«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЗДАҚТАРҒА – ТАҒЗЫМ

1941 жылғы 22 маусым – тарихта мәңгі қалатын қасіретті күн. Жетпіс төрт жыл бұрын осы күні адамзат тарихындағы алапат соғыс басталды. Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов, соғыс және еңбек ардагерлері, облыс орталығындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, мектеп оқушылары, студенттер елі мен жері үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһарман ерлерді еске алды.

Театр алаңына жиналған жұртшылық соғыстан туған елге оралмаған жерлес жауынгерлердің рухына тағзым етіп, “Мәңгілік алау” мемориалына гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш басына соғыс куәгерлерімен қатар, Отан үшін отқа түскен ерлердің ұрпағы да келді. Олар бейбіт күннің астында егеменді елде тұру бақыты үшін аға ұрпақ алдында бас иді.

Қырық бірінші жылдың жиырма екінші маусымында таң қылаң бере фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер елін жаудан қорғау үшін қолдарына қару алып, қан майданға аттанды.

– Ол күнді енді ешқашан көрсетпесін. Соғыстың кесірінен қайғы-қасіретке ұшырамаған отбасы жоқ деуге болады. Сондықтан да бұл күн біздің жадымызда мәңгі сақталады. Мен – сол алапат соғыстың тірі қалған санаулы куәгерлерінің бірімін. Кәмелеттік жасқа толғанда қан майданға аттанып, танк батальонының командирі шенінде Жеңіс күнін қарсы алдым. Кеудемде соғыс жылдары алған сегіз орден мен бірнеше медаль жарқырайды. Соғыста қаза тапқандарды бүгін біз қайғыра еске аламыз, – деді соғыс ардагері, запастағы полковник Анатолий Гершунов.

Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатыр. Осы күндерді сыйлаған, ел ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, зұлмат соғыста қаза тапқан батыр жауынгерлер ешқашан ұмытылмақ емес.

– Бүгін “Мәңгілік алау” басына келіп, соғыста біздің жарқын болашағымыз үшін қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойдық. Оларды ешқашан ұмытпаймыз. Әрқашан аталарымызға басымызды иеміз, құрмет тұтамыз, – дейді “Жас Отан” жастар қанатының белсендісі Дәурен Ысқақов.

“Мәңгілік алау” жанына жиналған қауым Отан үшін жанын пида еткен боздақтарды бір минут үнсіз тұрып еске алды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp