«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚҚА БАСПАЛДАҚ – БАЛАБАҚШАДАН

Облыстық мәслихаттың бір топ депутаты жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Олар мектепке дейінгі тәрбие және білім беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Халық қалаулылары Тайынша қаласындағы 90 балаға арналған “Қарлығаш” балабақшасында болды. Онда 2 қазақ және 2 орыс тобы бар. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесінде қазақ тілі, музыка, әдістемелік кабинеттер және мәжіліс залы жабдықталған. Балабақша аумағындағы ойын алаңдары балдырғандардың ойнауы мен серуендеуіне барынша қауіпсіз әрі ыңғайлы.

Қаладағы 280 бүлдіршінді тәрбиелеп отырған “Болашақ” бөбекжай-бақшасында денсаулығында кінәрат бар балаларға арналған арнайы санаторлық топ жұмыс істейді. Онда балғындар 3 жастан бастап тәрбиеленеді. “Основание” ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Тимофеев бөбекжай-балабақша басшысы Ботагөз Алпысоваға құрылыс жұмыстарына қатысты материалдық қиындықтар туып жатса, көмек көрсетуге дайындығын жеткізді.  

Ясная Поляна ауылдық округіндегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қайта жасақталған “Вишенка” балабақшасы бұрын шаруашылық кеңсесі болған. Ғимаратты “Вишневка” ЖШС-нің директоры П.Рафальский қайта жөндеуден өткізіп, аталмыш серіктестіктің орталық жылу қазандығына қосыпты. Мекемедегі су мәселесі де оңтайлы шешілген. Онда аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Зеленый Гай ауылындағы 6 жасқа дейінгі елу бүлдіршін тәрбиеленетін “Балдәурен” бөбекжай-балабақшасы да депутаттар назарынан тыс қалған жоқ. 80 жылдық тарихы бар Ясная Поляна ауылының дәл ортасынан орын тепкен орта мектеп жанындағы шағын орталықтың да бала тәрбиесіне қосар үлесі зор. Орталықта елуден астам бүлдіршін тәрбиеленеді. Болашаққа баспалдақ балабақшадан басталады десек, бұл жердегі мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен айналысатын мекеменің жұмысы жолға қойылған. Депутаттар жергілікті шаруашылық басшылары көмегімен бой көтерген спорттық алаң құрылысымен де танысты.

Мектепке дейінгі білім беру нысандарының тыныс-тіршілігімен танысқан халық қалаулылары тұрақты комиссия отырысында жұмыс сапарының қорытындысын шығарды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Оразовтың айтуынша, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамтамасыз ету жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті жоспарға сәйкес қыруар жұмыстар атқарылған. Аудан аумағында бүгінде 330 орынға арналған 2 бөбекжай-балабақша, 165 орындық 3 балабақша, 991 бала тәрбиеленетін 54 шағын орталық бар. Жалпы білім беретін 59 мектептегі мектепалды даярлық топтарында 761 тәрбиеленуші білім алады. Бүгінде ауданда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Алайда, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі педагогтердің кәсіби деңгейін жоғарылату мәселесіне назар аудару қажет.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp