«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ САРБАЗДАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшылығы аудандардан келген әскерге шақырылушылардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырды. Болашақ сарбаздардың ата-аналарымен кездесуді департамент бастығы полковник Талғат Әліқұлов әскери өмірдің қыр-сырымен таныстыра отырып, еркін әңгіме түрінде өткізді.

 Кездесу барысында департамент бастығы полковник Талғат Әліқұлов: «Қазіргі Қазақстан әскері – ұлт мақтанышы. Онда қызмет ету әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті, аға буынның ерлік пен жауынгерлік дәстүріне негізделген отансүйгіштіктің қуатты да өнегелі мектебі. Біздің әскеріміз ұлан-ғайыр жермізді қорғауға қабілетті. Сондай-ақ, сарбаз атану әркімнің қолынан келе бермейді, себебі, іріктеу жүйесінің өз талаптары бар. Мәселен, болашақ сарбаз денсаулық жағдайын, білім деңгейін, психологиялық және моральдық тұрақтылығын дәлелдей білуі тиіс. Мерзімді әскери қызметті өткергеннен кейін олардың келісімшарт бойынша қызметті жалғастыруға құқығы бар. Келісімшарт бойынша қызметті жалғастыра отырып әскери қызметші бірқатар әлеуметтік көмекке ие болады. Мәселен, баспанамен қамтамасыз етіледі, төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотекаға қол жекізеді, өзіне және отбасы мүшелеріне тегін медициналық қызмет көрсетіледі, санаторийлерде емделу мүмкіндігі бар, балаларына балабақшадан кезектен тыс орын бөлінеді, отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру мен зейнетке ерте шығу сияқты артықшылықтар бар», – деп түсіндіріп өтті.
Ата-аналарды болашақ сарбаздарға әскерде қандай жағдай жасалғаны, әлімжеттік, күш көрсету, зорлық-зомбылық жағдайлары бар-жоғы толғандырады. Көпшілікті алаңдатқан осы сұрақтар кездесуде жан-жақты талқыланып, оларға казарма, асхана, лазарет, жаттығу алаңдары туралы толық мәлімет берілді. Әскери өкілдермен тілдескен ата-аналардың кейбірі көз жасына ерік берді.
Әрине, әр ата-ана ұлының әскери бөлімдердегі жағдайын білуге құқылы. Осы орайда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығы алдағы уақытта мұндай кездесулерді жиі ұйымдастырып тұруға ниетті.

Айман ӘБЖАПБАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp