Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов сұлу табиғатымен сұқтандыратын Айыртау ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады, тұрғындармен кездесті.
Алдымен Бірлестік ауылында салынған мәдени-сауықтыру орталығының құрылысымен танысты. Нысанның жобалық құны – 156,6 млн. теңге. Бас мердігер – «Техноком» ЖШС директоры Хамзат Авхадовтың айтуынша, жалпы аумағы 300 шаршы метр алаңды алып жатқан ғимарат жаңғыртылып, екі тренажер, теннис үстелі, фитнес жаттығу құралдары орнатылған. 380 адам тұратын елді мекенде 30 жылдан бері «халықтық» атаққа ие домбыра ансамблі жұмыс істейді.
«ЛивКос-Север» ЖШС директоры Андрей Семахин 637 млн. теңгеге су құбыры тартылғанын, таратқыш жабдықтар орнатылып жатқанын баяндады. Сондай-ақ әр үйді суға қосу мүмкіндігі қарастырылмақ. Бірлестіктердің ендігі қалауы – спорт залы.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында атқарылып жатқан шараларға қажетті қаражат бөлінгенін айта келіп, сапа жағын ерекше бақылауға алуды, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
«Lavrovskoe GCK» шаруашылығына тиесілі егіс танаптарында ел ризығы жайқала өсіп тұр. Серіктестік басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Самат Қосжанов атқарылып жатқан науқандық жұмыстармен таныстырды. Астықты алқап көлемі 7493 гектарға жеткен.
Өңір басшысының агроқұрылым жетекшілерімен өткізген жиынында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланып, өзекті проблемаларға назар аударылды.
Ғауез Нұрмұхамбетов тоғыз жолдың торабында орналасқан Антоновка ауылында сүт өндірумен айналысатын «Борисфен» ЖШС-ның жұмысшыларына арнап салып жатқан үйлерінің сапасын бақылады. Жайлы, іші кең үш баспананы тұрғызуға 60 млн. теңге бағытталған. Бұдан бөлек, тағы 7 үй тұрғызылмақ. «Ясмина Агро» ЖШС директоры Магомед Мусханов иесіз қалған ғимаратты толық қалпына келтіріп, наубайханаға айналдырған. Күніне орта есеппен жарты мыңдай бөлке нан пісіріліп, тұтынушыларға қолма қол жөнелтіледі.
Аудан орталығының дәл іргесінде қоныс тепкен асфальт- бетон зауытының жергілікті инфрақұрылымды дамытудағы үлесі өлшеусіз. Қиыршық тас өндірудегі жылдық қуаттылығы 25 мың текше метр, жылына 100 мың тоннаға дейін өңдей алады. Мұнда еңбек ететін 44 жұмысшының орташа жалақысы 329 мың теңгеге жуық.
Ғауез Нұрмұхамбетов асфальт жолды жарамсыз етіп тастайтын тіркемелі ауыр жүк көліктеріне бақылауды күшейту міндетін қойды.
«Талап барлығына бірдей болуы тиіс. Олқылық анықталған жағдайда бірден қатаң шара қолға алынсын. Жауаптыларға осындай тапсырма беремін», – деді өңір басшысы.
Ғауез Торсанұлы жұмыс сапары аясында жолай агротехникалық колледжге аялдады. Оқу ошағының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Берік Жанахметов студенттер «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Туризм», «Дәнекерлеу ісі», «Аңшылық және аң аулау», «Тігін өндірісі және модельдеу» мамандықтары бойынша білім алып жатқанын баяндады. Ғауез Нұрмұхамбетов аудан орталығындағы шағынауданда орналасқан блоктік-модульдік қазандықтың қысқа дайындығын тексеріп, аудан әкімі Мейрам Меңдібаевтың есебі тыңдалды. Төрт қазандық 40 көпқабатты үйді, 20 жекеменшік баспананы, бірқатар әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Ғауез Торсанұлы Имантау- Шалқар курорттық аймағын жаңғырту бағдарламасымен танысты. «Шалқар су» санаторийі қалпына келтірілген. «Сокол» балалар лагері 340 орынға шақталған, оның аумағында 4 демалыс корпусы, асхана, медициналық пункт, клуб, кітапхана, футбол алаңы орналасқан. Ал Кутузовка ауылында құрғақ бие сүтін өндіретін бірегей ферма салынып жатыр.
Облыс әкімі жұмыс сапары соңында аудан тұрғындарымен кездесіп, жиында бірқатар өзекті проблемалар қозғалды. Мәселен, Кутузовка ауылының тұрғыны Қазиқан Кенжебаев жолдың нашарлығын, екі шақырым жолдың үш жылдан бері қозғаусыз жатқанын, Каменный Брод елді мекенінің тұрғыны Анатолий Иост 1976 жылы салынған мектепке күрделі жөндеу қажеттігін, имантаулық Раиса Аширова жастар үшін мәдени демалыс орталықтарының жеткіліксіздігін айтты. Аудан орталығындағы өзекті мәселе – судың тұрақты түрде берілмеуі. Өңір басшысы «Осы мәселе бойынша Саумалкөлге орынбасарымды, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысын жібердім. Олар үш күн бойы осында болып, жағдай тұрақталды. Бұған дейін қызмет көрсетіп келген «Саумалкөл жылу» серіктестігі шығынға батқан. Бүгін тағы су жоқ деп отыр», – дей келіп, тиісті мекеме басшыларына жағдайды шұғыл түрде түзетуді міндеттеді.
Ирина БУРКОВСКАЯ.
Айыртау ауданы.