«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІГІ БЕКЕМ БОСТАНДЫҚ

Мамлют ауданындағы қазағы қалың елді мекендерінің бірі – Бостандық. Көршілес ауылдар – Үшкөл, Андағұл, Жалтыр, тағы басқаларының орны үңірейіп, жұрты ғана қалған. Егер бостандықтықтар білек күшін біріктіріп, ортақ мақсат жолында бірлесіп жұмылмағанда осылардың жолын құшар ма еді?!

Бостандық та болашағы бұлыңғыр елді мекендер санатына енгі­зі­ліп, тарап кету қаупі төнген. Орта мектептегі оқушының саны екі есе­ге дейін азайып, отбасылар басқа жаққа көшудің қам-қарекетіне кі­ріскен. Не істемек керек? Жауабы қиын жалғыз сауал білім ордасы­ның директоры Айгүл Сарбасова­ны да қатты ойландырған. Ұжым­мен ақылдаса келіп, әр мұғалім ту­ған-туыстарының, дос-жарандарының, құда-құдағиларының бала­ларын тартуға барынша күш салу ке­рек деп шешкен. Содан жазғы ка­никул кезінде ауыл-ауылды арала­лау, жағдайды түсіндіру, үгіттеу, сөй­тіп “оқушы жинау науқаны” бас­талып кеткен. Бір қызығы, амал­сыз­дықтан, мәжбүрліктен туған игі қадам өз жемісін береді деп ешкім күтпеген болуы керек. Кейін бұл бастама жыл сайынғы дәстүр ретінде орныққан.
– Бірде маған астаналық кәсіп­кер әйел хабарласып, жалғыз ұлын бізде оқытқысы келетінін айтты. Сенер-сенбесімді білмедім. Келі­сілген уақытта баласын алып кел­ді. Жігер Ғалымов деген бала са­баққа өте алғыр, зерек болды. Оқу­ды осында тамамдады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында медколледждің сту­денті. Павлодардан Айгүл Ха­лы­қова оқыды. Алтыншы сынып­тан кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне түсті. Айта берсе, мұн­дай мысалдар аз емес. Тимирязев, Мамлют, Жамбыл аудандарынан да келіп оқиды. Былтырдан бері “Уа­қытша баспана” бағдарламасы енгізілгелі жағдайымыз тіпті түзел­ді. Он екі отбасыға ай сайын суб­сидия түрінде жәрдемақы төле­неді, – деді әңгіме барысында мек­теп директоры.
Ауыл мектебінде қолға алынған іс-тәжірибемен танысуға келгенде ұлағатты ұстаз Мәжит Мүрсәлі­мов­тің 100 жылдық мерейтойы ата­лып, ескерткіш тақта орнатылып жатыр екен. Облыстың құрметті азаматтары Болат Сағындықов пен Ғазез Есмұқанов, республиканың еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ысмағұлов, самбо күресінен әлем, Еуропа чемпионы Мақсат Нүсіпов – осы мектеп түлектері. 2004-2019 оқу жылдарында төрт алтын белгі, он үздік аттестат иегерлері шық­қан. Олардың тоғызы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқ­тап, “Болашақ” бағдарламасы ар­қы­лы оқуларын жалғастырған. “Сер­пін” бағдарламасы аясында бі­лім алған Гүлжайна Пірімбетова мен Махамбет Алдаберген “Дип­ломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша осында келген. Түбі қы­зылордалық Гүлжайна республи­ка­лық “Үздік педагог” онлайн олим­пиадасына қатысып, екінші дәре­желі дипломмен марапатталған. Бол­гарияда өткен халықаралық ғылыми-конференцияға ұсынған “Үш­тілді білім беру” атты әдістеме­лік мақаласы топтама жинаққа еніп, арнайы сертификатқа қол жет­кізген. Мектепте “Толқын” вокаль­ды тобы, тоғызқұмалақ, бесасық, шахмат, күрес үйірмелері жұмыс істейді.
Қазір мұнда өзге ұлттың бала­лары да мемлекеттік тілде білім ала­ды. Соңғы үш жылда тоғыз от­ба­сы басқа жақтан қоныс аудар­ған. Бұл отбасылардағы қырықтан ас­там бала шағын орталыққа, даяр­­лық тобына барады, он екі адам мек­тепке тұрақты жұмысқа орналас­тырыл­ған. Осылайша, сырттан кө­шіп кел­ген ағайындардың арқа­сын­да да оқушылар саны едәуір көбейген.
“Сенім” ЖШС-нің директоры Зәп­кен Шаяхин Арыс қаласынан көшіп келген Ержан Әбдиевті өз қамқорлығына алған. Әйелі мек­теп­те, өзі шаруашылықта еңбек етеді. “Үйелмелі-сүйелмелі бес ба­ласы бар. Біз осындай көпбала­лы отбасыларға, механизатор, трак­торшы, жүргізуші мамандық­тарына зәруміз”, – дейді серіктес­тік жетекшісі.
Келесі жылы ауылға сапалы ауызсу жеткізіліп, әр үйге дейін тар­тылмақ. Тек кеңжолақты интернет­тің мектепте ғана қолданылатыны жақсы бастамаларға көлеңке түсіріп тұрған тәрізді.
Ерлік Мұхамеджанов – озық ой­лы жастардың бірі. Алғашында өңір жұртшылығына “Жай­дарман” көңілді тапқырлар клубы арқылы танылса, кейін “Qy­mys­Fest” фестивалін ұйымдастыр­ды. “Ботай” ұлттық ойынын заман ағымына орай өзгеше нақышта жаң­ғыртып, республикалық сайыс­қа айналдырды. “Қызылжар” жас­та­ры” қоғамдық бірлестігіне жетек­шілік етеді. Ізденімпаз жас бүгінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верси­тетінде оқытушылық қызмет атқа­рады. Былтыр Ерлік “Ауыл – ел бесігі” бағдар­ламасы ая­сында алтын ұяларын сақ­тап қалу, от­басы санын көбейту жө­нінде бас­тама көтеріп, азамат­тық борышын, перзенттік парызын өтеуге білек сыбана кірісті. Мам­лют ауданының әкімі Руслан Аң­баевпен бүкпесіз сыр­ласып, биз­нес-жоспарлары­мен бөлісті. Жаңа үйлер салу тура­лы ұсыныс жергі­лікті билік тарапы­нан қолдау тапқаннан кейін алғаш­қы үйдің қабырғасы қаланып, тұр­ғызылды. Екінші үй де дайын бол­ды.
– Жақсы істің ұйытқысы да, бас­тамашысы да – Ерлік. Өзі Петро­павлда, інілері Нұр-Сұлтанда тұр­са да, жаз бойы ауылда еңбек етіп, құрылыспен айналысты. Келесі жыл­ғы жобалары тіпті ауқымды. “Оң­түстіктен – Солтүстікке!” бағдар­ламасы шеңберінде он үй тұрғыз­бақ, – деді бізге аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова. Оның айтуынша, бұл баспаналар жергілікті биліктің есебіне алынып, оңтүстік өңірлерден келген қоныс­та­нушыларға беріледі. Ауыл әкімі Берік Есімұлы Түркістан облысы­нан төрт отбасын күтіп отырғанда­рын, олар үшін жұмыс та, баспана да әзір екенін жеткізді.
Бүгінде Бостандық ауылында 73 отбасы түтін түтетіп отыр. Олар­дың арасында Жамбыл облысы­нан келген сегіз, Арыс қаласына ат басын бұрған бір және Қытайдан көшіп келген бір шаңырақ бар. Әният Садыржан 2012 жылы Қа­зақ­станға оралған. Алматы, Шы­ғыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарын аралап, аялдаған же­рі – Мағжан елі. Осында біржола ор­нығып қалмақ ниетін жасырмай­ды. Үймен, басқа да әлеуметтік көмек­термен қамтамасыз етілген. Келін­шегі Сәбира мектепте жұмыс іс­тей­ді. Бес баланың төртеуі – оқу­шы. Біржолғы жәрдемақыға екі сиыр, төрт торпақ сатып алыпты. Екі гектар алқапқа картоп егіпті, ке­лесі жылы қырыққабат өсірмек ойы бар.
Әният бізбен қоштасарда төрт туысы көшіп келетінін көтеріңкі кө­ңілмен айтып қалды. Көкейінде жүр­ген бір өтінішін де ортаға са­луды ұмытпады. Сөйтсе, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ла­ма­сының екінші бағыты аясында “Бастау-бизнес” кәсіпкерлік негіз­де­рін оқыту жобасы бойынша қыс­қамерзімді курсты бітіргенімен жеке ісін аша алмай жүрген көріне­ді. Оны ауыл әкімі де растады. Жалпы құны 5,5 миллион теңге тұратын екі жылыжай сатып алмақ болған, бірақ банк 11 миллион теңге кепіл талап етіпті.
– Ата-баба жеріне не аламыз деп емес, не береміз деген үкілі үмітті жел­біретіп келдік. Масылдық пи­ғыл­дан аулақпыз. Тек аяқтан тік тұ­р­ып кету үшін қолтықтан демеп жі­берсе, қалғанына қамшы салдырт­пас едік, – дейді жаңаша қадам жасауды мақсат етіп отырған бауырымыз.

 

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ.
Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp