«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮКІЛ ЕЛІМІЗ “БАРЫСҚА” ЖЕҢІС ТІЛЕЙДІ

Жанкүйерлердің назарын мынаған аударғымыз келеді. Енді астаналықтар Гагарин кубогын иелену жолындағы жаңа жарысқа түседі. Гагарин кубогын алу – осы лигадағы командалардың басты мақсаты. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетсек, соңғы екі маусым бойы оны Мәскеудің “Динамосы” иеленді.

Өткен маусымда “Барыс” Челябинскінің “Тракторына” алғашқы кезеңде жол беріп, финалдық ойындардың басынан-ақ жарыстан шығып қалған. Биыл Шығыс тобында астаналықтар екінші орын алды.

Чемпионат ережесіне сай “Барыс” 8-10 наурызда Астанада Екатеринбургтің “Автомобилист” командасымен екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңді. Алайда, жеңіске қол жеткізу оңай болмады.

11 наурызда Екатеринбургте осы қаланың “Автомобилист” командасымен үшінші мәрте айдынға шықты. Келесі күні төртінші ойын өтеді. Әр команда төрт жеңіске жетуі керек. Тең ойын деген болмайды. Бұл ойындарда ешқайсысы төрт рет жеңе алмаса, 14 наурызда қарсыластар Астанада қайта кездеседі. Егер алтыншы рет ойнауға тура келсе, командалар 16 наурызда Екатеринбургте айдынға шығады. Қайткен күнде төрт жеңіс иелену үшін жеті ойын өтуі керек. Мұндай жағдайда қарсыластар 18 наурызда Астанада түйіседі.

Құрлықтық хоккей лигасы Ұлттық хоккей лигасына ұқсайды: мұнда жеке бір елге бөліну деген жоқ. Бұл лигада Ресейден, Қазақстаннан, Беларусьтен, Латвиядан, Украинадан, Чехиядан, Словакиядан және Хорватиядан барлығы 21 клуб ойнайды.

Биылғы маусымда астаналық хоккейшілер бұрнағы жылдардағыдан әлдеқайда сәтті әрі ширақ өнер көрсетті.

Отандастарымызға жеңістер тілеп, “Автомобилистпен” ойындар өтетін күндері көгілдір экранға үңілейік.

  (Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp