БЕКЕРГЕ МАЛ ШАШУ — МАҚТАНШЫЛЫҚ
“Солтүстік Қазақстан” газетінің 19 қыркүйек күнгі санында “Бәсеке жүрмейтін жер” тақырыбымен мақала жарияланды. Бүгінгі күні халқымыз тойды ғана емес, дұғаны да бәсекеге айналдырғаны өкінішті-ақ. Мешіт имамдары тарапынан бұл мәселе талай мәрте айтылып жүр. Соның өзінде, әсіресе, ауылды жерлерде құлақ асқысы келмейтіндер көп. Ал облыс орталығында имамдардың айтуымен жыртыстың ақшасын қайырымдылыққа жұмсап, ауру-сырқау, жоқ-жітікке апарып берушілер қатары көбейіп келеді. Осындай игі істер дәстүрімізге енсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Алла тағала адам баласының адал жолмен табыс тауып, оны осы мақсатқа жұмсағанын құптайды. Құран Кәрімде: “…Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді”, – деген. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде де: “Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер”, – деген ескертуі бар.
Сондай-ақ, Құранда: “Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан Раббысына тым күпірлік етуші”, – деп ысырапшылдықтан жирендіреді. Мұсылман баласы үшін бұл – өте ауыр ескерту. Тағы бір аятта: “Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді”, – деп босқа шығындалуға, қолда бар ырысты далаға шашуға тыйым салады.
Әрине, жақынынан айрылып, уайымға батқан отбасын түсінуге болады. Әйтсе де, әр адам өлім-жітімде шариғатымыздың қағидасына мойынсұнғаны дұрыс. Бірақ бүгінгі күні әр жерде, тіпті, әр ауылдың өзінде адамды жерлеудің жөн-жосығы әрқалай.
Адам дүние салған соң оның қайтыс болғанын жариялап, жерлеуге асығу – мұстахип. Мәйітті жерлеуді кешіктіру сүннетке қайшы және мәйітті құрметтемеу болып табылады. Қаншалықты кешіктірсе, соншалықты оның қадір-қасиетін қашырады. Әдетте, жерлеу рәсімін екі адам басқарады. Имам және мәйіт иесі. Имам жаназа намазы мен жерлеу рәсімінің шариғи мәселелеріне жауапты болса, мәйіт иесі шаруашылық істерді мойнына алады. Ислам дінінде мәйітті жерлеудің өзіндік қағида-ережелері бар. Алдымен мұсылман мәйіті шариғатқа сай өзіне жақын жердегі зиратқа жерленуі тиіс. Зират екі түрге бөлінеді: уақф (қоғамдық) және жеке. Қоғамдық зираттарда кесене, күмбез, ескерткіш, қоршау, т.с.с. кез келген құрылыс нысанын салуға рұқсат етілмейді. Айналасы қоршалған, басында шырақшысы бар аса көп адам жерленген қорым-зираттарда қабірді қоршаудың қажеті жоқ. Ал далада жеке тұрған қабір аяқасты болмауы үшін оның үстін кіндіктен жоғары етіп қоршауға рұқсат етілген. Ғалымдар: “Қабірді биік көтеру – харам”, – деп үкім шығарған. Ханафи мәзһабы бойынша қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, оған жазу жазуға рұқсат етіледі. Тасқа марқұмның аты-жөні, туған, дүниеден өткен жылы жазылса, жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға шариғат қарсы емес.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде қабірге бор жағып, әсемдеуге болмайтыны айтылады. Біріншіден, тірілерге арналған дүниені ысырап ету дұрыс емес. Өйткені, Алла тағала: “…төгіп-шашпаңдар, Алла, ақиқатында, ысырапқорларды ұнатпайды” (“Ағраф” сүресі, 31-аят), – деді. Екіншіден, қабірді алтынмен әшекейлесе де, оның өлікке ешқандай пайдасы жоқ екенін түсіну керек. Пайдасыз жұмыс жасау – мұсылман қауымы үшін харам. Үшіншіден, қабірдің үстіңгі жағы ашық қалдырылғандықтан, жауған жауыннан өніп шыққан өсімдіктер қабір ішінде жатқан мәйітке пайдалы деген ұғым бар.
