Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 33 адам пробация қызметінің есебінде тұр. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің мәліметінше, 104 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Жазасы жеңілі 20 сағат, ең ауыры 1200 сағат жұмыс істеуге міндетті.
“Жазаның бұл түрі онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін тағайындалады. Сотталғандар арасында жазаны орындаудан бас тарту немесе пробация қызметінің бақылауынан жасырыну фактілері бар. Мұндай жағдайларда жаза неғұрлым қатаң түріне ауыстырылуы мүмкін. Жыл басынан бері 6 адамның жазасы күшейтілді. Біреуі бас бостандығынан айырылды, екеуі қамауға алынды, үшеуінің бас бостандығы шектелді. Қоғамдық жұмыстарды орындаудан мерзімінен бұрын босату заңда қарастырылмаған”, – дейді департамент бастығы Рустан Ахметжанов.
Сотталушыны қоғамдық жұмыстармен тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді. Олар қаланы абаттандыруға қатысады, гүлзарларды, саябақтарды, көшелерді жинайды, көгалдандырумен айналысады. Қыс мезгілінде негізінен қар тазалау жұмыстарына тартылады. Төтенше жағдай кезінде сотталғандар ерікті түрде автобус аялдамалары мен тұрғын үйлердің кіреберістеріне зарарсыздандыру шараларын жүргізеді. Осылайша олар жазасын өтеп қана қоймай, қоғам үшін пайдалы іс атқарады.
Петропавл қалалық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған сотталғандардың бірі “Бұзақылық” бабы бойынша 500 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жазасын өтеп жатыр. Ол 2019 жылдың жазында араққа сылқия тойып алып, көшеде бейтаныс адамды жарақаттаған. 20 жастағы жігіт жазасын бір жылдан артық өтейді.
Мәдина ЕРҒАЛИЕВА,
қылмыстық атқару жүйесі департаментінің
баспасөз хатшысы.