Мемлекет басшысы ұсынған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы “Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлеу” бөлігінде көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңы қабылданды. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мемлекеттің одан әрі табысты дамуы үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері қоғамның мүддесіне зардабын тигізеді және мемлекеттің экономикалық өсуіне орасан кедергі келтіреді. Сондықтан да біздің еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, әртүрлі шаралар мен модельдерді үйлестіріп отырады.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы менеджмент, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау, сыбайлас жемқорлықты ескерту және оның алдын алу, құқық қорғау қызметі сияқты жұмыс бағыттарын үйлестіреді. Бұдан бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жемқорлықтың салдарымен ғана күресуге және кінәлі адамдарды жазалауға бағытталған болатын. Қазір елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына елеулі өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назар оның алдын алуға, мемлекет пен қоғамның күшін сыбайлас жемқорлықты барынша азайту жолына ұштастыруға бағытталған. Осы бағыттағы кешенді іс-шара Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көзделген.
Мемлекет сыбайлас жемқорлықпен күресте үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетіп отырады. 1996 жылы Қазақстан Республикасының “Қоғамдық бірлестіктер туралы”, 2001 жылы “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Заңдары, ал 2002 жылы республиканың үкіметтік емес ұйымдарына мемлекеттік қолдау тұжырымдамасы қабылданды. Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың бағдарламасын жүзеге асыру оның дамуына өз үлесін қосты. Сонымен қатар, 2015 жылғы қазан айында қабылданған “Қоғамдық кеңестер туралы”, “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” Заңдарды атап өту қажет, олар мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, қоғам алдында мемлекеттің есеп беруін қамтамасыз етудің нақты тетіктерін үйлестіруге бағытталған.
Біздің департаменттің қызметкерлері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің үкіметтік емес құқық қорғау органдарымен, ұйымдармен, этномәдени және діни бірлестіктермен бірлесіп жұмыс атқару бағытында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде ақпараттық және түсінік жұмыстары жүргізіліп, үкіметтік емес бірқатар келісімдерге отырдық. “Адалдық алаңы” интернет-ресурсы арқылы жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жақтастарын іздеу барысында біздің өңірден 109 ұйым мен 1633 солтүстікқазақстандық тіркелді. Бұл жұмысты облыс аудандарында жүргізу барысында жұртшылықпен тығыз байланыс орнатылды. 2016 жылға жасалған бірлескен іс-қимыл жоспары өзінің тиімділігін көрсетті.
Үстіміздегі жылдың он айында департаменттің жұмыс жоспарына сәйкес әртүрлі мақсаттағы аудиториямен 541 іс-шара өткізілді, оның ішінде 309-ы білім және ғылыми-тәжірибелік (семинарлар, “дөңгелек үстелдер”, лекциялар, конференциялар, зияткерлік ойындар, конкурстар), 150-і ақпараттық-түсіндіру (баспасөз мәслихаттары, брифингтер, сұхбаттар, тура байланыстар, бейнероликтер) және 79-ы мәдени-бұқаралық (қоғамдық қабылдаулар, флешмобтар, спорт жарыстары, акциялар) бағыттарда жүргізілді.
“Нұр Отан” партиясының облыстық, қалалық және аудандық филиалдарымен жақсы байланыс орнаттық. Есепті кезең ішінде біздің департаменттің басшылары “Нұр Отан” партиясының филиалдарында 21 рет азаматтарды өздерін толғандырып жүрген және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің басым бөлігінің өтініштері оң шешімін тапты. Үстіміздегі жылы облысымыздың сегіз елді мекенінде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон” акциясының аясында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды.
Жастар ұйымдарымен облыс аумағында кең ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, қазан айында “СҚО жастар мәслихаты” жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен бірге “Мұны әркім білуі тиіс!” акциясы шеңберінде Петропавл қаласы мен аудан тұрғындарына сыбайлас жемқорлық тақырыбына ақпараттық парақшалар таратылды. Бұл тақырыпты көтеретін “Ревизор”, “Күлкілі ақшалар”, “Жетім тағдыр” спектакльдерін облыс театрлары сахнаға шығарды. Биыл “Неополитанша пара алу” қойылымы көрермендер назарына ұсынылмақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға облысымыздың кәсіпкерлері де өз үлестерін қосуда. Петропавл қаласы мен аудандардың кәсіпкерлері қатысқан бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумға шаруашылық жүргізуші субъектілермен бірге облыстық кәсіпкерлер палатасы және оның аудандық филиалдары, бизнес-қауымдастық арасында қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Форумда көптеген өзекті мәселелер талқыланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында өзара іс-қимыл механизмдері хақында пікірлер алмасылды.
Департаменттің үкіметтік емес сектормен бірлескен жұмысы барынша тиімді және нәтижелі болуы үшін биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс есебінен қаржы бөлінді. Оның шеңберінде тұтастай іс-шаралар кешені жүзеге асырылды. Біздің департамент қызметкерлерінің бастамасымен өткізілген “Жастар ауылы” сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастар лагерін ұйымдастыру соның бір көрінісі болып табылады. Оның спикерлері “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов пен Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың төрағасы Төлеген Байболов болды. Шара барысында сыбайлас жемқорлықпен күрестің бірқатар мәселелері күн тәртібіне қойылды. Оған келген алпыстан астам жастар сонымен қатар, спорттық және зияткерлік ойындарға, шығармашылық кештерге және “Менің таңдауым – мемлекеттік қызмет” флешмобына қатысты. “Жастар ауылы” іс-шарасының тиімділігіне көз жеткізген департамент басшылығы оны 2017 жылы Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлері жастарының қатысуымен ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Департамент қызметкерлері тамыз айынан қоғамдық қабылдау қызметін жүргізіп келеді. Жуырда “Азаматтық бақылау” жобасы бастау алды. Бүгіндері мемлекеттік органдардың жұмысына және басқа да мәселелерге қатысты 85 адам қоғамдық қабылдауға келді. Олардың әрқайсысымен жеке әңгіме өткізіліп, тиісті шешімдер қабылданды, жазбаша немесе ауызша жауап берілді.
Елімізде жүргізілген реформалар шеңберінде сыбайлас жемқорлық өрісін тарылту мәселелеріне де үлкен мән берілуде. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Заңға сай мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтердің бизнес пен халық қамы үшін бағытталуын қамтамасыз етеді, қызмет көрсету стандарттары бекітілді. Бұл үшін қазіргі уақытта мемлекет көрсететін қызметтердің электронды форматына ауысуы бойынша белсенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұған қоса, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау мен бақылау жүргізіліп, халық пен бизнестің қанағаттанушылық деңгейі қадағаланады.
Міне, осы аталған шараларды жүзеге асыруға агенттік қызметінің жаңа нысаны бағытталған, яғни агенттік мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық қатерлердің бар-жоғына талдау жасап, оларды жою туралы тиісті ұсынымдар енгізеді. Өйткені, агенттік бұл жұмыс форматын мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттырудың пәрменді тетіктерінің бірі деп қарайды
“Ақпараттандыру туралы” Заңның жаңа нормаларымен мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру есебінен сыбайлас жемқорлық қатері деңгейін төмендету, ал “Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы” Заңмен бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру мен мемлекеттік активтерді басқару қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік және жеке сектордағы сыбайлас жемқорлықты бағалау үшін алғаш рет оның тәуекелдерін талдау ұғымы енгізілуде. Ол мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары және субъектілеріне қатысты жүзеге асырылатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық субъектілер арасында оның тәуекелдерін ішкі талдау ұғымы енгізілуде. Сонымен қатар, жаңа заңнамаларға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасайтын субъектілер болып табылатын жекеменшік компаниялар да, жоғарыда аталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдап, жүзеге асыра алады.
Жаңа заңда, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа азаматтық қоғамды кеңінен тарту мәселесін қамтамасыз ету қарастырылған. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг ұғымы енгізіліп отыр, ол жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне жүйелі негізде талдау жүргізуге және құқық қолдану тәжірибесіне мүмкіндік береді. Мониторингке мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілері мен ресми сайттарынан басқа, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтері де, БАҚ-тағы жарияланымдар да және әлеуметтік сауалнамалардың мәліметтері де кіретін болады.
Жалпы айтқанда, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы кешенді амал-тәсілдерге кадрлық саясат, қызметкерлердің әдептілігі пен уәждемесін жоғарылату, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жұртшылықпен өзара әрекеттесуде кәсіпкерлік үдерістерді жетілдіру сияқты түйіндер кіреді. Осылайша, мемлекеттік аппарат, халық және бизнестің өзара байланысқан салаларында сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.
Рүстем БАЙЖАНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің
бас маманы.