Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақ КСР оқу ісінің үздігі Ескендір Нұрымов ақсақал өзінің мағыналы өмір жолында мәртебелі ұстаздық мамандығын таңдағанына ешқашан өкінбейді. Ұзақ уақытқа созылған тынымсыз еңбек жылдарында өзінің жүрек қалауы болған сүйікті ісі – жас ұрпаққа білім беру және тәрбие жұмыстарымен ғана айналысты. Ондағы қол жеткізген жетістіктері де аз емес, солардың ішінде ең бастысы жүздеген жас түлектерді қанат қақтырып, үлкен өмір жолына салғаны болса керек. Мектептегі қайнап жататын тынымсыз тірлікке үйренген қария қанша жыл құрметті зейнет демалысында жүргенімен, әлі де қарап отыра алмайды. Өзінің төл мамандығы – математикадан қол үзсе де, тіл өнеріне деген жақындығы қолына қалам алдырып, терең өмір шежіресінен сыр сабақтауды ұнатады. Олары жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып та жүр. Оның барлығын жинақтап, бастырар болса, бір кітапқа жетер. Бүгінде жанар оты әлсіреген қарияның кәдімгі қаламмен емес, жалпақ фломастермен бір-бірлеп ірі әріптермен жазуының өзі өмірге деген зор құштарлық болса керек.
Осындай тынымсыз тірлікке құштар Есекең мереке күндерінде дәлізге арнайы плакат іліп, көршілерін құттықтауды әдетке айналдырған. Онысы мектептің қабырға газеттеріне ұқсайды, түрлі түсті бояулармен жазылған жылы тілекке көршілері өте разы, қариялардың бұл әрекетіне түсіністікпен қарап, жылы амандасатын болды. Нұрикамал әжейдің отағасын қолдап, плакатты бірге шығарып, бірге іліп жүретіні олардың өзара сыйластығының айғағы.
Жергілікті тұрғындардың көпшілігі Көбеш деп атайтын Николаевка ауылында олар аттай елу жыл ғұмыр кешті. Есекеңнің ондағы бір орында тапжылмай атқарған ұстаздық өтілі отыз бес жылдан асады. 2008 жылы Көбештен осы қалаға көшерінде ауылдағы дәмханада үлкен ас беріп, ондағы ел-жұртымен қимай қоштасты. Енді ше, нағыз жастық пен еңбеккер шағы өткен Көбеш ауылы оған туған жеріндей өте ыстық. Бір ғана Асқар Игібаев сынды ұстаздық еңбектің ақтаңгері атанған тәлімгерден тәрбие көріп, кейінде үзеңгілес серігі болғанының өзі не тұрады?! “Қонған жердің қадырын көшкенде білерсің” дегендей, бауыр басқан мектебін, ауылын әлі сағынып тұрады.
– Жұрт туған жерімді сұраса, мүдіріп қалатын кезім болады. Оның себебі мынада. Ата қоныс елім – Есіл ауданындағы Жарғайың ауылы. Бірақ мен Түмен облысындағы Сладков ауданының орталығында туыппын. Кейін елге оралған соң Булаев ауданындағы “Чапаев” ұжымшарында тұрдық. Осы үшеуін де туған ауылдарыма баламасыма болмайды, өйткені олардың бәрінде өмірімнің іздері қалды ғой, – дейді Ескендір ақсақал.
Онысы рас, әкесі Қасен 30-шы аштық жылы орыс селоларын сағалай отырып, ішке қарай көшеді. Өз отбасына қоса ауылда дүние салған Мөртай ағасының бес жанды отбасын да бірге ала жүреді. Барлығы 11 жанды асырау қайдан жеңіл болсын, әйтеуір, етікшілік және ағаш шеберлігінің арқасында Ресейдегі селодан селоға қоныс аударып, ақыры Сладковоға барып тұрақтайды. Шешесі Ажар өзінің “Зингер” тігін машинасы бар өте шебер жан еді. Сөйтіп, екеуінің ісмерлігі екі отбасын асыраған. Бір шаңыраққа біріккен екі отбасы аштық тыйылған соң, 1935 жылы елге оралады. Десе де, Жарғайыңда әлі тұрмыс түзеліп кете қоймапты. Қасеннің інісі Шәріпке қалдырып кеткен дүние-мүлік қолды болып кетіпті. Қоян сойып, қонақ қылатын сол кездегі ауылдың ауқатынан түңілген әкесі орман шаруашылығының директоры Рамазан Сағдиевтің шақыртуымен сонда көшеді. Онда бір қыс қыстап, Есекеңнің әкесі мен үлкен екі ағасы ағаш дайындау жұмысында болады.
