Бата халқымыздың танымында ақ тілеудің белгісі саналады. Ел ішінде құрметке ие қарттар оны құрақ ұшып өсіп келе жатқан бөбектерге, жаңадан шаңырақ құрған отауға немесе жаңа түскен келінге арнап айтқанын көп кездестіреміз. Батаның маңызы онда айтылған ақ тілектердің түгел дерлік орындалып кетуінде емес, сөздің киесіне жан жүрегімен иланатын халқымыздың берік сенімінде жатқаны анық. Бата беру әдетте ауылдың абыз ақсақалдарымен қатар құдайы қонақтың да үлесіне тиген. Оқырман назарына ел аузынан жиналған баталарды ұсынуды жөн көрдік.
Отау иесіне арналған бата
Әуелі Құдай оңдасын,
Періштелер қолдасын.
Бақыт, дәулет, бақ пен мал,
Басыңа мәңгі орнасын.
Төрт құбылаң сай болсын.
Саған қастық ойлаған,
Ғұмырында оңбасын.
Ақылды бол, арлы бол.
Бақытты бол, малды бол.
Қатарыңның алды бол!
Әумин!
Бөбектерге бата
Көтерейік білекті,
Нұрға бөлеп жүректі.
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті.
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер-білімге икемді болсын.
Бәйтеректей бойшаңданып,
Өрен, өршіл, өркенді болсын.
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын.
Даналардың дәстүрін,
Жаңаласын, жалғасын.
Әумин!
Қыз балаға бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін.
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын.
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын.
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!
Қарияларға бата
Түндерің тыныш болсын,
Үйлеріңе ырыс толсын.
Келіндерің есті болсын,
Ұлдарың намысты болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелерің жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастарқандарың мол болсын.
Қатарларың көп болсын.
Уайым-қайғыларың жоқ
болсын.
Еліңде бірлік болсын,
Жарасты тірлік болсын!
Әумин!
Жинастырған Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші