Өткен жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті” атты тақырыпта өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысу мәртебесіне ие болған едім. Облыстық делегацияның мүшесі ретінде мұндай беделді жиынға алғаш қатысқандықтан, Елбасының сөзін үлкен толғаныспен тыңдап, көңіліме тағылымды ойлар түйіп қайттым.
Біз, Тәуелсіз елдің ұрпақтары, Қазақстанның бірлік пен тұрақтылықтың тал-бесігіне айналғанын әр кез мақтан етеміз. Қарашаңырағымыздың шайқалмауын тілейміз. Елбасымыз ел бірлігінің бастауы тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір ұлттар мен ұлыстардың өзара жұдырықтай жұмылған татулығында, ортақ мақсат жолындағы ауызбірлігінде екенін үнемі айтып, жол сілтеп келеді.
Бұл жолы да ғасырлар бойы жалғасып, қасиетті құндылықтар мен ұлттық ұлы мұраттарға жетелеп келе жатқан бейбітшілік, руханият, келісім сессияның басты арқауына айналып, еліміздің әр қиырынан келген түрлі этнос өкілдері мен сан алуан мамандық, кәсіп иелері толеранттылық, достық, бауырластық идеяларының қаншалықты қымбат та қастерлі екенін жан жүректерімен ұғып, Президентіміздің сындарлы ұлттық саясатына, Қазақстан халқы Ассамблеясының Отанымыздың өркендеуінің сенімді тірегіне айналғанына бірауыздан қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең екенін қадап айтты. Оны барлық қазақстандықтар іс жүзінде айқын сезініп отыр. Облыста бүгінде 40 мыңға жуық украиндық тұрады. Ұлттық дәстүрлерімізді қастерлеп, ана тілімізді біліп-үйренуге барлық жағдай жасалған.
Өзіме келетін болсам, Солтүстік Қазақстан облысында туып-өстім. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орыс мектебін тамамдап, бүгінде Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып жүрмін. Соған қарамастан, бүгінде мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойып, біраз үйреніп қалдым.
Қазақстан – біздің Отанымыз. Туған еліміз, кіндік қанымыз тамған жеріміз Қазақстан болғандықтан, онсыз болашағымызды көз алдымызға елестетудің өзі қиын.
Наталья ПЕТРОВА,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенті, украин этномәдени бірлестігінің мүшесі.