Облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттарын белгілеп, атқарылатын шаралар жоспарын ұсынған. Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова осы құжат негізінде 2014 жылы облысымыздың білім саласын дамытудың негізгі бағыттары туралы айтты.
– “Ел болам десең, бесігіңді түзе!” дегендей, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді 30 пайызға дейін жаңартып, жаңа бағдарлама әзірлеу жоспарлануда. “Облыстың мектепке дейінгі мекемелерінде негізгі бағдарламалармен бірге халықаралық “Step by step”, баланың өзін-өзі дамытуына арналған Мария Монтессори бағдарламаларының тетіктері енгізілуде. Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы балабақшаға кезекті еңсеру міндеті қойылып отыр. Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласы, Есіл ауданындағы Явленка және Горное ауылдарында да балабақша мәселесі өткір тұр, – деді Шолпан Таңатқызы.
Оның айтуынша, біздің облыста шағын жинақты мектептер көп. 170 мектеп мемлекеттік кепілдендірілген нормативтерге сай емес, 167 елді мекенде балалардың жоқтығынан білім ошақтары жабылған.
Дарынды балаларды қолдау бойынша облыста жоспарлы жұмыс жүргізіледі. Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңіне қатысқан 504 оқушының 206-сы түрлі дәрежелердегі дипломдарға ие болды. Соның ішінде Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің 5 оқушысы жүлделі орындарды иеленді. Республикалық Президенттік, халықаралық Жәутіков атындағы олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында да оқушылар I, II, III дәрежелі дипломдарға ие болып, облыс мерейін үстем етуде.
Тәрбие мен білім сапасын арттыру бойынша ауылдық мектептерге әдістемелік көмек көрсету мәселесі де маңызды. Барлық аудандарда педагогикалық тәжірибесі мен тиісінше біліктіліктері бар әдіскерлер жұмыс істейді. Бұл ретте Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының мамандары аудандарға шығып, семинарлар өткізіп тұрады.
Облыста арнайы және инклюзивтік білім беру бойынша жұмыс жетілдірілетін болады. Петропавл қаласы мен Жамбыл ауданындағы жалпы білім беретін мектептер жанында мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған 5 арнайы сынып ұйымдастырылған. Үстіміздегі жылы 369 жалпы білім беретін мектепте даму мүмкіндігі шектеулі 1838 бала инклюзивтік оқумен қамтылды.
Жүйелі жұмыс жүргізудің нәтижесінде кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері кеміп келеді. 2012 жылы өз-өзіне қол салудың 9 фактісі орын алса, 2013 жылы 6 жасөспірім осындай жағдайға душар болған. 2014 жылы өлім фактісі тіркелмегенімен, осындай әрекетке ұмтылған 8 оқиға орын алған.
Жастарды техникалық және жұмысшы мамандықтарына тарту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, “Ашық есік” күндері, “Менің таңдауым” кәсіптік бағдар беру фестивальдары өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, жастардың білім алуға басқа облыстар мен Ресей Федерациясының колледждеріне кетуі ойландырарлықтай.
– Облыста екі мектеп үш ауысымда білім береді. Олар – қазақ тілінде білім беретін №5 Тайынша орта мектебі мен Ғабит Мүсірепов атындағы Новоишим қазақ орта мектебі. Сондай-ақ, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное орта мектебі мен №2 Мамлютка орта мектебі апаттық жағдайда.
Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында 300 орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжат дайын, үстіміздегі жылы құрылысты бастауға республикалық бюджеттен 90 миллион қаражат бөлінуі тиіс, – деді Шолпан Каринова.
Конференция соңында тілшілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.