Қазақстан қазіргі экономикалық даму деңгейіне бірден қол жеткізген жоқ. Еліміздің экономикасы дамуының басында нарықтық қайта құру жүргізілсе, екінші кезеңі “Қазақстан – 2030” даму стратегиясы қабылданғаннан кейін қолға алынды. Осы құжаттың қабылдануымен тұрақты дамитын ел экономикасын құрудағы ұзақ-мерзімді мақсаттар мен басымдықтарға жету жолында жасалған бағдарламаларды іске асыру басталды. Бұл жылдарда ірілендіру жұмысы жүргізіліп, облыстар, аудандар біріктірілді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде Бескөл мен Соколов аудандары қосылып, Қызылжар ауданы пайда болды.
Дамудың сара жолына түскен әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қалануында Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының алар орны ерекше. Өйткені, онда алға қойылатын міндеттер мен жасалынатын тұжырымдамалар мемлекеттің тұтастай дамуын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Осы орайда Мемлекет басшысының бірден-бір маңызды тапсырмасы агроөнеркәсіп кешенінің дамуын және экономикалық өсімін қамтамасыз ету екені белгілі.
Ел экономикасының басты салаларының бірі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударылуының өзіндік себебі бар. Өйткені, ол сала азық-түлікке деген ішкі сұраныстың 80 пайызын отандық өнімдермен қамтамасыз етуге тиісті және оған экспортқа шығаратын ауыл шаруашылығы өнімдер көлемін ұлғайту талабы қойылған. Осы орайда ауданымызда Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда ауданның ауыл шаруашылығының жалпы өнiм өндiрiсiнiң көлемi 10 603,8 млн. теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда физикалық көлем индексі – 106,5 пайыз. Өнеркәсiп кәсiпорындары 7 439,1 млн. теңгенің өнiмін шығарса, бұл көрсеткіш бойынша ауданның облыстық көлемдегi үлесi 7,6 пайызды құрап отыр. Өңдеу өнеркәсiбi өндiрiсінің көлемі – 6 404,0 млн. теңге. Қара мал және құс етін өндіру 20,4 және 5,8 пайызға артты.
Шағын және орта бизнесті дамыту – кез келген елдің экономикасының негізі. Дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Аудан аумағында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. 1924 орта және кіші кәсіпкерлік нысандары, 1041 жеке кәсіпкер, 224 шаруа және фермерлік қожалықтар жұмыс істейді.
Жыл басынан бері ауданымызда 9 жаңа кәсіпорын ашылса, екінші жартыжылдықта тағы осыншама нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Құрылыс саласын дамыту, өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру бүгінгі өркениет заманындағы дамыған мемлекеттердің экономикалық және саяси міндеттерінің басты бағыттарының бірі болып саналады. Жалпы алғанда, құрылыс кешені ел экономикасына, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына шешуші ықпал етеді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері құрылыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасын өсіп-өркендеудің жоғары баспалдақтарына көтерді. Қызылжар ауданы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемi 1 051,6 млн. теңгенi құрайды. Бескөл ауылында 18 пәтерлі тұрғын үйдің, жылумен қамту желісінің құрылысы қолға алынған. Осы күнге дейін тұрғындардың қаражаты есебiнен 51 пәтер пайдалануға берілді.
Ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз ету жөнінде жоғары және жергілікті атқарушы органдар алдына нақты міндеттер қойылған. Бұл ретте бұған дейін республикада “Ақ бұлақ” бағдарламасы қабылданғаны да белгілі. Соған орай ел ішінде әжептәуір істер қолға алынды. Біздің ауданның аумағында 72 елді мекен бар. Бұл елді мекендерді сумен қамтамасыз ету “Есіл су” РМК Булаев және Соколов магистральды су құбыры басқармаларымен, сонымен қатар сумен жабдықтаудың жергілікті көздері есебінен жүзеге асырылады. Орталықтандырылған су жүйесін 43 елді мекен немесе тұрғындардың 84 пайызы пайдаланады.
Өткен жылы тоғыз елді мекенде сумен қамту жүйесін дамыту жөніндегі мәселе түбегейлі шешілді. Үстіміздегі жылы Соколов топтық су торабын жаңғырту бойынша жұмыстар аяқталады. Петерфельд, Затон, Якорь, Ольшанка, Вознесенка, Вишневка, Ташкентка, Соколовка, Вагулино, Пресновка, Налобино, Глубокое, Гайдуковка ауылдарында қысымды реттеуші станция орнатылды. Ал Шаховское ауылын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін жергілікті жүйе мен таратушы желілердің құрылысы жөніндегі өтінім 2017 жылдың бюджетіне енгізілді.
“Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Бескөл ауылында жылумен жабдықтау магистральды желісінің құрылысы басталды. Құрылыс жобасының құны 367 миллион теңгені құрайды. Магистральды және тарату жүйесінің құрылыс жұмыстарын аяқтаған соң жылу жүйесіне әлеуметтік-мәдени нысандар қосылатын болады. Оның ішінде аудан орталығындағы 25 мекеме мен 29 көпқабатты тұрғын үй бар.
Аудан бойынша көлік жолдарының жалпы ұзындығы 635,5 шақырымды құрайды. Үстіміздегі жылы аудандық маңыздағы Кривозерка, Подгорный, Кондратовка, Тепличное ауылдарының кіреберісіне, “Боголюбово – Новоникольское – Андреевка”, “Метлишино – Новоникольское” жолдарына және Виноградовка ауылының кіреберісіне ағымдағы жөндеу жүргізу қолға алынды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 103,9 млн. теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге Бескөл ауылының көшелері, Шаховское ауылының кіреберісіне ағымдағы жөндеу жүргізуге сметалық құжаттар дайын.
Ауданды абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Республикалық бюджеттен 41 миллион теңге қаржы бөлініп, 12 ауылдық округте (Бескөл, Асаново, Бугровой, Виноградовка, Лесной, Новоникольское, Прибрежное, Петерфельд, Налобино, Соколовка, Светлопольск, Якорь) ауыліші автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Рощинск, Қызылжар, Вагулино ауылдық округтерінде көшелерді жарықтандыру бойынша 6,8 км. құрастыру жұмыстары аяқталды. Куйбышев және Рассвет ауылдық округтерінде желіні құрастыру, ал Березовка ауылдық округінде су жіберетін жүйені жөндеу жұмыстары қолға алынған.
“Кедейлік кетсін десең, еңбек ет.
Молшылық жетсін десең, еңбек ет” дегендей, аудандағы жұмыссыздықты жою үшін бар мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен тұрғындарды жұмыспен қамту үшін ауданға 276,6 млн. теңге бөлу қарастырылған. Бүгінгі таңда ауданда 147 жұмыссыз тiркелген. Жұмыспен қамту орталығына 883 адам өтініш білдірсе, оның 745-і жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық деңгейiн төмендету мақсатында 2052 жұмыссыздың еңбекке араласуына жағдай жасалды. Соның ішінде 1847 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Азаматтардың денсаулығының жақсы, білімді және шымыр болуы мемлекет үшін аса маңызды. Себебі, дені сау, санасы түзу ұлт мемлекет тірегі емес пе? Бүгінде ауданның денсаулық сақтау, білім беру және спорт саласы қарқынды дамып, облыс бойынша алдыңғы орындардан көрініп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
Мұның барлығы тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында экономикалық, саяси және қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолға алынған реформаларды жүзеге асыра отырып, елдің әр өңірі, ауданы даму жолына түсті. Осы орайда айтарым, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдерге қарағанда бұл жылдар Қазақстан үшін азаматтық тыныштық, ұлтаралық тұрақтылық және рухани келісім уақыты болды. Болашақта да солай болатынына сенімдімін.
Болат ЖҰМАБЕКОВ,
Қызылжар ауданының әкімі.