Сонда жүргендерінде Булаев жақта Бекі мен Мәжен деген кісілердің жаңадан ұжымшар ашқалы жатқаны, соған бұларды шақырған хабар жетеді. Жолай жұмыс істей жүріп, оған жеткендерінше екі жыл өтеді. Тіпті, отбасымен Петропавл – Көкшетау темір жолы құрылысына да қатысқан кездері болды. Бұлар 1938 жылы сонда барғанда ұжымшардың енді-енді құрылып жатқан кезі екен. Ортақ меншікке бір өгіз және бір арба қосып, ұжымшарға бұлар да мүше болады.
– Басында ол Ежов атындағы ұжымшар аталып, сосын Чапаев атына ауыстырылды. Мәлік деген басқарма болғаны есімде. Шымнан кең етіп үй тұрғызып алдық. Ауылдағы ең қолайлысы болған шығар, алғашқы мектеп біздің үйде ашылды. Ортасынан пешпен бөлінген бөлменің бір бөлігінде біз тұрдық та, екінші жартысында сабақ оқытылды. Көңілдің кеңдігін-ай десейші, он бір жаны бар жарты бөлмеде бізбен бірге мұғалім Қайыржан Салин әйелімен тұрды. Онда сабақ латын әліпбиі бойынша жүргізіледі, үйдегі мектептің босағасынан сығалап, мен оны ерте үйреніп алдым. Сондықтан жасым келген соң мені бірден екінші сыныпқа алды. Сөйтіп, “мектеп” табалдырығын өз үйімде аттаған едім, – деп еске алады Ескендір Қасенұлы.
Ұлының алғырлығын аңғарған әкесі оған орысша білім беруді мақсат етсе керек, оны келер жылы көрші Успенка ауылындағы орыс мектебіне берді. Онда бастауышты бітірген соң 5-6-сыныптарды қайта Еңбекші қазақ ауылының жетіжылдық қазақ мектебінде оқыды. Сосын тағы бір жыл Успенка орыс мектебінде болып, орта білімді орыстілді Булаев орта мектебінен алып шықты. Арабша сауатты, молдалығы бар әкесінің оны мектептен мектепке ауыстырып, әуресарсаңға салғанына қазір өзі де таңғалады, бірақ әкесінің ондағы ойын түсінеді. Онда орысша білгендердің аты озған кез еді ғой. Отағасы ұлының өзгелерден кем болмасын ойлағаны анық. Бірақ ол ондай жағдайды соғыстан оралмаған ұлы Бәрамға да, қыздары Жәния мен Мәуияға да және Шәріп ағасынан қалған бауырындағы балаларына да жасаған жоқ. Сөйткен абзал әке ауыр науқастан 1949 жылы көз жұмды. Мүмкін, оған оның “молдалық қылып, кеңес өкіметіне қарсы әрекет етіп жүр” деген көрсетіндімен істі болғаны да әсерін тигізген шығар?
Булаев орта мектебін бітірген Есекең Петропавлдың екі жылдық мұғалімдер институтына қиналмай түсті. Ондағы алғашқы сессиясын түгелдей үздік тапсырып, Сталиндік стипендияға ілікті. Одан физика және математика пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шыққан оның еңбек жолы 1955 жылы Преснов ауданындағы Баян орта мектебінде басталды. Оқытушылық кәсібін математика мұғалімдігінен бастап, ұзақ еңбек жолында өз мамандығына адалдығынан айнымады. Реті келіп тұрған лауазымдық қызметтерден де бас тартып, өзі сүйген істен бұра басқан жоқ.
Екі-үш жылдан кейін Николаевка орта мектебіне ауысқанда да сол математика мамандығын таңдады. Еліне жақындап келгендегі мақсаты – Жарғайыңда жалғыз тұрып жатқан анасы Ажарды өз қолына алу болатын. Облыстық оқу бөлімінің сол кездегі басшысы Виталий Сакунның жеке қабылдауында болып, осы жолдамаға қолы әзер жетті.
– Виталий Ивановичтің менің орыс тілінде сабақ бере алатыныма бірден секем ала қарағаны рас. Өйткені, Баян мектебінде математиканы қазақ тілінде жүргіздім ғой. Тек орыс мектебін бітіргенімді естіген соң көнді. Алғашқы кездескенімде мектеп директоры Асқар Игібаевтың тарапынан да осындай райды таныдым. Асекең өте сезімтал, адам жанын танығыш кісі ғой, орыс тілінің қолымнан келетініне сенді. Бір құдамыздың бос тұрған ескі үйіне көшіп келіп, шешемді қолыма алдым. Сөйтіп, бас сұққан бұл қызметтің зейнетке шыққанға дейін, 36 жылға созыларын кім білген?! – дейді Есекең ақсақал.
Ескендір Қасенұлын танитындардың барлығы оны мектеп директорының қашаннан бері өзгеріссіз қызмет еткен орынбасарларының бірі ретінде біледі. Бәрі 1959-60 жылғы қайта құрудан басталып, ол кәсіптік оқыту ісінің меңгерушілігіне тағайындалды. Сөйтіп, мектепте тракторшы-комбайншы, машинамен сауу операторы мамандықтары оқытылып, оқушылардың өндірістік бригадасы құрылды. Бұл өзі Есекеңнің қарым-қайратын танытқан жұлдызды шағы болды. Мектептің өндірістік бригадасына трактор алуға жан салғанымен, сол кездегі кеңшар директоры “Балалардың ойыншығына берер тракторымыз жоқ”, деп бір-ақ қақты. Одан қайыр болмаған соң, бірбеткей ұстаз аудандық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына барып, мәселені, сонда шешті. Сөйтіп, бірер жылда қолдарына “ДТ-75”, “МТЗ-50” тракторлары мен “СК-3” комбайны және оларға қажетті тіркемелі құралдар тиді.
Ол кезде жер алу проблема емес, оған көкөніс өсіріп, жақсы өнім ала бастады. Әсіресе, алғашқы жылы қырыққабаттың орасан шыққаны есінде. Соның сықиған бір трактор тіркемесін кеңшар асханасына апарып түсіріп, “балалардың ойыншығының” қандай нәтижесі барын көрсетеді. Кейінде кеңшар басшылығына Виктор Сидоров деген кісі келіп, онымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Ол кеңшарда көкөніс бригадасын жауып, бұл міндетті толық оқушылардың өндірістік бригадасына жүктеді. Оқушылардың еңбек және демалыс лагеріне жақсы үй салып берді. Машина тану пәнінің мұғалімі Александр Попов бұл істе көп жұмыс тындырды. Кейінде оның орнына Василий Балашенко деген мұғалім болып, ол да өндірістік бригаданың жұмысын ұршықша үйіріп әкетті. Мектеп бригадасының атақдаңқы жайылғаны сондай – комсомолдың Орталық комитетінен келіп, оның жұмысына жоғары баға берді. 1967 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, оның жүлдесін алды. Сол жылдардағы үздік жетістіктері үшін Есекең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
Оқу орнына жаңадан директордың мектептен тыс және сыныптан тыс тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметі берілгенде Асқар Игібайұлы тағы да Есекеңе қолқа салды. Ал оның оңай жұмыс емес екені белгілі, мектептегі барлық тәрбие мәселесі мойнына жүктеледі. Ол соны абыроймен атқара білді. Өндірістік бригада жұмысын да қатар алып жүрді. Соның нәтижесінде мектеп комсомол ұйымы облыста озық атанып, комсомолдың Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туына қол жеткізді. Мектепке жаңа “ЮМЗ” тракторы сыйға тартылды. Сол кездері мектептегі пионер ұйымына жетекшілік еткен Сәуле Тахметова кейін мектеп ұжымын басқарды.
Міне, осылардың бәрі ұлағатты ұстаздың үлкен өмір жолының ұмытылмас іздеріндей көкірегінде сайрап жатыр. Осы мектепте жүргенде көрші Бірлік ауылының қызы – Нұрикамалды жолықтырып, бақытты шаңырақ құрды. Бастары қосылған соң екеуі де білімдерін жетілдіріп, Есекең Петропавлдың К. Ушинский атындағы педагогикалық институтын, ал зайыбы ҚазМУ-дің филология факультетін сырттай оқып бітіріп, жоғары білім алды. Бірлікте бастауышқа сабақ берген Нұрикамал апай зейнетке шықанынша Николаевка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытты.
Бақытты қариялар бүгіндері екі ұл мен екі қыздарынан немерелер мен шөберелер сүйіп отыр. Ұлдары Асқар мен Асқаттың екеуі де инженер, ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді. Әке жолын қуған үлкен қызы Сәния Есіл ауданындағы Спасовка орта мектебінде математикадан сабақ береді. Қазір көпей қыздары Айгүлмен бірге тұрып жатыр.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Ескендір Қасенұлының тағы бір Құдай берген асыл қасиеті – бойына әкесінен дарыған Құран сөзін қастерлеп, дін жолына берілгені. Көкірегі ояу қарияның өмір тынысымен астасып жатқан қазіргі тұрмыс-тіршілігі көпке үлгі боларлықтай.
СУРЕТТЕ: Е. Нұрымов.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.