1 маусымда бүкіл әлем Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеді. Биылғы жылы елімізде бұл мереке “Біз – сенің ұландарыңызбыз, Қазақстан. Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!” ұранымен өтуде. Аталмыш мейрам 1949 жылы Мәскеу қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясында жарияланып, 1959 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы балалар құқығы декларациясын қабылдады.
Балалар құқығын қорғау декларациясының міндеттері балалардың аты-жөнге, азаматтыққа, әлеуметтік қамсыздандырудың мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға, қатыгездік пен қанаудың барлық түрлерінен сақтандыруды қарастырады. Балалар ынтымақ, халықтар арасындағы достық, бейбітшілік негізінде тәрбиеленуі керек. Декларацияның мазмұнында адамзаттың балалардың рухани және физикалық тұрғыда жетілуіне барынша жағдай жасалуы тиіс екендігі айтылған.
Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің мұрындық болуымен облысымызда Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай онкүндік өткізу жоспарланған. Оның аясында балаларға арналған түрлі іс-шаралар, байқаулар мен қайырымдылық жобалары қолға алынбақ. Мұндай акциялар мемлекеттік, қоғамдық құрылымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарын балалар мен жасөспірімдердің мүддесін қорғауға жұмылдыра түседі.
Жылына бір рет аталып өтетін аталмыш мейрам қарсаңында қайырымдылық іс-шаралары өткізілмек. Бұл күні кәмелет жасына толмағандар қалалық қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мұражайларға тегін кіріп, сондай-ақ, оларға мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондарды жаз бойы тегін пайдалануына мүмкіндік беретін билеттер үлестіріледі.
Алайда, сән-салтанат пен жаппай қуанышқа қарамастан, біздің елімізде де қолдау мен қорғауды күтетін қорғансыз балалар көп екендігін ұмытпау керек. Өкінішке қарай, еліміздің кішкентай тұрғындарының барлығы да бұл салтанатты күні күлкі мен қуанышқа бөлене алмайды.
Статистикаға сүйенер болсақ, Азия, Африка, Латын Америкасындағы кейбір елдерде күн сайын 80 мың бала аштық пен судың тапшылығынан көз жұмса, 40 мыңы медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің жоқтығынан жапа шегуде. Олар сауатсыздыққа душар болып, бір тілім нан үшін күнделікті аса ауыр жұмыс істеуге мәжбүр. Түрлі аурулар, жазатайым жағдайлар мен ересектердің зорлық-зомбылығына, кей уақытта ата-аналарының қатыгездігіне көндігуге тура келеді.
Жер бетінде бақытты балалық шақтан кедей мемлекеттердің балалары ғана шет қалып отыр деу жаңсақ пікір. Махаббат пен қамқорлықтан айрылған балалар өз ортамымызда да өсіп келеді. Бір мезет айналаға зер салып, қасыңнан өтіп бара жатқан баланың көзіне мұқият қарап, оның бойын билеген қорқыныш пен үрейді көрудің өзі жеткілікті. Жылы сөзбен, жымиюдың өзі баланы қуанышқа бөлейтіндігін ұмытпаған жөн. Сондықтан да Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерге, мүмкіндігі шектеулі жарымжан жандар мен аз қамтылған отбасылардағы балаларға арнап қайырымдылық шараларын ұйымдастыру үлкен маңызға ие.
Өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігінің жанынан бала еңбегінің аса ауыр түрлерін жою жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Облыста оқушыларды оқу бағдарламасында ескерілмеген жұмысқа тартуға жол бермеу жөнінде оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар арасында ақпараттық және алдын алу түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай іс-шаралардың мақсаты оқушыларға бала еңбегін қанау мен оның түрлері және осы саладағы заңнамалық актілермен таныстыру болып табылады.
Жыл сайын 12 маусым – Бүкіл дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес күні қарсаңында “Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн” атты ұлттық ақпараттық науқан өткізіледі. Оның мақсаты экономикалық, психологиялық, жыныстық қанау және адамның негізгі құқығын бұзудан сақтау, балалардың құқығына көңіл аударту болып табылады. Өткен жылы өңірімізде бұл акцияның аясында түрлі тексеріс іс-шаралары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде облыста 2012 жылы заңды тұлғаның бала еңбегін қанағандығы, басқа да кемшіліктер анықталды. 2013 жылы 1576 рейд жүргізілді. Онда бала еңбегін қанаудың оқиғалары тіркелмеген.
Балалар құқығын таптау, оларға қатыгездік танытып, әлімжеттік көрсетудің алдын алу, болдырмау және анықтау жұмыстарын облыстық Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқарма ішкі істер органдарымен, облыстық Білім, Денсаулық сақтау басқармаларымен, ата-аналармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқаруда. Өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға тәжірибелік көмек көрсетіп, консультациялық жұмыс жүргізу мақсатында басқармада сенім телефоны (50-34-90) мен жуық арада іске қосылатын uzpd@sko.kz мекенжайы бойынша электронды пошта жұмыс істейді.
Тотыкамал ҚҰЛЖАНОВА,
облыстық Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқарманың басшысы.