«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРІНШІНІҢ АТЫ – БІРІНШІ!

Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін бірінші лицей – 1991 жылы Александр Слухаевскийдің бастамасымен құрылып, ел тәуелсіздігімен бірге жасап келе жатқан іргелі білім ошағы. Үлкен шаңырақтан бөлініп шығып, өз алдына отау тіккен жас мемлекетімізге болашақ ел тірегі болар ұрпақ тәрбиесінде зиялы педагог қауымның қолдауы қажет болды. Осы тұста алыс және жақын шетелдермен терезесі тең түсетін бәсекеге қабілетті, сапалы біліммен сусындаған жастарды тәрбиелеу мақсатында Александр Сергеевич шығармашыл жұмыс істейтін мұғалімдер мен дарынды балаларды инновациялық білім мекемесінде тоғыстырады.

Бүгінде білім ошағының “Бірінші болғың келсе – Біріншіде оқы!” деген жарнамасы өз-өзін ақтап келеді. Олай дейтінім, лицей Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша жыл сайын республикамыздағы үздік 100 мектептің қатарынан көрінуде. Еліміздің “Үздік математикалық мектебі” деп танылған ұжымның тәжірибесі республикалық “Қазақстанның білім және ғылым элитасы”, “Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы” энциклопедияларына енгізілген. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша озып шыққан мектеп “Орта білім беретін үздік мекеме” атағын жеңіп алып, 16 млн. теңгенің сертификатына ие болуы да аталмыш ұжымның жемісті еңбегінің айғағы.

2013-2014 оқу жылдарында білім ордасынан қанат қаққан 48 түлектің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балы 98,58-ді құрап, қала бойынша екінші, облыста үшінші орынға шықты. Түлектердің төртеуі үздік үлгідегі аттестатқа ие болса, Виктория Макарова Ұлттық сынақта 118 ұпай жинап, қала бойынша ең жоғары, облыс бойынша екінші орынға ие болды. Соңғы үш жылдың ішінде ғана лицей оқушылары облыс қоржынын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың – 8, Президенттік олимпиаданың – 3, республикалық ғылыми жобалар мен халықаралық Жәутіков олимпиадасының және қазақстандық Интернет-олимпиадалардың бірнеше медальдарымен толықтырды.

Білім ошағын 2007 жылдан бері Елена Коноплева басқарып келеді. Оның айтуынша, бүгінде мұнда осы лицейдің құрылған күнінен бері еңбек етіп жүрген педагогтер бар. “Лицейде жоғары кәсіби білікті, өз ісінің нағыз майталман мамандары жұмыс істеуінің арқасында осындай жоғары көрсеткіштерге жеттік деп ойлаймын”, – деген мектеп басшысы білім ордасының жетістікке жету жолдарымен егжей-тегжейлі таныстырды.

Алғашқы жылдары тек жоғары сынып оқушылары ғана оқыған мектеп қазір өз арнасын кеңейткен. Бірінші сыныпқа іріктелген балғындар алғашқы күннен-ақ баға үшін емес, өздерінің зияткерлік қабілеттерін дамыту үшін оқиды. Математикалық бағыттағы мектеп болғандықтан, бірден осы пәннен қосымша сағат енгізіліп, тереңдетілген білім беріледі. Ол сағаттар түрлі үйірме жұмыстары, логикалық ойлау, функционалдық оқу курстары арқылы жүзеге асырылып, баланың сапалы білім алуына жағдай жасалады.

Білім негізі бастауышта қаланған оқушылар орта буынға келгенде қай пәнді жақсы меңгеретіндерін, не қызықтыратынын өздері таңдайды. Оған осы буын оқушылары арасында ұйымдастырылатын “Білгірлер конкурсының” пайдасы зор. Сегізінші сыныптан бастап оқушылар кәсіби бейімделіп, болашақ мамандығы қай пәнмен тығыз байланыста болатынын айқындайды. Нәтижесінде оқушылардың 80 пайызы өз жолын жаңылмай табады.

Білім ордасында құрылған ақпараттық-әдістемелік кеңістік жаңа технологияларды енгізу мен зерттеуге негіз. Оқу-тәрбие үдерісінің барлық компоненттері лицейдің бірыңғай компьютерлік жүйесіне қосылған. Сапалы білімге қолжетімділікті және жекелеп оқыту қағидасын толығымен жүзеге асыруға электрондық оқыту жүйесі ықпал етеді.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ғана бар облыс бойынша жалғыз компьютерлік физикалық зертхана – мектептің мақтанышы. Онда балалар топтарға бөлініп оқиды. Лицейде 21 жыл жемісті еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты физика пәнінің мұғалімі Елена Землякованың айтуынша, зертханалық кабинетте әр оқушының жеке шкафы тақырыптар бойынша жабдықталған. Тәжірибе кезінде әр оқушы өзіне қажет құралдарды алады да, жұмыс істеп болған соң орнына қояды. Егер балаларға ұстауға болмайтын заттармен жұмыс істеу керек болса, ол компьютерге енгізілген.

Білім беру ісінде негізгі мақсатқа жету үшін кадрлық әлеуеттің маңызы зор. Лицейдегі ұстаздардың 75 пайызы жоғары және бірінші санатты мұғалімдер болса, 65 пайызы – түрлі деңгейлердегі наградалардың иегерлері. Жыл сайын ұйымдастырылатын қалалық, облыстық семинарлар, онлайн сабақтар, шеберлік сыныптары арқылы ұстаздар басқа әріптестеріне озық әдістемелерін көрсете отырып, өздері де шыңдалады. Үстіміздегі жылы облыстық және республикалық деңгейде өткен әдістемелік құралдардың конкурсында бес ұстаз жеңімпаз атанса, алтауы республикалық оқулықтар сараптамасына қатысқан, тағы оны – мұғалімдерге арналған пән олимпиадаларының жеңімпазы.

Білім ошағында ашылған әдістемелік орталық сертификатталған педагогтердің қызметін үйлестіреді, лицейде ондай 15 мұғалім бар.

Бүгінде химия, биология, физика, география пәндерінен білім сапасы көтерілгенін ерекше атап айтуға тұрарлық. Бұған жоғары сынып оқушылары арасында жыл сайын екі мәрте өткізілетін рейтингтің де ықпалы бар.

Бізде жұмыс істеу оңай емес, тәжірибелі мұғалімдердің талабы мықты, оларға қарап жастар да бой түзейді. Жастарға тәжірибелі ұстаздардан тәлімгерлер бекітілген. Оқушылардың мұғалімге, сабақтың өтуіне, сыныптастарының адамгершілік ахуалына көзқарастарын білу үшін жыл соңында олардың арасында компьютерлік сауалнама жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша оқу үдерістеріне өзгертулер енгізіледі, – деген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Оксана Новикованың айтуынша, “Мұғалім оқушы көзімен” сауалнамасында әр оқушы он төрт өлшем бойынша ұстазын бағалайды. Бұл оқушы мен мұғалім арасындағы түсіністіктің қаншалықты екендігін көрсетеді. Сауалнама мұғалімнің өз кемшіліктерін анықтап, оны түзетуіне мүмкіндік береді.

Ұжым мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға да үлесін қосуда. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары ұпай жинап жүрген оқушылар республикалық олимпиадаларда екі жыл қатарынан күміс, қола медальдарды иеленді. Республикалық “Тіл – халық жанын танудың кілті” конкурсында Сергей Симоненко деген оқушы грант ұтып алған. Ал биыл білім ошағында қазақ тілінде оқытатын бірінші сынып ашылғаны, тіпті, сүйсінтті. Онда сауатын ашып жүрген 19 баланың екеуі – орыс отбасынан.

Білім ошағында оқушылардың таңдаулары бойынша жоғары оқу орнының білім беру жүйесіндегіге жақындастырылған бейіндік арнайы курстар, “Олимпиадашы” клубының сабақтары, ғылыми жобалар конкурстары, жазғы олимпиадалық алаңқай, “Престиж” зияткерлік ойындары ұйымдастырылады.

Білім сапасын арттырудың басты факторы болып табылатын денсаулық сақтау ортасын құру – педагогтер ұжымының маңызды міндеті. Бұл ретте лицейде өткізіліп тұратын спорттық көпсайыстарға барлық оқушылар қатысып, жыл қорытындысы бойынша “Үздік спортшы сыныбы” анықталады. Мектептегі музыка, бейнелеу өнері, өлкетану, сахна шеберлігі, би, экология, тағы басқа да үйірме жұмыстары оқушылардың жан-жақты дамуына жасалған мүмкіндік. Лицейдің әр оқушысы үлкен отбасының бір бөлшегі іспетті. Олар өздерінің мектептерін мақтан тұтады және оның атына кір келтірмес үшін қашан да бірінші болуға тырысады.

Осындай көрсеткіштерге жетіп, алдыңғы қатардан көрініп жүрген ұжым жалға алынған ескі екі ғимаратқа бөлініп оқиды. Абай көшесіндегі ғимарат – 1937 жылы, ал Жамбылдағы білім мекемесі 1961 жылы салынған. Бұл ғимараттарда спорт залдары тар, мәжіліс залы жоқ болса да, түрлі жолдармен жағдайдан шығып отырған жайлары бар.

Грантты алысымен қосымша оқу кабинеттерін, интерактивті жабдықтар, жаңа жиһаз, техника, көрнекі құрал-жабдықтар, интерактивті тақталар, тағы басқаларын алып, кітапхана қорын, әсіресе, балалар әдебиетін толықтырмақпыз, – дейді 37 жыл педагогикалық өтілі бар жоғары білімді, жоғары санатты ұстаз, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Коноплева. Оның өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі еленіп, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен, “Астананың 10 жылдығы” және халықаралық “А.Пушкин” медальдарымен марапатталған.

Бірінші болғың келсе – Біріншіде оқы!” – деген ұранмен еңбек ететін ұжым Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына осылайша үлес қосуда.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp