«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАСЫ АРЗАН, САПАСЫ ЖОҒАРЫ

Өткен демалыс күндері Петропавл қаласында дәс­­түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті.

Облыс орталығындағы “Дария”, “Алтын Арман”, “Қызыл Жар – Ақбастау” және “Корона” сауда үйлерінің аумағында өткізілген жәрмеңкеде Айыртау, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Тайынша және Шал ақын аудандарынан жеткізілген ауыл ша­руашылығы өнімдері саудаланды. Әсіресе, ет, кондитерлік өнімдер мен шұжық, жарма түрлері, қымыз, бал, көкөніс пен картоп тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие болды.
Сондай-ақ, жәрмеңкеге қатысқан жиырмаға жуық жергілікті тауар өндіруші кәсіпорын қала тұрғындарына 20-дан астам өнім түрін ұсынды. Мәселен, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі, “Бескөл құс фабрикасы”, “Фирма Алекри”, “Петропавл бройлер құс фабрикасы”, “Фрегат” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Пальчик”, “Пилипушко” жеке кәсіпкерлігі, “Сұлтан” макарон фабрикасының өнімдеріне деген сұраныс жоғары болды.
Бұл жолы 6 млн. 340 мың теңгенің өнімі саудаға қойылды. Атап айтқанда, 2539 килограмм ет, 15200 жұмыртқа, 787 тонна сүт, 550 килограмм көкөніс, 460 килограмм бал және 200 килограмм картоп тұтынушыларға жол тартты. Жәрмеңкеде сатылған көкөністердің бағасы да халықтың көңілінен шықты. Мәселен, картоп, сәбіз, қызылша және қырыққабат – 80, сарымсақ – 90, сүт – 170, жұмыртқа – 200 теңгеден сатылса, сұйық май 365 теңгеге бағаланды. Ал сиыр етінің құны 1402, тауық етінің бір килограмы 1083 теңгені құрады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нарғыз Ақжігітованың айтуынша, 2019 жылы Петропавлда 196 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шараларда 278 млн. теңгенің өнімі саудаланды. Атап айтқанда, 105,9 тонна ет және 92 тонна сүт сатылды. Шаруалар тұрғындарға 13 млн. теңгенің жұмыртқасын, 3 млн. теңгенің көкөнісін және 1,5 млн. теңгенің картобын ұсынған.
Бұл жолғы дәстүрлі жәрмеңкеге қойылған экологиялық таза өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен болғандықтан, өнімдер толығымен сатылды.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Сурет https://pkzsk.info/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp