«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМДІ ҰРПАҚ КӨШ БАСТАР

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен кеңесте білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау мәселелері талқыланды. Селекторлық режімде ұйымдастырылған жиынға аудан әкімдері, мектеп директорлары мен облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты.

Облыстық білім саласын бақылау департаменті 2015-2016 оқу жылында 129 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізген. Оның нәтижесі бойынша тек 60 білім ошағы (46,5%) сыннан сүрінбей өткен. Қалған 69 ұйымның жұмысы сапасыз деп танылған. Департамент басшысы Ерлан Әбілдиновтің айтуынша, 2012-2013 оқу жылынан бергі өткізіліп келген тексеру нәтижелері бойынша бұл ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Аттестаттау кезінде білім берудің мемлекеттік стандартын бұзу фактілері 2 мектепке дейінгі мекемеде, 18 мектепте және 2 колледжде орын алған. Сыннан сүрінген білім ошақтарының жартысынан көбінің аттестаттаудан өте алмауына оқушылардың білім деңгейінің төмендігі себеп болған.

Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары арасында өткізілген кешенді тестілеу қорытындысына сүйенсек, Тайынша, Ақжар, Мамлют, Аққайың аудандарының мектептері төмен көрсеткішке ие болған. Қазақ және орыс тілі, математика пәндері бойынша тестілеуде, өзгелеріне қарағанда, Қызылжар ауданының бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейі жоғары екендігі анықталды.

Қазақ тілі пәнінен Айыртау ауданындағы оқушылардың 80 пайызының төмен бағаға ие болғаны қынжылтты. Ал орыс тілі мен математикадан Ақжар ауданының оқушылары әлсіз көрінеді.

Департамент басшысы төмен білім деңгейін көрсеткен мектептердің көбінде жұмыс өтілі мол, әрі жоғары біліктілікке ие бастауыш сынып мұғалімдері қызмет ете тұра, осындай олқылықтың орын алуына білім беру сапасына тиісті деңгейде көңіл бөлмеу себеп болуда деген пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, 9-сыныптардағы тестілеу пәндері бойынша облыстағы орта балл “3” деген бағадан да төмен болып шыққан. Бұл сыныптарға сабақ беретін 17 мұғалімнің 10-ы – жоғары санатты ұстаздар, ал, физикадан “екі” алған оқушыларға білім беретін тәлімгерлердің 25 пайызы жақында ғана үшдеңгейлі курстарды аяқтаған. 11-сыныптар арасында химия пәнінен әлсіз оқушылар басым екен. Түлектердің тең жартысы бұл пәннен үштік баға алған. Ерлан Әбілдиновтің айтуынша, облысымызда оқу-тәрбие беру үдерісін және білім беру қызметін жоғары деңгейде ұйымдастырған мекемелер де баршылық. Мемлекеттік аттестаттау нәтижесінде “Нұр-бөбек” бөбекжайы (Петропавл қаласы), Бескөл №2 орта мектебі (Қызылжар ауданы), Тайынша қаласындағы №5 орта мектеп үздік білім ошағы деп танылды.

Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жүргізіліп жатқан шаралар барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова баяндады. Оның пікірінше, тексеріс нәтижесінің көңіл көншітпеуіне бірқатар жайттар себеп болуда. Мәселен, Үкіметтің білім беру саласына қатысты қаулыларына өзгерістер мен толықтырулардың тым жиі енгізілуі салдарынан білім беру ұйымдары аттестаттауға тиісті дайындықсыз қатысқан. Соңғысы, тіпті, үстіміздегі жылдың 16 мамырында енгізілген. Нормативтік құжаттардың сәйкессіздігі де нәтиженің төмен болуына әкеліп соқтыруда. Әрі аудандық білім бөлімдерінде мемлекеттік аттестаттауға даярлық мәселелерімен айналысатын әдіскерлердің жетіспеушілігінен бұл арнадағы жұмыстар ақсап тұр. Кеңес барысында басқарма басшысының осы пікіріне қосылған бір топ мектеп директорлары да өз ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, мемлекеттік аттестаттау мектептің жүрегі саналатын ұстаздарды әуре-сарсаңға салуда, көп жағдайда жүйелілік жоқ. Мысалы, сабақ саны аз да, тақырып көп, әрі бақылау жұмыстары да біраз уақыт алады. Екі ауысымда оқитын мектептерге де оқу үлгерімін жоғары деңгейде сақтап тұру қиындық тудырады. Елді мекендердегі шағын мектептер ұстаздарының екі жерде жұмыс істеуі де істің жайына кері әсер етуде. Дегенмен, білім беру сапасының жоғары болуы бүгінгі заман талабы екені рас. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыстық білім басқармасына қосымша кеңес өткізіп, білім сапасын арттыру бойынша жүргізілетін шаралар жоспарын бекітуді міндеттеді. Білім беру қызметінің сапасына бақылау жүргізуді нығайту жөнінен де бірқатар тапсырмалар берілді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp