
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ол “Қазіргі қазақстандық қоғамның руханилығын қалыптастырудағы діннің рөлі” тақырыбына арналды. Оның жұмысына облыс әкімі Ерік Сұлтанов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, облыстық басқармалар, діни конфессиялар мен ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында атап көрсеткеніндей, бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Осыған орай конфессияаралық диалог пен өзара ықпалдастықтың маңызы зор. Өйткені, дәстүрлі діндерде адамзаттың ғасырлық даналығы шоғырландырылып, мәдени құндылықтардың бай мұрасы сақталған. Әрқайсымыз діни бірлестіктермен бірге азаматтардың ішкі әлемін қалыптастырып, Қазақстандағы бірлік пен келісімді насихаттауымыз қажет, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында да діни ахуал тұрақты. Оған тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар барысында көз жеткізілген. Сұралғандардың 90 пайызы діни ахуалға оң баға берген. Еліміз бойынша тұрғындардың діни сауаттылықтарын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Облыс аумағында 132 діни бірлестік бар. Оның 64-і – ислам, 31-і – православие, 11-і – католик және 26-сы – протестанттық діни бірлестіктер. “Алайда, діни ахуалға қатыстының барлығына оң баға бере алмаймыз. Елімізде дінге сенетіндер арасында мемлекет саясатына қарсы әрекет етіп, қоғам алдындағы конституциялық және азаматтық міндеттерін атқарудан бас тартатын жағдайлар жиілеген. Еліміздің тыныштығына қауіп келтіретін радикалдық қауымдастықтар пайда болған. Ондай ағымдардан сақтану үшін әр қазақстандық өз елінің патриоты болуы керек”, – деді Ғалым Шойкин.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров: “Бүгінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстан бүкіл әлемде конфессияаралық және этносаралық келісімнің бірегей үлгісі болып отыр. Діннің қазақстандық патриотизмді, шыдамдылық, бейбітшілік пен келісімді нығайтуда маңызы зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауда атап көрсеткеніндей, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді”, – деді.
Конференцияда сөз алғандар жастарды еңбексүйгіштікке, білімқұмарлыққа, саламатты өмір салтына, жауапкершілікке, белсенді өмір ұстанымдарына тәрбиелеудің маңыздылығы жайлы ойларын ортаға салып, олардың арасында елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыру қажеттігін тілге тиек етті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.