«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕРІ МОЛ БАҒДАРЛАМА

Мұғалімдер мен дәрігерлердің, ауыл шаруашылығы мамандарының тапшылығын сезініп отырған ауылға жастарды тартуға бағытталған “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы өз нәтижесін беруде. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен жастар слетіне қатысушылар осылай деді.

Үш жүзге жуық студент, жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан жиында сөз алған “Жас Отан” жастар қанаты “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы Абылайхан Қайроллаев бағдарламаның өңірімізде жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Одан кейін аталмыш бағдарламаның игілігін көріп отырған жас мамандар сөз алып, өңір өрендерінің жолдаған сауалдарына жауап берді.

Астана қаласындағы медициналық университеттің түлегі, бүгінде Қызылжар аудандық орталық емханасының кардиологдәрігері Хеда Авхатова қызмет жолын ауылды жерде бастағанына ризашылығын білдіретіндігін, елді мекенде тәжірибе жинаудың маңыздылығын айтты.

Аққайың аудандық ветеринарлық станциясында мал дәрігері болып жұмысқа орналасқан Самат Әлімбаев:

– Мен Есіл ауданындағы Ж. Қизатов атындағы колледжді бітірдім. Үкіметтен үстемеақысыз берілген несиеге үй алып, көтерме жәрдемақыға да ие болдым. Жұмыс істеп, ауылды дамытуға атсалысамын дейтін жастарға мемлекет тарапынан қолдау жетерлік. Тек олар айқын мақсат қойып, алға ұмтылса болғаны, – деді.

Шара соңында дипломмен ауылға барып, еңбек жолын бастағысы келіп жүрген IV курс студенттерінің ой-пікірлері тыңдалды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp