Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барып, Астрахань қаласында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының ІV саммитіне қатысты.
Ерекше географиялық жағдайда орналасқан Каспий – оның жағасын қоныстанған қай ел үшін де үлкен қазына. Себебі, Каспий өңірінің географиялық жағдайы ерекше, сонымен қоса ол энергетикалық шикізат пен биологиялық ресурстардың мол қоры болып табылады. Осыған орай қойнауы байлыққа толы Каспий жағасына жайғасқан бес мемлекеттің жалпы экономикалық-әлеуметтік тіршілігінде айрықша рөл ойнайды. Бұл елдер үшін Каспий өңірін мүддеге сай игеріп қана қою емес, оның табиғи байлықтарының сақталуы, экологиялық қауіпсіздігі мен жалпы тұрақтылығы да аса маңызды мәселе. Осы себепті де Каспий мәртебесіне қатысты проблемалар, негізінен, кешенді, көп қырлы сипатта. Оның ішінде құқықтық мәртебесін анықтау жайы қаншама жылдан бері басты назарда болып келеді. Алайда, Каспий жағалауы мемлекеттерінің теңіздегі ынтымақтастығы бекем екендігіне қарамастан, ортадағы бір теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау ісінде әлі ортақ мәмілеге келе алған жоқ. Жаңа құқықтық мәртебе беру бойынша келіссөздер үдерісі бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Міне, төртінші саммит те осы мәселелерді кеңінен талқылауды мақсат тұтты.
Жағалық шекарамыздың екі мың үш жүзден астам шақырымын алып жатқан Каспий өзгелерден гөрі біздің елмен молырақ шектеседі. Сосын да болар, сайып келгенде қалай айтсақ та, бұл теңіз – Қазақстан үшін көз қуанышы, көңіл жұбанышы, экономикасының бір тірегі. Ол бәрімізге белгілі аты аңызға айналған бекіре уылдырығымен, қара алтынымен танымал. Сондықтан да болар, Каспийге қатысты мәселеге күллі Қазақ елі бейжай қарай алмайды.
Шағын құрамдағы кездесу аяқталған соң бес ел президенттері кең құрамдағы кездесуге ойысты. Онда мемлекеттер басшылары кезектесе сөз сөйлеп, Каспийге қатысты мәселелерді жан-жақты талқылады. Айталық, Каспий теңізін бірлесіп басқару, су айдынында заманауи құқықтық режім қалыптастыру, оның бірегей табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын сақтау мәселелері қаралды. Өз мемлекеттері ұстанымдарын ортаға салып, ұсыныстарын жариялады. Кең құрамдағы келелі кездесуде сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде тараптардың келіссөздер үдерісінде 2010 жылғы Баку кездесуінен бері айтарлықтай ілгерілегеніне тоқталды.
– Осынша күрделі тақырыпты талқылау достық, өзара түсіністік пен серіктестік ауанында өтіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын біз қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға осылай жеткен едік. Бұл біздің елдеріміздің Каспий теңізіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылын кеңейтуге берік негіз қалады, – деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев гидрометеорология, биоресурстарды қорғау және төтенше жағдайларға әрекет ету саласында келісімге қол қою жоспарланғанын айтты.
– Біз, сондай-ақ, саяси мәлімдеме қабылдаймыз, ол таяу болашақтағы келіссөздер үшін жолбасшы болуы тиіс. Бұл мәлімдемеде біз маңызды қағидаттарды бекітеміз. Ол біздің жұмысымыздың басты мақсатына жетуге – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюға бағытталған. Таяу уақыттарда осы құжатты қабылдайтынымызға және Каспий өңіріндегі ынтымақтастықты тереңдету үшін берік құқықтық іргетас қалайтынымызға үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, “Каспий бестігінің” жалпы ауаны сындарлылығымен әрі мәмілеге келуге дайындығымен сипатталатынына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев тараптар Каспий теңізінің әділ құқықтық режімін орнатуға таяу екенін атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерімен серіктестікке байланысты мүмкіндіктер жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Бұл реттегі ынтымақтастықтың ауқымды бөлігін сауда-экономикалық байланыстар құрауы тиіс.
– Біз Каспий өңіріндегі елдердің іскер топтарының саммит қарсаңындағы форумын қостаймыз. Мұндай алаң бизнес өкілдері арасында өзара тиімді экономикалық байланыстар орнатудың бір пішіні болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы елдердің экономикаларын әлемдік нарықтың, қазіргі жағдайын ескере отырып, жақындастыру жолдарын қарастыру мүмкіндігіне назар аударды.
– Экономикалық өзара іс-қимылдарға Каспийдің құқықтық мәртебесін реттегенге дейін де негіз қалауға болады. “Каспий еркін сауда аймағын” құру туралы ұсынысты қарастыруды ұсынамын. Бұл біздің елдеріміздің Үкіметтері деңгейінде нақты талқыланатын мәселелердің алғашқысы бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бұдан әрі Каспий теңізінен өзге теңіздерге, Әлемдік мұхитқа және кері қарай жалпыға мойындалған нормалар мен халықаралық қағидаттар негізінде еркін шығу туралы қағидаттарды келісімдеу саммиттің маңызды жетістігі болғандығына да тоқталды.
– Бүгінгі таңда Қазақстанда транзиттік бағыттардың “Солтүстік – Оңтүстік”, ТРАСЕКА, “Ляньюнгань порты – Қорғас – Ақтау порты” секілді дамыған желісі бар. “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автокөлік дәлізінің құрылысы аяқталуға таяды. Биыл Қазақстан Түрікменстан және Иранмен арадағы темір жолды түпкілікті түйістіруге ниетті. Біз Қазақстанның аумағын ірі еуразиялық іскерлік және транзиттік хабқа айналдыру үшін қажетті барлық жағдайды жасаудамыз, – деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан арқылы ашылған маршруттарды назарға ала отырып, біздің еліміз оларды Каспий маңы мемлекеттерінің тауарларын басқа елдердің нарығына, бірінші кезекте Қытайға жеткізу үшін транзиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынатынын айтты.
Осы мақсатта біздің елдеріміздің үкіметтері үкіметаралық келісімдер бекіту мүмкіндігін қарастыра алады. Біздің көзқарасымыз бойынша бұл барлық тараптар үшін де өзара тиімді, деп атап көрсетті Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Каспийдің өндірістік жағынан игерілуі экологиялық теңдікті сақтау мәселесін жандандыра түсетінін де мәлімдеді.
– Біздің міндетіміздің маңыздылығы теңізді бөлуде ғана емес, оның бірегей экологиялық жүйесін де сақтауда жатыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Бүгінгі таңда экологиялық қауіпсіздікті сақтау саласы бойынша келісімшарттық әрі құқықтық база жасақталды. Каспий теңізінің қоршаған ортасын сақтау жөнінде негіздемелік конвенцияның бірқатар хаттамаларына қол қойылды. Бұл үдерісті дамыту үшін бекіре тұқымдас балықтарды аулауға салынған тыйымның сақталуын бақылау тетігін әзірлеу қажет. Осы орайда біз “Каспий бестігі” әзірлейтін браконьерлікке тосқауыл қою жөніндегі бірлескен шешімге баса маңыз береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы, сондай-ақ, Каспий маңы елдерінің туристік инфрақұрылымдары каспийлік туризмді ұйымдастыруға жақсы мүмкіндіктер ашатынын, сондықтан үкіметтерге ынтымақтастықтың осы бағытын жете зерделеу керектігін айтты. Елдердің қарым-қатынасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша маңыз берілетінін де атап көрсетті.
Теңіз құрлықтарды бөлгенімен, халықтарды қосады. Осы даналық елдеріміздің арасында мыңдаған жылдар бойы орныққан қарым-қатынастың сипатын көрсетеді. Бүгін Астраханьда жастар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсетін Каспий жастар саммиті өтіп жатыр. Бұл идея – жақсы бастама, оны қостау керек, деді. Болып өткен келіссөздер Каспий маңы елдерінің өзара тату қарым-қатынасының айғағы екенін атап өтті.
– Астрахань кездесуінің қорытындысы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға лайықты үлес қосатынына сенімдімін. Бұл үшін барлық алғышарттар мен ерік-жігер жеткілікті. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана халықтарымыз бен елдеріміздің игілігі үшін қажетті нәтижелерге жете аламыз, – деп түйді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
Саммит соңында бес мемлекеттің басшылары қатысқан қорытынды баспасөз мәслихаты өтті. Онда Қазақстан Президенті Астраханьдағы Каспий маңы елдері басшыларының IV саммитінің қорытындысы нәтижелі екенін айтты.
– Бүкіл Каспий маңы өңірі екпінді дамып келеді және ондағы энергия көздері мен биологиялық ресурстарға орай оған ауған әлем назары да ұлғая түсті. Бүгінгі саммит Каспий маңы мемлекеттерінің барлық күрделі мәселелерін шешуге деген ниетін тағы да байқатты. Біз осындай келесі шара Қазақстанда өтеді деп шештік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Астраханьдағы саммит қорытындысын нағыз ілгері ұмтылыс деп атады.
Динара БІТІКОВА.
(“Егемен Қазақстан”,
2014 жылғы 1 қазан.
Ықшамдалып алынды).