Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, “Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы”, “2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңдардың жобалары, сондай-ақ, “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021 жылға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы” Президент Жарлығының жобасы қаралды. Осы мәселелер бойынша Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.
ІЖӨ өсімі 2,8 пайыз болады
Ұлттық экономика министрі Руслан Дəленов еліміздің 2021-2025 жылдарға арналған əлеуметтік-экономикалық даму болжамы əлемдегі жағдайды ескере отырып əзірленгенін айтты. Коронавирус пандемиясы аясында биыл əлемдік экономика 4,9 %-ға төмендеп, 2021 жылы 5,4%-ға дейін өседі деп күтілуде. Əлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер баяулады. Халықаралық қаржы ұйымдарының 2021-2022 жылдарға арналған мұнай бағасына консенсус-болжамы барреліне 45 жəне 55 долларды құрайды.
Министрдің айтуынша, еліміздің экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер оң бағалауда. Moody’s жəне FitchRatings рейтингтік агенттіктері Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады. Ведомство басшысы атап өткендей, сыртқы жəне ішкі жағдайларды ескере отырып, экономиканы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған үш ықтимал сценарийі əзірленді. Бұл – базалық, оптимистік жəне пессимистік сценарийі. “Консервативті тəсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады”, – деді Р.Дəленов. Базалық сценарийде ішкі өнімнің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6%-ға жетеді. Атаулы ІЖӨ 2021 жылы 76,7 трлн. теңгені, ал 2025 жылы 104,8 трлн. теңгені құрайды. Мұнай өндіру 2021 жылы 86 млн. тонна болса, 2025 жылы 100,7 млн. тоннаға дейін артады. Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде.
Аталған макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 6 926 млрд. теңгені, 2022 жылы 8 566. млрд теңгені, 2023 жылы 9 217 млрд. теңгені құрайды деп болжануда. Осыған орай Р.Дəленов кепілді трансфертті 2021 жылы – 2 700 млрд. теңге, 2022 жылы – 2 400 млрд. теңге, 2023 жылы – 2 200 млрд. теңге мөлшерінде айқындауды ұсынды. “Кепілдендірілген трансфертті əлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылады. Тиісінше даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн. теңге нысаналы трансфертті тарту ұсынылады” деді министр.
Кіріс біртіндеп артады
“2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң жобасы туралы баяндаған Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың айтуынша, келер жылы түсім 11,4 трлн. теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджеттің кірісі (трансферттерді есептемегенде) 2021 жылы 6,9 трлн. теңгені, 2022 жылы 8,6 трлн. теңгені, 2023 жылы 9,2 трлн. теңгені құрайды. Ол корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы жəне шикі мұнайдың экспорттық кедендік бажы есебінен ұлғаюға тиіс. Бюджет тапшылығы 2021 жылы ІЖӨ-нің 3,4%-ына тең болса, 2023 жылы кезең-кезеңмен ІЖӨ-нің 2,1%-на дейін төмендейді.
Министрдің айтуынша, шығыстар 2021 жылы 14 трлн. теңге болады. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылы 13,1 трлн. теңге деңгейінде анықталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 900 млрд. теңге сомасына жоспарланып отыр. Е.Жамаубаев атап өткендей, жобада бюджеттің əлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы əлеуметтік саланың үлесі 50,4%-ға тең. Осылайша, əлеуметтік салаға келер жылы биылғымен салыстырғанда 454 млрд. теңгеге өсіммен 7 трлн. теңге деп жоспарланды. Жыл сайынғы индекстеу жəне зейнетақы мен жəрдемақы алушылар контингентін ұлғайту үшін келесі жылға қосымша 265 млрд. теңге көзделді.
Педагогтар мен дəрігерлердің жалақысын көтеру арқылы олардың мəртебесін арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмасын іске асырудың барлық іс-шаралары жоспарланған. Экономиканың нақты секторының дамуын қолдауға 2021 жылға 1,7 трлн. теңге көзделді. Осы қаражат аясында “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер”, Агроөнеркəсіптік кешенді дамыту, Индустриялық-инновациялық даму мен “Бизнестің жол картасы – 2025” жəне басқа да бағдарламаларды іске асыру жалғасады. Министр атап өткендей, 2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн. теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығысының шамамен 27%-ы. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттер – 1,4 трлн. теңге, даму трансферттері түрінде 405 млрд. теңге көзделді.
Мəселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Fitch рейтингтік агенттігінің биылғы тамыздағы деректеріне сəйкес Қазақстанның инвестициялық сенімділігі ВВВ, яғни тұрақты деп бағаланды. Бұл – дағдарысқа қарсы шараларды уақтылы қабылдап, құрылымдық реформаларды табысты жүргізудің нəтижесі. Сондай-ақ, ел экономикасының тұрақтылығын, мемлекеттік қарыздың төмендігін, Ұлттық банктің ақша несие саясатының тиімділігін жəне фискалдық резервтің едəуір көлемін көрсетеді. Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дəлізін 2021 жылы 4-6% шегінде сақтап, 2025 жылы 3-5%-ға дейін төмендетуді көздейді. 2021 жылға арналған республикалық бюджетте шығыстардың жаңа бастамалары көзделген, оның ішінде жалақыны арттыру арқылы педагогтар пен медицина қызметкерлерінің мəртебесін арттыру, МƏМС-ке мемлекет жарналары, орта білім беру ұйымдарын жан басына қаржыландыру, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту, газдандыру, жастар мен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бар.
– Қазір экономика салаларын қолдау жөніндегі жоспарланған шараларды сапалы іске асыруымыз керек, үйлесімді əрі жедел шешімдер қабылдауымыз қажет. Жағдайды ескере отырып, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ел бюджетінің жобасы жасалды. Онда қарастырылған қаражат мемлекеттің барлық əлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді, – деді А.Мамин. Ол Парламентке аталған заң жобалары мен əлеуметтік-экономикалық даму болжамын белгіленген мерзімде енгізуді тапсырды.
Биыл 18 млн. тонна астық жиналады
Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылғы орақ науқанының барысы қаралды. Науқанның басталғаны туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің жай-күйін Энергетика министрі Н.Ноғаев, өңірлердегі ахуал жайлы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының əкімдері баяндады.
Қазір барлық өңірлер жаппай егін жинауға кірісті. Биыл 22,7 млн. гектар жерге егін егілді, бұл былтырғыдан 439 мың гектарға артық. Дəнді дақылдар 15,9 млн. гектарға (оның ішінде бидай – 12,1 млн. га), майлы дақылдар – 2,9 млн., мақта – 125,8 мың, қант қызылшасы – 20,9 мың, көкөніс-бақша өнімдері жəне картоп – 457,4 мың, жемшөп дақылдары – 3,3 млн. гектар алқапқа егілді. Орақ науқанына арзандатылған дизель отынының қажетті көлемі – 395 мың тонна. Өндірушілер үшін 1 литрі шамамен 147 теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, биыл орақ уақтылы түсті, науқанның қарқыны былтырғыдан жоғары. Республика бойынша 3,3 млн. гектардан дəнді жəне бұршақты дақыл жиналды, яғни алқаптың 21,2%-ы орылды.
Мəселені қорытындылаған Үкімет басшысы А.Мамин Президент тапсырмасы бойынша “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында 100 млрд. теңге бөлінгенін еске салды. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” өнімді форвардтық түрде сатып алып жатқанын айтты. “Үкімет тарапынан орақ жұмыстарын қаржылай жəне материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабылданды. Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың есебінен биыл астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн. тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Экспорт əлеуеті де жақсы болады” деді А.Мамин. Үкімет басшысы астық жинауды сапалы əрі уақтылы жүргізу, шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, сонымен қатар жиналған өнімді уақтылы қабылдау жəне сақтау жағдайларын ерекше бақылау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
(“Egemen Qazaqstan”,
26 тамыз 2020 жыл).