Талай қиындықты басынан өткеріп, туып-өскен Отанынан күштеп жер аударылғандардың әрқайсысының тыңдаған жүректі елжіретер тағдыры бар екені сөзсіз. Өкінішке қарай, сол кездің ауыртпалығын көрген жандардың қатарында менің де ата-бабам бар еді. Әкем көзі тірісінде ұрпақтарына осы жайлы баяндап, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығына алған қазақ халқына алғысы шексіз екенін үнемі айтып отыратын.
Көптеген халықтардың басына бұлт үйірілген 1944 жылғы қараша айында Кавказда қалған аш-жалаңаш кәрі-құртаң, бала-шағаны жинап-теріп, бір күнде вагонға малша тиеп алып, белгісіз бағытқа кете барған. Ол кезде әкемнің жанында зайыбы, үш баласы бар. Алайда, әкем жолда отбасынан айырылып, қанаты қайырылған қарлығаштың күйін кешеді. Жақындарының бір бөлігі тірі қалудың амалын ойлап, Өзбекстан еліне жол тартса, қалғаны Қазақстанды паналады. 1945 жылғы қаңтар айында Жамбыл облысындағы Шу станциясынан түсіп қалады.
Әрине, күштеп жер аударғандардың қиындығы мұнымен аяқтала қойған жоқ. Қиындыққа шыдай алмаған кәрі адамдар мен балалар сырқаттанып, одан сайын тығырыққа тірелді. Алайда, осы кезде өздері де жүдеп-жадап, бір тілім қара нан мен бір жұтым суға зар болып отырған жергілікті халық – қазақтардың мейірімі мен қамқорлығының арқасында талай жан аман қалды. “Қазақтар мұқтаж жандарға үйлерінің есігін айқара ашып, құшақ жая қарсы алды. Осы кезде ес жинап, өмірімізде қиындық көрмегендей болдық. Қазақтармен бір анадан, бір атадан туғандай сыйластық”, – дейтін еді марқұм әкем.
Қазақстанға келгеннен кейін біртіндеп аяққа тұрып, етек-жеңдерін жинай бастаған әкем және оның бауырлары отбасын асырап, “екі қолға бір күрек” табудың амалына кіріседі. Осылайша, шаруашылықпен айналысып, көкөніс өсіріп, мал бағуды қолға алған. Күн артынан күн өтіп, осындай қияметтің қиынын көрген халықтар 1956 жылы ғана Отанына, туып-өскен мемлекетіне қайтып оралуға мүмкіндік алады. Алайда, өз жағдайына қарамастан, ауыздағысын жырып берген қазақ халқының жақсылығына тәнті болған біздің әулет осы жерден кетпеді. Ұрпақтары – біз де осы мемлекетте дүние есігін ашып, екінші Отанымыз деп қабылдадық. Әкем сол жылы екінші рет отбасын құрып, анам екеуі тоғыз баланы дүниеге әкелді. Қазақстанда өзге ұлт өкілдеріне берілген еркіндік пен жасалған мүмкіндіктердің арқасында барлығын аяққа тұрғызып, тәрбиеледі. Қазіргі таңда бауырларымның дені Шуда өмір сүріп жатыр.
Сүйікті мамандығымды таңдап, жоғары білім алып, отбасын құрып, бала-шағамызбен бақытты, тату-тәтті күн кешіп отырғанымызға шүкіршілік етеміз. Қырғызстан медициналық академиясында фельдшер мамандығын меңгергеннен кейін 1991 жылы тағдырдың жазуымен Солтүстік Қазақстан облысына келдім. Алдымен жұмыс бабымен ат басын тірегеніммен, келесі жылы осы өңірге біржола көшіп келу туралы шешім қабылдадым. Жаратқанға шүкір, қазіргі таңда зайыбымыз екеуміз үш бала мен алты немеренің қызығына бөленіп, шаттыққа, береке-бірлікке толы шаңырақта күн кешудеміз. Отбасылық кәсіп ашып, еш таршылық көрмей, ел қатарлы өмір сүріп келеміз.
Өкінішке қарай, бүгінде талай зобалаңды бастан өткерген аға ұрпақтың қатары сиреді. Біз де әкемізден тоқсанды алқымдаған шағында, 2016 жылы айырылдық. Қазіргі жас буын аталарының қандай қасіретті бастан кешіргенін біле бермейді Олардың қалай осы жерді мекен етіп, қазақтардың арқасында тірі қалып, аяқтарынан нық тұрғанын енді біз айтпасақ кім айтады?
Таптырмас бақытқа айналған татулық барлық халықтың ізгі арман-мақсаты мен ортақ мұраты болса керек. Қазақстан халқының қаймағы бұзылмай, ел іргесі сөгілмей ауызбірлікпен тірлік кешуі – осы елдегі ынтымақтың жемісі. Әрине, бұған әрбір қазақстандықтың қосып келе жатқан үлесі бар екені де даусыз. Бұл достықты мәңгі қадірлеп, қасиетін жоғалтпау да әрқайсымыздың басты парызымыз екенін естен шығармауға тиіспіз.
Шамо ИСКАНДАРОВ,
“Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.