«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚ ПЕН БАПТАРЫ ОЗҒАНДАР

Биылғы оқу жылында төрт мыңға жуық солтүстікқазақстандық түлек білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен, алтын ұя мектептерімен қимай қоштасты. Олардың екі жарым мыңға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз білімдерін сарапқа салды. “Оқу инемен құдық қазғандай” дегендей, он бір жыл бойы ғылым маржанын біртіндеп терген шәкірттер ұстаздарының, ата-аналарының үкілеген үмітін ақтап, биік тұғырдан көрінуге тырысты. Облыс бойынша 37 “Алтын белгі” мен 23 үздік аттестат иегері өз білімдерін дәлелдеді. Ең жоғары нәтижеге 123 балл жинаған облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының түлегі Әсел Шарапова ие болды. Өткен жылы облыстағы ең жоғары көрсеткіш (120 балл) Сәбит Мұқанов атындағы жалпы білім беретін Тимирязев мектеп-гимназиясының түлегі Әлия Байжановаға тиесілі болған еді.

ҰБТ қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа ұпайы 77,88 құрап, өткен жылғы көрсеткішті қайталады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 356 түлек – 90-нан, 329 түлек 100-ден жоғары балл иеленді. Олардың 138-і – Петропавл қаласының, 44-і – дарынды балаларға мамандандырылған об-лыстық білім беру мекемелерінің, 22-сі – Қы-зылжар ауданының, 18-і – Уәлиханов, 16-сы Ғ.Мүсірепов атындағы аудан мектептерінің оқу-шыларына тиесілі. Сондай-ақ, Тайынша және Есіл аудандарының әрқайсысынан – он екіден, Айыртау, Аққайың, жамбылдықтардан он оқушыдан жүзден жоғары балға қол жеткізген. Орта мектептер арасында Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінің түлектері 103,75 балл жинаған. Бұл мектептен ҰБТ тапсырған төрт түлектің бірі “Алтын белгісін” дәлелдеген. Алайда, облыс бойынша 59 түлек 65 балл жинаса, 425-і ең төменгі шектік деңгейден өте алмаған.

“Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дегендей, Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша түлектері ең жоғары білім деңгейін көрсеткен облыстың үздік мектептері анықталды. Әдеттегідей, өңіріміз бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізгендер – облыстық дарынды балаларға мамандандырылған білім ошақтары. Олардың жалпы алғандағы орташа көрсеткіші 98,34 (өткен жылы 87,8) ұпайды құрады. Атап айтар болсақ, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты, Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицей, Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін бірінші лицей, “БЭСТ” гимназиясы, тағы басқалары оза шапты.

“Бақ шаба ма, бап шаба ма?” дегендей, аудандардың қорытындысы бойынша былтыр 83,54 (биыл 81,8) ұпаймен көш бастаған уәлихановтықтарды биыл Аққайың ауданы екінші сатыға ығыстырды. Аққайың ауданы былтыр 79,68 болса, биыл 84,3 ұпайға көтеріліп, алдынғы орынға жайғасты. Есесіне, Уәлиханов ауданының “Алтын белгіге” үміткер тоғыз оқушысының жетеуі білімдерінің тереңдігін дәлелдеп, петропавлдықтармен теңескен. Аққайың ауданының бес үміткерінің үшеуі “Алтын белгісін” растады. Сонымен қатар, соңғы екі жылда Тимирязев ауданының оқушылары да жақсы көрсеткішпен ерекшеленуде. Қызылжар және Мамлют аудандары да алғашқы бестіктен көрінді. Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Ақжар, Тайынша аудандары соңғы сатыларға жайғасқан.

Соңғы екі-үш жыл ішінде Уәлиханов ауданының көрсеткіші Петропавл қаласы мектептерімен текетіресте келеді. Биылғы жылы Уәлиханов ауданының көрсеткіші – 81,8 (өткен жылы 83,54) болса, Петропавл қаласында – 80,84 (2014 жылы 80,94).

Үстіміздегі жылы облыс бойынша “Алтын белгісін” дәлелдеген 37 түлектің 21-і, үздік аттестатқа қол жеткізгендердің сегізі – ауылдық оқушылар. Бұл ауыл мектептерінің деңгейі қалалықтардікінен кем еместігінің айғағы болса керек.

Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық білім беру мекемелерінен он сегіз түлек “Алтын белгіге” үміткер болса, оның тоғызы білімін дәлелдеген. Соның ішінде бесеуі – облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатынан, екеуі – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатынан.

Халықаралық конкурстар мен пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар сайыстарына қатысып, 74 солтүстікқазақстандық жүлделі орындарға ие болды. Соның жиырмасы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатынан болса, тағы соншасы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатынан екен. Халықаралық деңгейден көрінгендер арасында Петропавл қазақ мектеп-гимназиясы (8), Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейі (7), Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп (6), әл-Фараби мектеп-лицейінің (4) оқушылары бар. Сондай-ақ, Есіл ауданындағы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінен (2), Петропавл қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектептен, қалалық классикалық гимназиядан, Сергеевка қаласындағы Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин атындағы орта мектеп пен сондағы қазақ орта мектебінен, Бескөл орта мектеп-гимназиясынан бір-бір түлектен халықаралық деңгейден көрініп, жүлдегер атанған.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp