«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОТАЙ ҚОНЫСЫНА БАРАТЫН ЖОЛ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Рухани жаңғыру” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы әлемге әйгілі Ботай қонысының негізінде республикалық тарихи-мәдени музей-қорығын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы аудандағы Сырымбет ауылының жанында республикалық маңыздағы мәдени ескерткіш – Айғаным қонысы да орналасқан. Сырымбет ауылында республикалық маңыздағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музей де жұмыс істейді.

Жуырда “Ботай” тарихи-мәдени музей-қорығының директоры болып тағайындалған Уәлихан Құлбаев менімен хабарласып:

– Қазіргі кезде Айыртау ауданындағы республикалық маңыздағы үш тарихи-мәдени нысанға сапар шегуші туристер жол қиындығын көріп жүр. Себебі, Ботай қонысы орналасқан Никольское ауылына, Айғаным қонысына және Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музей орналасқан Сырымбет ауылына баратын автокөлік жолдарының жағдайы өте нашар. Оның үстіне, туристердің Никольское ауылынан Ботай қонысына Иман Бұрлық өзені арқылы жеңіл автомобильмен өтуі де оңай емес. Өйткені, аталған өзеннен өтетін көпір салынбағандықтан, туристер рельстерден құрастырылған тар да қауіпті өткел жолмен кезектесіп өтуге мәжбүр. Осы мәселелерді шешуге көмектесуіңізді сұраймын, – деген еді.

Осыған орай мен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына хат жолдап, мынадай ұсыныстарды қарауын өтінген болатынмын:

1. Аудандық маңыздағы, ұзындығы 27 километр Саумалкөл – Сырымбет және ұзындығы 50,3 километр Каменный Брод – Никольское – Ботай қонысына кіреберіс – Казанка – Всеволодовка жол учаскелерін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесіне қосу және оларға реконструкция жасау мүмкіндігін қарастыру қажет. Өйткені, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі №245 “Автомобиль жолдары туралы” Заңының 3-бабының 2-тармағының 2-тармақшасында: “Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына… республиканың және көршілес мемлекеттердің әкімшілік, мәдени және экономикалық орталықтары арасында көлік қатынасын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары, сондай-ақ қорғаныстық маңызы бар автомобиль жолдары жатады”, – деп көрсетілген. Ботай қонысы, Айғаным қонысы және Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музей еліміздің мәдени орталықтары болып табылатындығы даусыз.

2. Еліміздегі туризмді дамыту мақсатында Иман Бұрлық өзенінің үстінен Никольское ауылынан Ботай қонысына өтетін автокөлік көпірін салу керек.

Осы хатыма жақында қайта құрылған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек өткен жылғы 29 желтоқсанда қол қойған ресми жауап келді. Онда: “Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 қыркүйектегі №562 қаулысының 33-тармағында жалпы ұзындығы 504 километр болатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын Солтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігінен республикалық меншікке беру көзделген.

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі республикалық меншікке берілетін автомобиль жолдарына құқық белгілейтін құжаттарды рәсімдеуде және тиісті құжаттарды рәсімдеу аяқталғаннан кейін жалпы ұзындығы 504 километр болатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары республикалық меншікке қабылданатын болады.

Осыған байланысты, Саумалкөл – Сырымбет және Каменный Брод – Никольское – Ботай автомобиль жолдарын республикалық меншікке қабылдау мәселесі алдағы жылы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарастырылатын болады.

Сонымен қатар Никольское ауылынан Ботай қонысына дейінгі автомобиль жолында Иман Бұрлық өзені арқылы өтетін 2 көпір бар, олар қанағаттанарлықсыз жағдайда. 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлу көзделуде”, – деп хабарлапты министр.

Демек, дүниежүзіне белгілі Ботай қонысына баратын жолдың түйінді мәселелері оңынан шешілетін күн алыс емес деп ойлаймын.

Уәлихан Құлбаев Никольское ауылының атауын Ботай Бұрлық ауылы деп өзгерту жайлы да мәселе көтерген болатын. Ал оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы және өкілетті органдар аталмыш елді мекен тұрғындарының пікірлерін ескеріп шешуге тиіс.

Кәрібай МҰСЫРМАН, Парламент Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp