«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«БІЗДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСПАҒАН»

– Сәуле Бекқожақызы, сіз саналы ғұмырыңыздың 35 жы­лын қайырымдылыққа арнаған жансыз. Бүгінде «Қазақстанның Қызыл жарты ай» қоғамы облыс­тық филиалын басқарып отыр­сыз. Жоқ-жітікке қарасу, жыла­ғанды жұбату, сүрінгенге сүйеу болу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өмір жолыңызды неге осы бағытпен сабақтастырдыңыз?

– Халқымызда «Қайырым­дылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қанатты сөз бар. Бұл тәмсілді өмірімнің басты бағдары етіп келемін. Бұған ата-анамнан алған тәрбиенің де әсері бар шығар. Мен Алма­ты қаласында дүние есігін ашыппын. Анамның айтуын­ша, есімімді сол кезде әкеммен бірге партияның жоғары мек­тебінде оқыған жолдасы, жер­лесіміз, Кеңес Одағының Ба­тыры Жәлел Қизатов қойған екен. Мені әке-шешем бауыр­малдыққа, мейірбан, жанашыр болуға тәрбиеледі. Кішкента­йымнан анама үй шаруасына көмектесіп, әкеме, бауырлары­ма қамқор болдым. Әкем Бек­қожа Сәрсенбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері. Со­ғыстан кейін түрлі салада жұ­мыс істеді. Анам Күлбайра Күсімова екеуі бізге берекелі отбасының үлгісін көрсетті. Олар төрт перзентіне «біреуге пайдаларың тимесе де зиянда­рыңды тигізбеңдер» деген ұла­ғатты үнемі айтып отыратын. Қайырымдылықпен айналысу­ға әке-шешеміздің осы тәрбиесі ықпал еткен шығар, бәлкім.

– «Қазақстанның Қызыл жарты ай» қоғамы облыстық филиалының жұмысы жайлы айтып берсеңіз? Осы уақытқа дейін көмекке мұқтаж қанша адамға қол­дау көрсеттіңіздер?

– Мен Петропавл педагоги­калық институтын бітіргенмін, ұстазбын. Оқу бітіргеннен кейін мені жолдамамен ауылға жі­берді. Алайда тағдырдың жа­зуымен мұғалім емес, аудандық газеттің тілшісі болып жұмысқа кірістім. Бір жылдан кейін са­нитарлық білім беру үйіне дәрі­гер-әдіскер болып жұмысқа ор­наласып, «Денсаулық» телера­дио хабарын шығардым. 1984 жылы мені «Қазақстанның Қы­зыл жарты ай» қоғамының об­лыстық филиалы (ол кезде «Қызыл крест» деп аталады) мү­шелікке қабылдады. Ал 1987 жылы төрайым етіп сайлады. Содан бері осы ұйымды басқа­рып келемін. Бүгінде 38 жылға жуықтап қалыпты.

Біздің ұжым үлкен емес. Қа­тарымызда түрлі жастағы адам­дар, көптеген мамандық иелері бар. Қайырымдылықпен айна­лысатын мекемелердің жұмысы ел басына күн туған сәтте көрініп жатады. Осыдан бірне­ше жыл бұрын коронавирус өршіген кезде зейнеткерлер үйде отырып маска тігіп, халық­қа көп көмек көрсетті. Одан өзге су тасқынынан зардап шеккендерге, баспанасы өр­теніп, үйсіз қалғандарға, қыс­тың көзі қырауда барар жері, басар тауы жоқтарға көмек қо­лын созуды басты міндетіміз са­наймыз. Қиын жағдайға тап болғандарға ұн, сұйық май, түрлі консервілер, жармалар, шай, тағы басқа азық-түлік түр­лері таратылады.

Өңірде қиын жағдайға тап болған балаларға арналған үш орталық бар. Олармен қарым-қатынасымызды үзген емеспіз. Тасқын судан зардап шеккен­дерге арнап «Көмек картасы» қайырымдылық акциясын үш жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз.

– Менің білуімше, «донор күнін» өткізуге де ұйытқы болып жүрсіздер. Осы жайына тоқтал­саңыз?

–Бұл – біздің дәстүрлі бағы­тымыз. Оған күш құрылымда­рының қызметкерлерін тартуға тырысамыз. Жылына үш мәрте облыстық қан орталығының қорын 60 литр және одан да көп мөлшерде қанмен қамтуға кө­мектесеміз.

– Қорға қаражат жинау мә­селесі қалай шешілуде?

– Қазақта «Жомарттың қо­лын жоқ байлайды» деген сөз бар ғой. Шыны керек, кейде қа­ражат табу жағынан қиындық­тар кездесіп жатады. Егер қаржымыз жеткілікті болса, біздің де қолымыз ұзарып, мүмкіндігіміз арта түсер еді. Қазіргі уақытта бізге негізінен шетелдік де­меушілер көмектесуде. Сондай-ақ сауда орталықтарында қо­ғамның жәшігі орналастырыл­ған. Өкінішке қарай, қалталы азаматтар қайырымдылық жа­сауға асықпайды. Құны 500 тең­ге тұратын купонды ақшасы бар деген әр адамға жалынып жүріп өткізетінімізді жасырмаймын. Бұл мәселе қайырымдылық қорларын басқарған кей жан­дардың жемқорлықпен айны­ласқан деректері әшкере болған соңғы жылдары тіпті қиын­дап барады. Біз жинаған қара­жат қордың Алматыдағы есеп­шотына түседі. Мұқтаж жандар­ға сол жерден үлестіріледі. Ха­лықтан түскен әр тиынның есебі бар.

– Сүрінгенді сүйеп, қысыл­ғанға қолдау көрсету – халқы­мыздың қанына сіңген қасиет. Дегенмен кейінгі кездері жақсы­лықтың атын жамылып, жымыс­қы әрекетін жүзеге асыратын, қайырымдылық деп қалта қам­пайтқан жаға ұстатар жағдайлар жұрт көңіліне күмән ұялатқаны белгілі. Мұндай бассыздықты қалай ауыздықтауға болады?

– Халық қайырымдылық­пен айналысатын қорларға се­нуден қалып барады. Неге де­сеңіз, бүгіндері қайырымды­лықпен екінің бірі айналысатын болған. Бөтеннің үйінің өртеніп кеткенін, ауыр дертке шалдық­қанын сылтау етіп, жылу жи­найтындар көп. Әлеуметтік желіні парақтап отырып, ал­дыңнан шыға келген бейтаныс жанның аянышты халіне атүсті қарай алмайсың. Аз-кем болса да үлесіңді қосқың келеді. Ниетім қабыл болсын деп бер­ген аз тиынымыздың есебіне бас қатырып жатпайтынымыз тағы бар.

Қайырымдылық қорлары­ның басым бөлігі ерікті түрде жұмыс істейтіндіктен, олардың ішкі жұмысына мемлекеттік ор­гандар жөн-жосықсыз араласа бермейді. Дегенмен нақты се­беп табылса, бірқатар құзырлы орындар өз бастамашылығы­мен тексеріс ұйымдастыруға құ­қылы. Елімізде 2016 жылы «Қа­йырымдылық туралы» заң қа­былданды. Аталған заңда «жы­лына бір реттен сиретпей орын­далған қайырымдылық бағдар­ламасы туралы есепті бұқара­лық ақпарат құралдарында не­месе қайырымдылық ұйымы­ның интернет-ресурстарында жариялауға міндетті» деген тар­мақ бар. Өкініштісі, оны орын­дап жатқан қорлар аз. Ақшаның қайдан түскені, қалай жұмсал­ғаны, қор қызметіндегі адам­дардың жалақысына дейін бар­лық шығын тәптіштеп көрсеті­луі тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана халықтың қорларға деген сенімі ұлғаяды.

– Соңғы кездері қолдарына жәшік ұстап, қоғамдық көлікте, адамдар көп шоғырланатын орындарда халықтан ақша жи­найтындар көбейіп барады. Бұл «аңқау елге – арамза молда» кейпіне енген алаяқтардың құй­тырқы әрекеті емес пе?

– Қазір мұндай жәшіктер ірі сауда орталықтарының ғана емес шағын дүкендердің, дәрі­ханалардың да кіреберісіне қо­йылып жүр. Онкологиялық ау­руға шалдыққан науқастардың атынан жылу жинайтындар көп. Статистикалық деректерде әрбір он жетінші адамның қа­терлі ісікке шалдығатыны ай­тылған. Ракпен ауырған әр адам үшін халықтан ақша жинай берсек, алаяқтардың араны одан сайын ашылмай ма? Жал­пы біздің елімізде қайырымды­лық жасау мәдениеті қалыптас­паған. Көбіміз заңды, өз құқығымызды білмейміз. Мұсыл­маншылдыққа салынып, көрін­ген жарнамадағы есепшотқа ақша жібереміз. Ақшаны жібер­мес бұрын мұқият тексеріп ал­ғанымыз жөн. Аңдаусызда тер­рористік ұйымдарды, теріс діни ағымдарды қаржыландыруға ақша жіберіп қойсақ, заң ал­дында жауап беретінімізді ұмытпайық. Қорлармен тиісті келісімшарт жасаспай қаражат жинайтын жеке тұлғалар қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылады. Осыны да ескерген жөн.

Қайырымды жандардың көмегіне мұқтаждар кез келген қоғамда бар. Мен орыс жазу­шысы Иван Тургеневтің басы­нан өткен мына бір оқиғаны жиі еске аламын. Қала көше­лерімен серуендеп жүргенде оған бір ер адам келіп, көмек сұрайды. Қаламгер сасқалақ­тап, қалтасын ақтарып, бір тиын да таппайды. Сонда ол әлгі адамға қолын созады. Бей­таныс ер адам да оған қолын со­зып: «Иә, бұл да қайырымды­лық», – деп жауап берген екен. Біз көп жағдайда қайырымды­лық жасауды материалдық дү­ниемен байланыстырамыз. Ізгі ниет, жылы сөз, күлімсіреу, жақсылық тілеу де қайырымды­лық екенін ұмытпайық.

– Алдағы жылы 75 жасқа то­ласыз. Осы жасқа дейін сергек жүруіңіздің себебі неде? Денсау­лығыңызды қалай күтесіз?

– Денсаулыққа Алланың аманаты деп қарайтындардың бірімін. Таңертең ерте тұрып, таза ауада серуендегенді жақсы көремін. Күні бойы жылы су ішуді әдетке айналдырғанмын. Тойып тамақ ішпеймін, көп жағдайда ашқұрсақ жүретінімді жа­сырмаймын. Қазір қоғамда «өз-өзіңді қабылда» деген сөз жиі ай­тылады. Адам өз өміріне шүкір еткенде қолындағыға риза бол­ғанда ғана бақытты болады. Мен де осы қағидамен өмір сүремін. Тағдырыма ризамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Дайындаған

Нұргүл ОҚАШЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp