Осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – отандық кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау. Осы уақыт ішінде палата ауқымды жұмыс атқарған. Ең бастысы сенім артып, көмек сұрап келетін кәсіпкерлердің қатары қалыңдаған. Ұлттық палата ашылғаннан бері елімізде тек бизнесті қорғау мәселесі бойынша айыппұл салынған немесе мүліктері тәркіленген кәсіпкерлердің 8,4 миллиард теңге қаржысы қайтарылып берілген.
Сейсенбі күні палатаның өңірлік филиалы барлық мемлекеттік бақылаушы және қадағалаушы органдардың қызметкерлерінің басын қосып, кәсіпкерлерге өздерін толғандырған сауалдарға жауап алуға мүмкіндік жасап, “Ашық есік күнін” өткізді. Осыған байланысты журналистерге сұхбат берген палатаның облыстық филиалы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жарияланған мораторий аяқталғандығын, сондықтан биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап бақылаушы және қадағалаушы органдар кәсіпкерлік субъектілердің қызметтерін тексеруге кірісетінін жеткізді. Палатаның жасаған сараптамасына сүйенсек, тексерулердің басым бөлігі техникалық сипатта жүргізіледі. Сондықтан тексерістердің ережелері мен тәртібіне реформа жасау керектігін сөз етті. Биыл жыл басында “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы күшіне еніп, бақылаушы және қадағалаушы органдардың кәсіпкерлік субъектілерге жоспарлы тексерістер ұйымдастыру шарасы тоқтатылды, деді.
Палата кәсіпкерлік жолында туындайтын мәселелер және оның шешімді жолдарын, бизнеске қадам басу үшін не істеу керектігін, құжат толтырудағы сауаттылық, кәсіпкерлік жолындағы кедергілерді шешу сияқты көптеген мәселелерді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатқан ұйым олармен кәсіпкерлер арасында дәнекерші рөл атқарады.
“Ашық есік күніне” тоғысқан кәсіпкерлердің барлығы өз бизнесі төңірегінде туындаған мәселелердің шешілуін қалап келгені сөзсіз. Олардың арасында жаңадан іскерлікке қадам басқандармен қатар, өңірімізге белгілі кәсіпкерлер де болды. Мәселен, “Сүт одағы” ЖШС-нің директоры Александр Кузлякин жаңадан ашқалы отырған цехының құрал-жабдықтарына мемлекеттік акт ала алмай, 10 ай бойы жүргенін айтып, құжаттарды тіркеуші мекемелердің жұмысындағы біліксіздік пен жауапсыздықты алға тартты. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалымен айналысатын “Петропавл-Норд” ЖШС-нің директоры Болат Рақымов кәсіпорын заң бойынша тендерді бес жылға жеңіп алса, қадағалаушы органдар тексеріс жүргізгенде үш қателік тауып, акт толтырса, лицензия тоқталатыны қиындық тудыратынын жеткізді. Осы орайда бұл тәртіп өзгертілсе деген ұсыныс жасады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкердің қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемдер тәртібі туралы, шетелден тауар таситын кәсіпкердің кеден салығы бойынша сауалдары қойылды. Ұзаққа созылған шараға жиналған кәсіпкерлер бизнестерінің жолында туындап жатқан мәселелерді айтып, кейбірі өз мәселелеріне Кәсіпкерлер палатасының араласуын өтінді. Бұл күні қозғалған әрбір мәселе палата мамандарының араласуымен терең зерттеліп, кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.