«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Біржан ЕСЖАНОВ: “ҚАНДА БАР, СҮЙЕККЕ СІҢГЕН ӨНЕР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ”

Төрткіл дүниеде қазақ сияқты ән мен жырды қастерлеген халық сирек кездеседі. Сәби шыр етіп өмірге келгенде бесік жырымен қарсы алып, о дүниеге жоқтау айтып шығарып салатын тағы кім бар екен? Сырт көз – сыншы, орыстың әйгілі зерттеушісі Григорий Потанин “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді”, – деген сөзді себепсіз айтпағаны аян. Солақай саясат қанша рет тұншықтыруға тырысқанымен төл өнеріміз өшпеді. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеп, бүршік жарды. Арқа ән мектебінің ордасы саналған қасиетті Қызылжарда да дәстүрлі өнердің екінші демі ашылғандай. Жаңа леп әкелген жас буынның өкілі Біржан Есжановпен төл өнеріміз туралы сұхбаттасудың сәті түсті.

– Сұхбатымызды жақында ғана Жастар сарайында өткен “Гәкку” концертінен бастайықшы. Осы концертте жұрт ән тыңдап қана қойған жоқ, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының көпшілік біле бермейтін сырларына қанығып қайтты. Бір “Гәкку” әнінің төрт нұсқасы орындалды. Демек, осы кешті ұйымдастырудағы мақсат тек ән тыңдату ғана болмаған сияқты ғой.

– Әрине, қандай да бір тұлғаны тану үшін, ең алдымен, оның өмірімен танысу қажет, ал жазушыны білу үшін жазған шығармаларын оқуың керек қой. Не айтқысы келгенін ұғыну маңызды. Сырттағы дауыс бір бөлек, ішкі жанайқай, астарлап айтқан сыр деген болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін өлгеніміз тіріліп, жоғалғанымыз түгенделіп жатыр ғой. Соның ішінде Үкілі Ыбырайдың мұрасы енді-енді елге қайта бастады. Қайсыбір қиын қыстау замандарда оның әнін айтпақ түгілі есімін атаудың өзі қылмысқа баланған күндер өткен. Осындай себептерден көптеген шығармалары ұмытылды, біразы халық әні атанып кетті.

Концертіміздің негізгі мақсаты – Үкілі Ыбырайдың кім екенін халыққа таныту болды. Оның шығармаларын кеңінен насихаттап, қалай және қай жерде шығарылған ән екенін барынша түсіндіруге тырыстық. Әрбір ән орындалар алдында кіріспе ретінде тарихын айттық. Бұл бір ұтымды тәсіл болған сыңайлы. Ыбырайдың әндері үлкен-үлкен операларда қолданылғанын білеміз. Қазақтың тұңғыш операсы – Евгений Брусиловский жазған “Қыз Жібектің” өзінде басты ариясы ретінде осы “Гәкку” әні айтылады. Ол – сазгер ғана емес, суырып салма ақын. Көп жерде сөзіне әні бағынышты. Мысалы, “Жиырма бес”, “Дүние”, “Аңшының әні” сияқты әндерінде кереметтей әуен болмағанымен, мәтіннің мәні атан түйеге жүк болғандай салмақты.

Көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры – қайраткерлігі. Ол көзі ашық, көкірегі ояу жан. Тіпті білім іздеп Петерборға дейін барған. Басында кеңес өкіметін қолдағанымен, кейін олардың жымысқы әрекеттерін, қолдан жасаған аштығын біліп қойып, әшкерелеуге тырысқан. Сол үшін “халық жауы” деген жала жабылып, қамалған. Өлімі әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.

Осы концертке жиналған қауымның, жерлесіміз Үкілі Ыбырайдың тұлғасын тани білген ағайынның бірауыз тілегін айта кеткенді жөн көріп отырмын. Оның есімін қаламыздағы өнер колледжіне немесе шаһардағы басты көшелердің біріне берсек деген ұсыныс бар.

– Бұл өте орынды ұсыныс екен. Қолдау табар деген ойдамыз. Сұхбатымызды әрі қарай жалғасақ, келесі сауалым лекция-концерт деген ұғымға қатысты болмақ. Мұндай концерттер несімен ұтымды?

– Концерттер түрлі формада өткізіледі ғой. Негізінен академиялық концерттер басым. Көрермен әнді тыңдайды да әркім өз пайым-парасатынша түсінеді. Дәстүрлі ән дегеніміз тұнып тұрған даналық, әрбір сөзі – пәлсапа. Өкінішке қарай, біздің қазіргі қоғам ол әндерді бір тыңдағаннан қабылдай қоймайды. Сондықтан әрбір әнге тоқталып, оның тарихын және сол кездегі оқиғаларды айтып отырдық. Бір сөзбен, композитордың өмірі мен шығармашылығына көрермендердің қызығушылығын тудыру мақсатын көздедік.

Мысалға, Үкілі Ыбырайдың “Қалдырған” деген әнін алайықшы. Ол кімге арналған, қандай көңіл-күйде шығарылған? Осының бәрін көрермен білсе әннің ішіне еніп, айтылған жайттарды өз бойынан өткізгендей әсер алар еді. “Қалдырған” композитордың алпыстан асқан шағында шығарған соңғы әні екен. Бұл ән ақынның бүкіл өмірінің түйіні, бір дәуреннің аяқталар нүктесі іспеттес. Естайдың “Қоштасу әні”, Біржан салдың “Теміртасы” сияқты осы ән арқылы қоштасып тұрып соңында: “Қалдырғанды” тапсырдым Сұраған саған аманат”, – деп аяқтайды. Бұдан Сұраған деген ақынның шәкірті болғанын да білеміз.

Бір Үкілі Ыбырай ғана емес, Біржан салдың, Ақан серінің шығармашылығынан да концерт бердік. Халық жақсы қабылдады. Себебі, бұл азаматтардың өмірі де, өлеңі де қызықты ғой. Тұлғалар тарихынан берілетін концерттер сериясы әрі қарай да жалғасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Мәди, Естайлардың шығармашылығын да қызылжарлық тыңдарман білуі тиіс.

– Ертеректе ел арасында “дарындар ауылда туып, Алматыда өледі” дейтін тіркес көп айтылушы еді ғой. Өнерлі, білімді ұл-қыздардың көбінің орталыққа қарай ұмтылуы заңдылық шығар. Сіз де Астанада оқыған соң сол жақта қалып қоя ма деген қауіп болғаны рас. Бірақ, Қызылжарға оралдыңыз, кіндік қаныңыз тамған туған жер жібермеді ме?

– Өнерге тәй-тәйлап алғашқы қадам жасаған кез әлі күнге дейін көз алдымда. Ұстазымыз Жанат Айтбаев томағамызды сыпырды да, топқа салды. Бұл 2006 жыл болатын. Өнер колледжінде оқи жүріп, сахнаға апарар жолды іздей бастадық. Таптық ол сүрлеуді. Бірақ көрермен біздің әнімізге тосырқап қарағандай сыңай танытты, алғашында түсінбей жүрді. Айқайға салатын кейбір тұстарында күлгендерін де мына көз талай көрді ғой. Соның бәріне шыдадық. Қызылжар сахнасынан халық әндері жиі айтылмайтын, ұлттық әуендеріміз бен домбыраның күмбірі ұмытылып, құлаққа жат бола бастаған тұс. Айтпағым, өңірде әнші болмады дегенді білдірмейді, болған, бірақ олар сахнаға жиі шықпаған еді. Қанында бар, сүйекке сіңген әуен жойылуы мүмкін емес, тек шыңдап жіберу қажет. Сондықтан осы міндетті бір топ жас өз мойнымызға алуды ұйғардық.

Құдайға шүкір, қазір дәстүрлі әнімізді жандандырып келеміз, бұрынғыдай күлу жоқ, қайта арқалары қозып, қолпаштап отырады. “Ит тойған жерінде, ер туған жерінде” демекші, бұл намыстың ісі десек болады. Ұстазым Қайрат Байбосынов та Қызылжарда төл өнерді түлетуге кеңес берді. Себебі, Астанада әнші көп екені шындық. Ендігі бір кем дүние – күй. Қызылжарда өтетін мерекелік үлкен концерттердің қайсысында қазақтың Сүгірінің немесе Әшімтайының күйі орындалды? Тіпті, күйдің атасы Тәттімбетті шерткен біреуді көрдіңіз бе? Жоқ. Күйші жоқ емес бар, бірақ шығармайды. Бұл да ұлттық санамыздың әлі де жетілмей жатқанының көрінісі.

– Арқа ән мектебін қалыптастырған Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай бастаған дарабоздарды ерекше атаймыз, олардан кейін Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов… осылай жалғасып кете береді. Жұрт өзің тетелес жас жігіттердің өнерлеріне ғана емес, ауызбіршіліктеріне де таңданыс білдіруде. “Болар елдің, баласы бірін-бірі батыр дер” дегендей, бір терінің пұшпағын илеп жүрген жігіттер туралы айта кетсеңіз.

– Алла Тағала шебер ғой, керек қоғамға керек адамын тудырып береді. Өнер деген толқын сияқты. Жел тұрса көтеріледі, басқа уақытта тыныш жататын. Және ортаға да көп нәрсе байланысты. Мысалы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде айтыс өнері қарыштап дамыды ғой. Аузы дуалы ақындар шоғыры пайда болды дегендей.

Қызылжардағы қолына домбыра алып, ән салып жүрген жігіттердің бәрі дерлік – Жанат Айтбаев ашқан мектептің түлектері. Елордаға барып, білімін шыңдап келіп, туған жердің бір кірпіші болып қаланып жатқандар ішінен Олжас Сұрағанов деген жігітті ерекше атап өткім келеді. Қазір ол Әскери институт оркестрінде әнші болып қызмет етіп жүр. Қолынан домбырасы түскен емес. Еркебұлан Қарыповтың есімін де ерекше екпін сала атағым келеді. Оқуы аяқталған соң Қызылжар аудандық Мәдениет үйіне қызметке тұрды. Сол жерде қазақтың өнерін жаңғыртып жүр. Астанада оқымаса да, жергілікті колледжді бітіріп, әнімен көпті тамсандырып жүрген Ғалымжан Нұрпейісов деген бауырымыздың да талпынысы қолдауға тұрарлық.

Өнер тек әннен ғана тұрмайды. Біздің тобымызда ақын да бар, күйші де бар. Айтыскер бауырымыз Жарқын Жұпархан да – ұлттық өнер десе, ішер асын жерге қоятын азаматтардың бірі. Өңірімізде танымал “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің жетекшісі, домбыра шерткенде саусақтары қос ішекте жорғалайтын Руслан Асылхан деген жігіттің еңбегі де зор. Қазіргі таңда Астанада қызмет атқарып жүрген күйші Әсет Әбдірахмановтың да туған жер десе, жүрегі елжіреп тұрады. Қызылжарда өнерлі азамат көп қой, менің айтып отырғандарым – өзім араласатын, Қызылжарда қайтсек қазақ өнерін дамытамыз деп жүрген мүдделес бауырларым.

– Бүгінде дәстүрлі әніміздің орнын эстрада басуда. Екеуі бір-біріне бәсекелес емес те шығар. Бірақ эстрада күнделікті жаңаруда, жаңа әуендер мен әндер қосылуда. Ал домбырамен айтылатын дәстүрлі әндерге келсек, соңғы уақытта шықты деген әнді жиі естімейміз. Баяғы сол Ақан, Біржан, Мәдилерді айтып жүрміз. Композиторлар қайда? Неге жаңа ән жоқ?

– Жоқ емес, баршылық. Бірақ соны тыңдайтын құлақ аз сияқты. Біздің өңірді айтпай-ақ қояйын, себебі, сазгер түгілі орындаушылар енді-енді шығып жатқан жоқ па? Ал қазақтың кең-байтақ даласынан талай дарын шығып жатыр. Кешегі “Сәби болғым келеді” деп жырлаған Тұрсынғазы Рахимовты алыңыз. Мұқағалидың “Үш бақытым” атты өлеңіне ән шығарған Кентау Назарбеков деген Семейден шыққан сазгерді атап өткен жөн. Менің де ақырындап ән шығаратын өнерім бар. Қызылжардан шыққан дүлдүл ақын Ерік Асқаровтың екі өлеңіне және түркі әлемі пір тұтқан Мағжан Жұмабаевтың бір өлеңіне ән жаздым.

Ұлттық нақышта ән жазу, осы салада іздену – өткенді сағынудан туады. Дәстүрлі ән жеңіл-желпі болып шықпауы керек. Ол ән өнерінің жауһары ғой. Сондықтан да саны аз шығар. Бірақ эстрада сияқты бір айтылып, әрі кетсе бірнеше жылдан кейін ұмыт қалатын дүниелерді жазып, көріне берудің қажеті де шамалы.

– Өнер – халықтікі. Өнер адамдары да халықтың ұлы ғой. Бұрынғының байлары ақындар мен әншілерге шапан жауып, ат мінгізіп жатушы еді. Өзіңіздің өнеріңізді ел азаматтары қалай бағалауда?

– Туған жеріме келіп төл өнерімізді дамыту үшін істеп жатқан жұмысты біреуге міндетсуге менің еш қақым жоқ. Көрген жерде танып, баталарын беріп жататын ақсақалдар, ағалар бар. Ел басқарып отырған, жеке кәсіптері бар Біржан Шаймерденов, Елтай Зікірин, Еркебұлан Мәмбетов сынды азаматтар айтқан бір әніме разы болып, ат мінгізген кездер де болды. Бұл – менің өнеріме емес, халықтың дәстүрлі әніне берілген баға деп білемін. Сананы тұрмыс билеген заман ғой, өнер адамының еңбекақысына шылқып байып кете алмайсың. Сондықтан әлі күнге дейін баспана ала алмай жүргенім рас. Бір жөні болар деп жүрген жайымыз бар.

– Ағыңыздан жарылып, сұхбат бергеніңізге мың да бір рахмет! Өнеріңіз әр кез үстем болсын!

Сұхбаттасқан

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp