«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ

Мен еңбек жолын аудандық “Мерей” өнер мектебінде домбыра пәнінің ұстазы болып бастадым. Алдыма келген әрбір оқушының қабілетін бірден ажырата білдім. Бала бойындағы дарыны мен талантын тануға, оны әр қырынан аша түсуге, домбыраның қыры мен сырын жете меңгеруге қызықтыра отыра, өз тәжірибемдегі тәсілдерді жүзеге асыруға тырыстым.

Небәрі жеті жасында алдыма келген Мөлдірдің табиғатындағы ерекшелік оның домбыра ұстаған нәзік саусақтары мен жалындаған көздерінен байқалып тұратын. Мөлдір кішкентай болса да, өзіне берілген тапсырмаларды тиянақты орындайтын. Әр пернені мұқият басып, бір көрсеткен ноталарды қағып алатын. Ол оқу жылының ортасына дейін-ақ өз деңгейінде әжептәуір дәрежеде домбыра тарта алатын халге жетті. Туабіткен дарынды қайда жасырсаң да, бір күні жарқырап шығары айдан анық. Мөлдір қасиетті қара домбырамен әсем күйлерді нақышына келтіре орындап, мектепаралық, аудандық сайыстарда сахнада жиі көрінетін болды.  

Ол 2007-2013 жылдар аралығында “Мерей” өнер мектебінің домбыра сыныбын өте жақсы деген бағамен бітіріп шықты. Мөлдір 2010 жылдан бастап түрлі деңгейлердегі сайыстарда жарқырай көрінді. Атап айтсақ, облыстық “Радуга” фестивалінде, ансамбльдер байқауында Әбдужаппар Мұқымтаевпен дуэтте 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. 2011 жылы Алматыда өткен 8-ші Халықаралық “Күншуақ” фестиваль-конкурсында 2 дәрежелі дипломға ие болса, 2013 жылы Астана қаласында өткен республикалық “Сәлем, Астана!” конкурс-фестивалінде С. Тұрысбековтың “Көңіл толқыны” мен Құрманғазының “Балбырауын” күйлерін орындап 1-ші дәрежелі лауреат атағын жеңіп алды. 2013 жылы Петропавл қаласында өткен “Роза ветров в Казахстане” 2-ші халықаралық конкурсында 2 дәрежелі дипломға ие болды. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен “Роза ветров в Сочи” халықаралық жасөспірімдер байқауында Динаның “Науаи”, Құрманғазының “Адай” күйлерін жеке орындауында 1-орынды қанжығасына байласа, Әлішер Сәбитовпен дуэт орындап, 1-орынды жеңіп алды. Бұл жетістіктер – тек облыстық, республикалық және халықаралық дәрежедегі табыс биіктері. Сонымен қатар мектепаралық, ауданаралық байқаулар мен сайыстардан алған жүлделері де аз емес.

Ол қазір Петропавл қаласындағы өнер колледжі-музыкалық-эстетикалық бейімдегі балаларға мамандандырылған мектеп-интернатында оқып жүргенін мақтанышпен айта аламын. Мөлдір, өнер жолынан тайма, сенің ертең өнер көгінде жұлдыздай жарқырайтыныңа сенімім мол демекпін.

Бибігүл МАКИМКЕНОВА,

аудандық “Мерей” өнер мектебінің

домбыра пәнінің мұғалімі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp