«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ — БІЛІМДІ ЖАСТАР ҚОЛЫНДА

Адамзат баласы қол жеткізген ұлы игіліктердің барлығы білім мен ғылымның арқасында жасалды. Заманауи білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тілді меңгерген мамандар даярлауға негізделіп отыр. Біздің елімізде де білім саласы дамудың негізгі тетігі етіп белгіленіп, оны жаңғырту жолында қыруар істер атқарылуда.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты кезекті Жолдауы – әлемдегі озық отыз елдің қатарына еніп, жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет атану жолындағы негізгі бағдарымыз. Жолдауда білім саласын дамытуға, оның ішінде, болашағы жарқын, білікті, еңбек нарығының сұраныстарына сай мамандар даярлау ісіне ерекше мән берілген. Президент білім беру жүйесінің мектепке дейінгі сатысынан бастап, жоғары оқу орындарының табыстылығын арттыруға дейінгі алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Мәселен, өскелең ұрпақтың ойлау және шығармашылық қабілеттерін балабақша жасынан қалыптастыруға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Өйткені, бүгінгі мектеп бағдарламалары бастауыш сыныптағылардың өздерінен ұжымдасып жұмыс істеуді, сыни ойлауды, креативтілікті талап етеді. Сондықтан мектепке дейінгі білім мен тәрбие берудің мазмұнын пысықтаудың қажеттілігі туындап отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік жалпы білім беру мекемелерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірыңғайлауды да тапсырды. Бұл соңғы жылдары көптеген өзгерістерді бастан өткерген орта білімді реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ. Сондай-ақ, бұдан былай жастарды мектеп қабырғасынан таңдаған мамандықтарына баулып, дағдыландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінбек. Бұл – дамыған елдердің басым бөлігінде қолданылатын тәжірибе. “Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды”, – деп атап көрсетті Елбасы. Яғни, бұл жастардың болашақта өзіне қажет болмайтын салаларға уақытын зая кетірмей, керісінше, жанына жақын пәндерді тереңдете оқып, өзіне негізгі бағыт-бағдар етіп алуы тиіс деген сөз.

Ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысатын ұстаздар жайлы, олардың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы мәртебелеріне қатысты проб­лемалардың қозғалуы, оның үстіне осыларға қатысты арнайы заңның әзірлене бастауы да өткен жылдың жағымды жаңалықтарының бірі болды. Мұнымен қоса, Нұрсұлтан Әбішұлы балабақша қызметкерлерінің еңбекақы мәселесін қайта қарастыру, ұстаздардың жүктемесін азайту, мектептің әлеуметтік-психологиялық қызметі рөлін арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді.

Жолдау жарияланғалы бері жоғары оқу орындарында да маман даярлау сапасына қатысты талаптарды күшейту жолдары қарастырыла бастады. Өткен жылы жоғары оқу орындарына, оның ішінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түсушілер үшін грант әдеттегіден әлдеқайда көп бөлінді. Ендігі кезде оқу орындарының жауапкершілігін сынайтын кез туындап отыр. Соған сәйкес университеттерді жан басына қарай қаржыландыру, академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері қаралуда. Бұл жоғары оқу орнына студенттерді қабылдауға, құрылым тәртібін, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және ғылыми білім беру қызметі бойынша еншілес ұйымдарды құруына құқық береді.

Университеттер алдағы уақытта білім беру нәтижелері мен құзыреттілігінің негізінде дербес білім беру бағдарламаларын әзірлеуі тиіс. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын лицензиялау жүйесі де өзгертілмек. Егер бастапқыда тек мамандық лицензияланса, заң жобасы қабылданған соң жалпы дайындау бағыты да лицензияланатын болады. Келешекте университеттер оқу аяқтаған түлектеріне өз үлгісіндегі диплом табыстай бастайтынын да айта кеткен жөн. Алайда, жоғары оқу орындарының табыстылығының негізгі өлшеуіші түлектерінің жұмыспен қамтылуы болмақ. Бұл оқу орындарының түрлі кәсіпорын, мекемелермен тығыз байланыс орнатып, жастардың еңбек нарығына қатысуын қамтамасыз етеді.

Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орнының осы айтылып отырған талаптар үдерісінен шыға алатынына сенімім зор. Оқу орны ұсынатын мамандықтар саны артып, магистратура, докторантурада білім алғысы келетіндерді қабылдау мүмкіндігі кеңейгенін де айта кеткен жөн. Университет ұжымы әр факультеттегі техникалық-материалдық базаны нығайту, сыртқы қарым-қатынас пен академиялық ауыс-түйісті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Елбасы Жолдауда Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырды. Осы университеттің оқыту тәжірибелерін басшылыққа алып, шетел ғалымдарын жұмысқа тарту мүмкіндіктері де қарастырылуы тиіс. Студенттерге арналған жатақханалардың салына бастауы, білім гранттары санының ұлғаюы, түрлі оқыту бағдарламаларының қабылдануы – ел болашағы үшін жасалып жатқан игі бастамалар. Қолдау бар жерде нәтиже де болмақ. Жастарға түрлі мүмкіндіктерді ұсына отырып, ертеңгі күні олардың білімді де білікті маман атануына, еліміздің көркейіп, дамуына жол саламыз. Осыны түсіне білген жастар мүмкіндігінше жақсы білім алуға тырысып, аянбай еңбек етуі тиіс. Үстіміздегі жылдың “Жастар жылы” етіп жариялануы жеткіншектер алдынан ашылатын мүмкіндіктердің әлі де кеңейе түсетініне кепілдік береді деп ойлаймын.

Ботагөз ТАУҚҰДЫРЕТОВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp