«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕКЗАТ БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ЕДІ

Топырағы құнарлы Қызылжар өңірінен есімдері елге белгілі небір тұлғалар түлеп ұшқан. Солардың қатарында жаны жайсаң, жүрегі мейірімге толы, бекзат болмысты ардақтыларымыздың бірі – Мәркен Ахметбекұлының есімі айрықша мақтанышпен аталады.

Оның кіндік қаны тамған, туып-өскен мекені –Шал ақын ауданына қарасты Қаратал ауылы. Балалық шағы зұлмат соғыспен тұспа-тұс келген ойын баласы бұғанасы қатпай жатып еркеліктен гөрі тағдырдың маңдайға жазған қиындық-несібесін көбірек татты, қатарынан ерте есейді. Ел-жұртқа сыйлы да беделді әкесі ұжымшар басқарып жүрген жерінен қолына қару алып, оттай жанып, шоқтай қызып тұрған қан майданға аттанғанда ол тілі былдырлаған, әке бейнесі есінде жоқ екі жастағы сәби-тұғын. Жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқаны жайлы суық хабар жан жары Зейнидің қабырғасын қатты қайыстырды. Ертелі-кеш жұмыста жүрсе де, әз-ана үш құлыншағын қатарынан қалдырмай, қанаттыға қақтырмай өсіріп, қызықтарын енді көремін деген шағында – 1961 жылы ауыр науқастан көз жұмды. Әке қанымен, шеше сүтімен тұла бойына дарыған еңбекқорлық, білімге құштарлық, мақсаткерлік, жігерлілік аға-апасы сияқты Мәркенге де тән қасиет болатын. Ленин атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіргеннен кейін жоғары білім аламын деген асыл арманы ақбас Алатаудың баурайында орналасқан жастар қаласы – Алматыға жетелеп әкелді. Еңселі оқу орнын аяқтап, кілең «бестік» баға тізілген диплом қолға тиісімен қуанышы қойнына сыймай туған жерге құсша ұшты. Бұла күші бойында жалындап тұрған жас Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти тутының облыстық филиалына кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, өзін тек жақсы қырынан көрсете білді. Табандылығы мен ұйымдастырушылық қарым-қабілеті бағаланып, жауапты қызметтерге жоғарылатылды. 1970 жылы «Ступинский» кеңшары құрылғанда аудан басшылығының таңдауы жауапкершілік салмағын сезіне білетін, шаруаға тиянақты орда бұзар жастағы Мәркенге түсті. Ол шаруашылықтың алғаш қазығы қағылған күннен бастап уақытпен санаспай, асқан қажырлылықпен еңбек етіп, өзгелерді де ортақ іске жұмылдыра біліп, облыс бойынша озаттар қатарына қосты. Биік белестің жетістігі ретінде кеудесіне тұңғыш марапаты – Еңбек Қызыл Ту ордені тағылды. Бескөл аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы сияқты партиялық-кеңестік лауазымдардың барлық баспалдағынан өтіп, тәжірибесі толысып, кәсіби жағынан шыңдалды. Мәскеудегі СОКП орталық комитетінің қоғамдық ғылымдар академиясын тамамдаған соң үлкен сенім көрсетіліп, бұрынғы Сергеев аудандық партия комитетіне жетекшілік етуге жіберілді. Қай салада жүрсе де, адамгершілік асыл қасиеттерінен айнымады, болдым-толдым демеді, үнемі ізденісте, кемелдену жолында жүрді. Ауылда қызмет атқарған елеулі қезеңдерінің, қимас сәттерінің бірі – Петропавл медицина училищесінің түлегі Күләшті кездестіріп, көңілдері жарасқан жұптың отау құруы еді. Ленин мектебінде басталған таныстықтарының соңы шаңырақ отын жағуға ұласып, ұлттық тәлім- тәрбие алып өскен үйелменді- сүйелменді ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапты.

Елуге тола қоймаған атпал азаматтың 1989 жылы облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына сайлануы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болуы, «Құрмет Белгісі», екінші рет Еңбек Қызыл ту ордендерімен марапатталуы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырындағы ең кемелденген қайраткерлік қарымын айғақтайды. Бағы мен бабы қатар көрініп, жарқырай жанған 53 жасында фәниден аққан жұлдыздай өте шығуы отбасына, қалың ормандай ағайын-туыстарға, дос-жарандар мен ол кісіні жақсы білетін, ерекше құрметтейтін солтүстікқазақстандықтарға өте ауыр тиді. Сыршыл ақын Кәкімбек Салықов «Жылап жатыр бүгін менің ауылым, Мұң шалып тұр жалғыз таудың сауырын. Есіл, Көкше өңірінде ардақты, Көзін жұмды інім, досым, бауырым», – деп аза тұтса, «Оның облыста танылуына іскерлігі мен адамгершілік қасиеттері, кішіпейілдігі мен мамандығын жете меңгеруі, үлкен азаматтығы себеп болды» (Ж.Ысқақов), «Мәркен халық алдындағы борышын сонау қыспағы мол, тежеулі заманда барынша атқарып, бүгінде ел жадындағы есімдер қатарында» (А.Қошанов), «Оған қызметтің қай учаскесі тапсырылса да, қара нардай қайыспай көтеріп, қадамын нық басты, жүзі жарқырап, жұртқа жақын жүрді» (Қ.Қалиев) деген ұлағатты сөздер тірі болса, биыл 85 жастың сеңгіріне көтерілетін марқұмның азаматтық, іскерлік, патриоттық тұлғасын асқақтата түседі.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген рас. Ыбыраев ауылындағы мектепке, Сергеевка қаласындағы көшеге есімінің берілуі – соның айқын мысалы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp