«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІ МАМАНДАР ТОҒЫСҚАН МЕКЕМЕ

Балалар стоматологиялық емханасы өңіріміздегі аталмыш сала бойынша қызмет көрсететін жалғыз мемлекеттік емдеу-алдын алу ұйымы болып табылады. Емхананың негізгі жұмысы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге білікті стоматологиялық көмек көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ, мұнда сүт тістерін жұлу, шіріктің алдын алу және оның асқынуын болдырмау, тістестірудің кемшіліктерін түзеу, мектеп және мектеп жасына дейінгі балалар арасында ауыз қуысы ауруларының алдын алу, әрі оларды гигиеналық тазалыққа баулу, ауыз қуысының күтімі тәртібіне үйрету шаралары жүргізіледі.

Балалар стоматологиялық емханасының жұмысы Солтүстік Қазақстан денсаулық сақтау бөлімінің 1980 жылдың 1 қазанындағы №458 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылған болатын. Үш жыл өткен соң бүгінгі ғимаратына көшіп, 2011 жылы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ретінде қызмет ете бастады. Кішкентай сәбилердің тісі ауырса, сырқатқа төзімсіз келетіні, соның салдарынан ата-анасының, ата-әжесінің уайым-сарсаңға салынатыны белгілі. Осы жайтты және бүгінгі күннің талаптарын ескеріп, емхана басшылығы емдеу ісін жоғары деңгейде жүргізуді және балалар ауырсынбайтын заманауи қондырғылар қатарын толықтырып отыруды үнемі есте ұстайды. Сол себепті денсаулық сақтау мекемесіндегі қызмет көрсетудің барлық түрі осызаманғы деңгейде ұсынылуда. “Біздің мекемедегі барлық дәрігерлер мен қатардағы қызметкерлер тісті жұлуды соңғы тәсіл деп біледі. Оның орнына біз алдымызға келген балалардың тістерін өмір бойы сау және әдемі қалпында сақтап қалу жолын таңдаймыз. Сондықтан болар, емхананың ақ халатты абзал жандары кішкентай сырқаттарымыз бен олардың ата-аналарының зор құрметіне бөленіп отыр”, – дейді емхананың бас дәрігері Дария Гирицан.

Балалар стоматологиялық емханасының тағы бір мақтанышы – материалдық-техникалық базасының жетілдіріліп отыруы. Мұндағы медициналық ұжым осызаманғы стоматологиялық құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. “Қондырғыларды жаңарту, соңғы үлгідегі эндодонтикалық құрылғылар қатарын толықтыру жұмысты ширата түсуде. Ал тіс ауруларын емдеудегі қолданылатын әдістер мен технологиялар диагностика жасау және емдеудің күрделі мәселелерін шешуге мол мүмкіндік беріп отыр”, – дейді емхана басшылығы. Әрі бұған емхана қызметкерлерінің тұрақты түрде біліктіліктерін арттыруы, түрлі семинарлар мен конференцияларға қатысуы негіз болса керек.

Емхана қызметінің табысты болуы жұмыс сапасымен және білікті мамандардың сырқаттарға деген жылы қарым-қатынасымен тығыз байланысты. Осы қағидаға берік емхананың медицина қызметкерлері өз міндеттеріне зор жауапкершілікпен қарайды, балалардың ыңғайлы және жайлы ем алуы үшін барлық жағдайды жасайды. Үздік дәрігерлердің қатарын стоматолог-оташы Сейілбек Қаженов бастап тұр. Ол қызмет ету жылдарында талай хирургиялық оталар жасаған білікті маман. Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болсын әрдайым сенімділікті сақтайтын асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандар Қалима Мұқатаева, Александр Рябов, Светлана Лахно – кішкентай сырқаттардың тілін таба білетін мамандар.

Облыстық балалар стоматологиялық емханасының дәрігерлері балабақшалардағы балғындар мен мектеп оқушыларының тіс саулығына да жауап береді. Құрамында 800-ден астам оқушысы бар білім мекемелерінде стоматологтерге арнайы стационарлық бөлме беріледі. Жоспарлы санация кезінде аталмыш емхана дәрігерлері мектептерге шығып, ауыз қуысын таза ұстау, дұрыс тамақтану мәселелері бойынша денсаулық сабақтарын өткізіп тұрады.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: тіс дәрігері Қалима Мұқатаева ем-дом жүргізуде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp