде кез келген жерде, кез келген орында айтыла бермейтін қасиетті сөз. Ең жақсы батаны жұрт “ақ бата” деп қастерлеп, үнемі жадында сақтап, жаттап жүретін болған. Батаның маңызы онда айтылған ақ тілектердің түгелі дерлік орындалып кетуінде емес, сөздің киесіне жан жүрегімен иланатын халқымыздың берік сенімінде жатқаны анық.

Еліміздің ел болып қалыптасуына, төл мәдениетіміздің төрге озып, дамуына атсалысқан қазақтың маңдайына біткен бірегей тұлғаларының көпшілігінің аузы дуалы, тілі шешен, пікірі пайымды, парасатты кісіден, ақсақалдан, елге сыйлы, құрметті жаннан бата сұрап барғанын тарихтан жақсы білеміз. Мысалға, әйгілі Сырым батыр бозбала шағында батасын алайын деп Бөкей биге барған. Төле би жас кезінде Әнет бабадан бата алған. Кейін өзі кемелденіп, тоқсанның төріне шыққанда Төле бидің үйінің де жастардан құрғамайтынын, алдына ақ тілек сұрап келгендерге “Қолдарыңды жайыңдар, Сұрасаң бата берейін!” деп еш тартынбастан тілек арнағандығын да жақсы білеміз. Бата алған сол жас балалардың да болашақта жаман болмағаны, дүйім жұртты аузына қаратқан айтулы азамат, жолдары ашық, күндері жарқын болатындығы да өткен тарихтан бізге жеткен ақиқат. Осындай, бүгінге үлгі болатындай мысалдардың бірін айтайық.  

От ауызды, орақ тілді шешен Жанқұтты Ботантайұлы он жеті жасында әкесінің айтуымен Сары елінің беделді биі Шабанбайға бата сұрап барады. Жанқұттының жасын сұрап білгеннен кейін:

– Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? – дейді.

Сонда Жанқұтты:

– Адал болсаң, судай бол,

Су арамды кетіреді.

Мықты болсаң, жердей бол,

Жер жаһанды көтереді, – деген екен. Жауабына риза болған Шабанбай би бала Жанқұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде:

Аллаңа жағам десең, азанды бол,

Ағайынға жағам десең, қазанды бол,

Халқыңа жағам десең, әділ бол.

Судай таза бол,

Жердей берік бол,

Өмірің ұзақ болсын,

Сөзің халқыңа куат болсын! –

деп батасын беріп, аттандырған екен. Шабанбай бидің батасын алған Жанқұттының да атақты шешенге айналуының астарында осы бір ұлағаттың қасиеті жатыр ма деп қаласың?!

Ертеде Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылым алқабына Үйсін мен Арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмайды. Көпшілікке еріп барған он бес жасар Төле бидің қара қылды қақ жарар әділдігіне сүйсінген төрде отырған би:

– Үй баласы ма деп едім,

Ел баласы екенсің.

Ай маңдайлы арысым,

Талабың алдан өтелетін.

Ауылыңның таңы бол,

Маңдайындағы бағы бол! – деп оған бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал, келіссөзге араласып, билік айта бастапты.

Содан болуы керек, қазақ атамыздың танымында “Батаменен ел көгереді, Жаңбырменен жер көгереді”, “Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас”, “Азасыз бата – мазасыз”, “Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді”, “Алтын алма, алғыс ал: алтын деген – жер сыйы, алғыс деген – ел сыйы”, “Бата бұзған барқадыр қалады”, “Баталы құлға бақ қонар”, “Бедеу мінсең бел аласың, алғыс алсаң көп жасайсың”, “Бота алғанша – бата ал” деген ғақлиялы ұғымдар берік сақталған.

Өкініштісі сол, кезінде жұрт қастерлейтін, киесінен қорқатын ақ батаның бүгінде салмағының жеңілдеп, терең мәнінің таязданып қалғанын күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Оған дәлел, жақында үйдегі екінші анама балайтын аяулы жаным – енем екеуміз қонаққа бардық. Жалғыз ұлының әскерден аман-есен оралғанына шүкірлігін айтып, Жаратқанға құрбандық шалған үйдің иесі жиналған қарақұрым кісіге құрақ ұшып, қызмет қылып жүр. Аман оралғанына қуана келген қонақтардың бірі ел қорғаушы жігіттің бетінен сүйсе, енді бірі сырт сымбатының өзгеріп кеткеніне таңданысын білдіріп жатты. Келгендер бусанып қою күрең шай ішкеннен кейін ортаға астау-астау ас та келді. Әр табаққа салынған еттің көлемі түйенің жартысындай, арасында соғымнан қалған жесең дәмі аузыңда отыз күн кетпей тұратын кесек-кесек қазы-қарта да, жал-жая да кездеседі. “Жалғызымның жолында – жаным садаға” дегендей, әке-шешесі барын салып дайындалғандары көрініп тұрды.

Содан дастарқанға дәм қайырар тұста төрдегі қаздай тізілген ақсақалдардың қалың қатарынан бата берер бір адам табылмай, бұл аз дегендей, көнекөз қарттардың бір-біріне сілтеп, дәм қайырудан қашқақтағандары, тіпті, ақыр- соңын әзілге айналдырғандары сол кештегі қызық-қуанышты жуып кеткендей болды. Ақсақалдардың бұл әрекеттеріне намыстанды ма, әлде үйдің иесін сыйлағандығы ма, әйтеуір, көпшіліктің арасынан жасы сексенді алқымдаған бір ақсақал суырылып шығып, түсініксіз бірдеңелерді айтқан болды. Бата деп ұғынғандары “әумин” деп жайған қос қолдарымен беттерін сипасып жатты.

Бұл – бір ғана мысал. Өзге де көптен көріспеген ағайын-жұрттың басын қосқан той-томалақтарда, жиындарда осындай шарасыздықтың жиі орын алып жататыны жасырын емес. Сонда көп жасаған көнекөз жандардың өрелі сөзге тосылып, қол жайған өрімдей жастарға жөні түзу бір бата бере алмағаны ма?

Көпті қаралаудан аулақпын. Тілінен ақ тілек ағызып, сөздің майын тамызып сөйлейтін ақсақалдардан да кенде емеспіз біз. Әйтсе де, әлгіндей оқиғалардың бүгінгі қоғамымызда орын алуы көңілімізге қаяу түсіріп, жігерімізді жасытпай қоймайды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp