Жастар мәслихаты облыстық филиалының өкілдері мен Петропавл қалалық білім бөлімінің мамандары бірлесіп ұйымдастырған игі шарада мемлекетіміздің тірегі саналатын қасиетті құндылықтар – бірлік, татулық, достық тақырыптары әңгімеге арқау болды.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің, жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері сөз алып, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық межесінде еліміздің жеткен жетістіктеріне тоқталып, өздері жетекшілік етіп отырған ұйымдардың алдағы жоспарларына қанықтырды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мәңгілік Ел” идеясы барша қазақстандықтардың армандары мен мақсаттарын бір арнаға тоғыстырды. “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясындағы басымдықтарды жұртшылық арасында кеңінен насихаттауымыз керек, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.
Жастар мәслихаты облыстық филиалының төрағасы Виталий Шемингтің қазақ халқының қонақжайлылығы мен мейірімділігі жайында айтқан әсерлі әңгімесі жиналғандардың көңілінен шықты.
Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ,
“Жас Отан” жастар қанатының Петропавл
қалалық филиалының атқарушы хатшысы.