«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРГЕ ТӨТЕП БЕРЕМІЗ

Таяуда Қорған облысы бойынша Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің басты басқармасы мен Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті әріптестерінің кездесуі өтті. Кездесу мақсаты халықты құтқару сияқты маңызды саланың жұмыс тәжірибесімен алмасу мен жауынгерлік бауырластықты нығайту болып табылады.

Жаздың ыстық күнінде Қорған облысының Петухов ауданындағы Зотина селосына таяу жазық далада өткен оқу-жаттығуға Ресейден 45 техника мен 154 адамнан тұратын жеке құрам, Қазақстаннан 5 техника мен 29 адамдық жеке құрам қатысты.

Қысқаша нұсқаулықтар берілген соң сценарий бойынша абайсыз пайдалану салдарынан орманда шыққан өртті сөндіру шаралары көрсетілді. Моторлар от алып, орманның айналасын жыртып, жеке құрам ақ қайыңға “ұмтылған” от ошақтарын сөндіріп жатты. Алайда, төтенше жағдай аумағындағы ахуал қиындай бастады. Өрт ошағы Солтүстік Қазақстан облысына қарай беттеді. Бұл жағдайды шектеу үшін қазақстандықтар мен ресейліктер бірігіп, қолда бар күш пен техникалық құралдардың бәрін пайдаланды. Жоспар бойынша өрт салдарынан Ресей аумағындағы автожолда жолаушылары бар “Москвич” көлігі де отқа орана бастады. Сондықтан ресейлік құтқарушыларға бірден бірнеше міндетті атқаруға тура келді. Олар өртті сөндіріп, зардап шеккен адамдарды құтқарып, “зардап шеккендерге” алғашқы медициналық жедел жәрдем көрсетті және Петухов аудандық орталық ауруханаға жеткізді. Ресейліктер бұл міндеттерін толықтай атқарып, солтүстікқазақстандық әріптестеріне шеберліктерін көрсетті және тәжірибелерімен бөлісті.

Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінен арнайы шақырылған өкілдер тарапынан Қазақстан мен Ресейдің өртсөндірушілерінің бірлескен әрекеті оң бағаланды.

– Бүгінгі оқу-жаттығу бірлескен күшпен шекаралық деңгейлі төтенше жағдайларға қарсы күресте тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетті. Егер өрт болып, ресейлік және қазақстандық өртсөндірушілердің күштері керек болса, онда бірлескен күштің арқасында екі мемлекеттің шекарасына да өрттің таралмайтынына сенімдімін, – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Өткізілген оқу-жаттығу барысында қауіп-қатер мен шекаралық төтенше жағдайларға байланысты ҚР ІІМ ТЖК СҚО ТЖД мен Қорған облысы бойынша Ресей ТЖМ МБ арасындағы серіктестік жоспарына қол қойылды.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі

департаменттің баспасөз хатшысы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp