«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР НАУҚАС ЖАЗЫЛДЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында қауіпті індетке қатысты облыстағы жағдай бойынша баспасөз мәслихаты өтті.

– Өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 25 науқас тіркелді. Бүгінде инфекциялық стационарда 24 адам ем қабылдауда. Қауіпті індет жұқтырған бір науқас дертінен айығып, үйіне жіберілді. Ол он төрт күн дәрігерлердің бақылауында болады. Қазір 68 адам провизорлық, 230 адам карантиндік стационарда. Олардың басым көпшілігі шетелден келгендер мен науқастармен байланыста болған адамдар. Ал 1137 адам үйде оқшауланған, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев. Баспасөз мәслихатында ауру жұқтырған науқастар үшін №1 қалалық ауруханада қосымша он жансақтау орны қарастырылғаны айтылды. «Қамданған қапы қалмайды» демекші емдеу мекемесі бес жасанды тыныс алу аппаратымен де қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар карантин кезінде қалада жеке көліктері бар жүргізушілерге себепсіз жүруге болмайтынын ескертті. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен ірі сауда орталықтары, көше, аялдамалар мен вокзалдар дезинфекцияланып жатқанын тілге тиек етті.
Қазір облыс орталығының тұрғындары азық-түлікті дүкендерден арнайы тапсырыс беру арқылы алдыруда. Алайда, тапсырыс берушілердің көптігінен «Семейный», «Северный» сауда дүкендері мұндай жұмыс қарқынына үлгере алмауда. Сондықтан тұтынушыға азық-түлік кеш жеткізілуде. Бұл орайда, Асқар Ережепұлы карантиндегі тұрғындарға азық-түлік жеткізуге еріктілер тартылғанын айтты.

Сурет https://www.kp.ru/ сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp