Мемлекет басшысы “Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ” Жолдауында еліміздің әлемнің 30 дамыған елінің қатарына ену міндетін қойды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар қызметінің деңгейін көтеру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру қажеттігі туындайды.
Облыстық дін істері басқармасы өңіріміздің аумағында дін саласын басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Сондықтан “Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу”, “Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту туралы шешім беру”, “Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру” сияқты мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді.
Мемлекеттік қызмет түрі құжаттар топтамасы берілгеннен кейін 30 күннің ішінде жүзеге асырылады. Ал өтінішті қабылдау кезек тәртібімен жүргізіледі.
Миссионерлік қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызметті алуға өтініш, қызметті алушының төлқұжаты немесе жеке куәлігінің көшірмесі, діни бірлестік атынан миссионерлік қызметті жүзеге асыруға құқығы бар діни бірлестік берген құжат, куәлік көшірмесі немесе мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама және миссионер өкілі болып табылатын діни бірлестіктің жарғысының көшірмесі секілді құжаттар қажет. Сонымен қатар, миссионерлік қызметке арналған діни әдебиет, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдар, діни мақсаттағы заттар қоса сұралады.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар елімізде миссионер ретінде тіркелу үшін миссионер өкілдік етіп отырған діни бірлестіктің ресми тіркелгенін растайтын және Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыру құжаты болуы тиіс. Ал егер дінтану сараптамасы теріс қорытынды берсе және қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, тұрғындардың денсаулығы мен адамгершілігіне қатер төндіретін миссионерлік қызмет түрлері ұсынылса, онда біз одан бас тарта аламыз.
Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу бойынша жиі сұраныс түседі. Жыл басынан бері осы мемлекеттік қызметті 45 миссионер пайдаланды. Олардың дені Рим-католик шіркеуіне өкілдік етеді. Ал төрт миссионер Новоапостол шіркеуінде өз қызметін жүзеге асыруда.
Халықтың дінге ынта-ықыласы артқан сайын “Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру” қызмет түріне де сұраныс өсіп келеді.
Ол үшін де алдымен өтініш, салыстырып тексеруге құжаттардың түпнұсқасы, діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшiрмесi сұралады. Бұдан бөлек, діни бірлестіктің жетекшісі немесе дұға етуге арналған үй-жайлар ашу қарастырылған ғимараттың, халық көп келетін нысанның (сауда нысандары, сапаржайлар, әуежайлар, порттар) басшысы қол қойған еркін нысандағы негіздеме де қажет. Мұнда діни шаралар өткізуге арналған үй-жайды орналастырудағы мақсат, аталған аумақта діни қажеттілігін қанағаттандыруға мұқтаж келушілер саны, ғимараттан үш жүз метр қашықтықта рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары жоқ екендігі көрсетілуі тиіс.
Жылжымайтын мүлікке құқық белгілеуші құжаттың және жер теліміне нотариалды куәландырылған сәйкестендіру құжатының көшірмелері, салыстырып тексеру үшін түп-нұсқалары қоса ұсынылады. Діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайларға сол аумақта орналасқан тұрғындардың да рұқсаты қажет. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысының хаттамасымен бекітілген келісім болмаған жағдайда мәселе оң шешімін таппайды. Сонымен қатар, бір дiннің үстемдігін орнықтыру, зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа үндеумен, өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттермен байланысты діни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыру көзделсе, онда қызмет көрсетуден бас тартамыз. Еліміздің азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнге көзқарасын айқындауда, діни бірлестіктердің қызметіне, дiни жораларға және (немесе) дiндi оқып-үйренуге қатысуына мәжбүрлеуге тыйым салынады.
Жыл басынан бері облыста осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі бойынша ғибадат үйлерінен тыс жерлерде жеті іс-шара өткізілді.
“Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту туралы шешім беру”, “Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру” мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлеріне сәйкес облыста діни әдебиет сататын сегіз дүкен жұмыс істейді. Бұл қызмет түрі де қолжетімді. Ол үшін өтінішке қоса жеке тұлғалар жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн, ал заңды тұлғалар салыстырып тексеру мақсатында құжаттардың түпнұсқасымен діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшiрмесін ұсынады. Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, заттарды тарату қызметіне жүгінгендерден арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуы туралы еркін нысандағы негіздеме-анықтама сұралады. Бұдан бөлек жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжатының, құқық белгілеуші құжаттың және жер телімінің сәйкестендіру құжатының көшірмелері, нотариалды куәландырылған не салыстырып тексеру үшін түпнұсқалары ұсынылуы тиіс. Меншік иесінің үй-жайды пайдалануға рұқсат хаты (ғимарат жалға алынған жағдайда ұсынылады) да міндетті.
Дін істері басқармасы мемлекеттік қызмет түрлері бойынша құжаттарды сағат 13-тен 14-ке дейінгі түскі үзілісті есептемегенде сағат 9-дан 18.30-ға дейін Парк көшесі, 57 “В” үй мекенжайындағы 415-кабинетте қабылдайды.
Басқарманың ресми сайтында “Мемлекеттік қызметтер” бөлімі жұмыс істейді, онда көрсетілетін қызмет түрлерінің стандарттары, регламенттері, тізбесі және тізілімі орналастырылған. Халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартудың тиімділігін арттыру мақсатында қызмет алушыға қызмет сапасына қанағаттанушылық карточкасын ұсынамыз. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің 8 (7152) 50-24-19 және дін істері басқармасының 8 (7152) 53-42-67 сенім телефондары жұмыс істейді.
Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН,
облыстық дін істері басқармасының басшысы.