“ИКЕА ТАС-ГРУПП” компаниясының Аққайың ауданында жұмыс істеп жатқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда, қысқа мерзім ішінде көп шаруа тындырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне өз үлесімізді қосып жүрміз.
Осыдан екі жыл бұрын компанияның элеватор кешені іске қосылды. Өндіріс қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын элеватор шаруа қожалықтарының астығын кептіріп, сақтап, жөнелту қызметтерін көрсетеді. Кешеннің жұмысы автоматтандырылғандықтан, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өткен жылы кәсібіміздің аясын кеңейту мақсатында диірмен кешенін салдық. Күніне 120 тоннаға дейін ұн үге алатын диірменнің жұмысы толық автоматтандырылғандықтан, адам күшін қажет етпейді. Елбасының индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша салынған кешеннің басты бағдары Қызылжардың сапалы өнімдерін сыртқы нарыққа жеткізу болып табылады. Диірменде бірінші, екінші сұрыпты ұн өнімдері дайындалады. Біз Ауғанстан, Ресей елдерімен келісімге қол қойып, Қазақстан бойынша Астана, Алматы, Семей қалаларымен байланыс орнаттық. Кешен сапалы қызмет көрсетуде қажетті арнайы техникамен толық жабдықталған. Бүгінгі таңда “ИКЕА ТАС-ГРУПП” компаниясында 38 адам еңбек етсе, олардың барлығы – жергілікті тұрғындар. Компанияда орташа еңбекақы көлемі 60 мың теңге шамасында.
Болашақта жер алып, егін шаруашылығымен айналысуды, құрама-жем зауытын салуды көздеп отырмыз. Себебі, бүгінде біз тұтынып отырған бидайдың бағасы сапасына сай келмейді. Менің білуімше, шаруа қожалықтары бір тонна астыққа орташа есеппен 20 мың теңгедей жұмсаса, ал сатар кезде оны 60 мың теңгеге бағалайды. Бұл ұнның, нанның бағасының көтерілуіне әкеліп соғады. Осы орайда алдағы уақытта қажетті бидайды өзіміз өсіріп, сапалы ұн үктіруді жоспарлап отырмыз.
Бақтияр ШАЙКЕНОВ,
“ИКЕА ТАС-ГРУПП” компаниясы диірмен-элеватор кешенінің басшысы.