Исламда жанды нәрсенің мүсіні – харам. Өйткені, ол мұсылманның діни сенім-нанымы мен көзқарасын бұзуға әкеп соғады. Нағыз мұсылман: “Қанша мал-мүлік, дүние тапсақ та, ертең басқалар секілді біз де қара жердің қойнауына кіреді екенбіз-ау” деп ойлайтын, бұл дүниенің жалған екенін түсінетін адам. Сондықтан қабірдің басын біреу қызыға қарайтындай емес, керісінше, адамға ғибрат болатындай қарапайым етіп көтеру керек.
Зәулім мазар салып, оны әспеттеуге жұмсалған қаржыны қайырымдылық іс-шараларға, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, оқушылар мен студенттерге жәрдемақы есебінде беретін болсақ, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді.
Халық арасында жолдан қосылған кәделер көп. “Өйтпесек болмайды, ұят болады” дегенді желеу етіп, жылқы немесе ірі қара сойып, аста-төк дастарқан жаюдан басталатын жаназада қайғылы отбасы шашылып-төгіліп, ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Оны көрген басқалар да “Мен одан кеммін бе?” немесе “Ертең сөз болады” деп, астамшылыққа барады. Сөйтіп, өлік жөнелтуді бәсекеге айналдырып алған жайымыз бар.
Біздің халқымызға ысырапшылдық Алла сүймейтін іс екенін түсінетін уақыт жетті. Салт-дәстүрімізге, дінімізге қайшы әдеттерге әуестеніп, мавзолейге ұқсатып мазар тұрғызып, қаралы үйде той дастарқанын жайғаннан өмірден өткен адамға ешқандай да сауабы болмайды. Шариғатымызға қарсы амалдар жасауды тоқтатып, діннің талабын түсінетін уақыт жетті.
Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,
“Қызылжар” орталық мешітінің
ұстазы.
ДАҢҒОЙЛЫҚТАН
ДІНГЕ БЕТ БҰРАЙЫҚ
Бүгінгі таңда өлім-жітімді той-томалақтан артық өткізетін болдық. Ол рас. Дастарқан жайғанда да, жыртыс таратқанда да ең қымбатын алуға тырысамыз. Бұл, әрине, қазақтың даңғойлығы, мақтаншақтығы. Әйтпесе, шынымен де, қаралы үй бәсеке жүретін жер емес. Шағын ғана мақаланың көтеріп тұрған жүгі ауыр. Автор бүгінгі күннің боямасыз шындығын жеткізуге тырысқан. Мен де осы көтеріліп отырған мәселені қолдаушылардың бірімін. Қайтқан адамды соңғы сапарға шығарып салған кезде азалы үйдегі адамдарды, оның жақын-туыстарын әбігерге салып, бардың малын, жоқтың артын ашатын осындай “жаңашылдықтың” түбіне балта шабуымыз керек. Бұрынғы кездерде өлім-жітімде дастарқанға бауырсақ, май, болса құрт, қант қоятын. Ал қазір мейіз-өріктің түр-түрін, қант-кәмпиттің ең қымбатын, тіпті, жеміс-жидекке дейін үйіп-төгіп қоятындар бар. Мұның барлығы ысырапшылдық, яғни жөнсіз дүние шашу. Құран Кәрімде: “Алла тағала ысырап қылушыны сүймейді, ол – ысырап жасаушы, өтірікші” деп жазылған. Қайтқан адамға Құран бағыштаса, одан артық не керек?
Демек, бұл жағдайларды дұрыс түсініп, ақылға келіп, ондай аста-төктің қарапайым халыққа тигізер ауыртпалығы аз емес екенін мойындау керек. Азалы жерге ешкім де ішіп-жеуге бармайды. Біреулер ет жақын қимасынан айрылып, қайғы жұтып отырғанда оның кімге не беріп, дастарқанына не қойып жатқанын әңгіме етудің өзі абырой әкелетін іс емес.
Бұрындары ұзақ өмір сүрген, еліне сыйлы болған адамның киімдерін ол қайтқаннан кейін “көзіндей көрсін, жасын берсін, ғұмырлы болсын…” деген ниеттермен ағайын-туыстарына тәбәрік есебінде таратып беретін. Оның өзі жай ғана ырым. Ал қазір сол тәбәріктің орнын сужаңа киімдер басты. Бүгінгі таңда жаназа намазына қатысқандарға шапан, кілем үлестіріп, жыртыс тарату кезінде “Кімді қалай таңғалдырсам екен” дегендей, маталардың түрлі-түрлісін сатып алуға тырысатындардың саны да күн санап көбейіп барады. Осындай асыра сілтеушілік – ұлттық дәстүрді шариғат жолдарымен араластырып алғанымыздың нәтижесі. Дінді жете білмегендіктен, түрлі жаман әдеттер бүгінде қанымызға сіңіп барады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Осылай айдың аманында өлікті жөнелтуді де тойға айналдырып алып, оған көз жұма қарап отырғанымыз жөн болмас. Қазаның аты – қаза. Арамыздан мәңгілікке кеткен адамдарды жерлеген кезде бар байлықты көрсетпей-ақ, ата-баба дәстүрімен жоқтау айтып, сол үйдің отбасы мүшелерімен бірге қайғырып, барлық рәсімдерді қарапайым ғана өткізсек, құба-құп. Ол үшін ең бастысы сауатты имамдардың айтқанына құлақ асып, шариғат заңдарын орындауымыз қажет. Дарақылыққа салынбай, дінге бет бұрсақ, өкше басып келе жатқан жастарға да сабақ болады.
Шолпан НӘБИЕВА,
“Алтын алқа” иегері.
Қызылжар ауданы,
Кривозерка ауылы.
БІРІ ОЙЛАНАР,
ЕКІНШІСІНЕ ОЙ САЛАР…
Мен “Солтүстік Қазақстан” газетінің тұрақты оқырманымын. Басылымның кезекті бір санында “Бәсеке жүрмейтін жер” атты мақала жарық көрген еді. Көзіме бірден түскен мақаланы басынан аяғына дейін оқып шығып, ойға қалдым.
Журналист Алма Қуандыққызының көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Өйткені, қазір той-томалақ былай тұрсын, өлім-жітім де ессіз ысырапқа айналды. Онсыз да қайғының қара бұлтын жамылған азалы шаңырақ үшін өлікті жөнелту оңай шаруа емес. Үстелге қойылатын қант-кәмпит пен жеміс-жидек, қазаға келген адамдарға берілетін жыртыс аз шығын емес. Кездеме жыртып, орамал таратуды қоюымыз керек. Бұл той емес, жаназа. Сондықтан астатөк шығынға ұрынбай, о дүниелік болған адамның рухына Құран бағыштасақ, жеткілікті емес пе? Қайтыс болған адамдардың жақындарын жұбатып, әйелдер жағы жоқтау айтса, міне, бұл дұрыс.
Өлімнен ешкім де құтыла алмайды. Ал бұл мәселе орынды көтерілгендіктен, мен үнсіз қала алмадым. Жер ортасына келіп қалғандықтан, өлім-жітімге көп барамыз. Түрлі дастарқаннан дәм таттық. Талай мәрте өлім жөнелткен үй иелерінің қысылған кездерін де көрдік. Бірі берген кездемесіне, енді бірі жайған үстеліне қысылады. Шындығын айтқанда, кейбірі сынауға келеді. Жұрттан ұялып, өлікті жөнелтуге барымызды салатынымыз да сондықтан. Бұл дұрыс емес. Бірақ біз дініміз ислам, ұлтымыз қазақ екенін ұмытпауға тиіспіз. Қазақтар өлімде сабырлық тілейді. Өйткені, дініміздің өзінде өлікті жөнелтудің негізгі рәсімдері бар. Мұсылмандардың өлікті жөнелтудегі жол-жоралары өте күрделі. Осы ретте мына мәселені де айтуды жөн көрдім. Қазіргі таңда қабір басына түрлі ғимараттар орнатып, қымбат белгі қою бәсекеге айналды. Ал оларды салуға жіберген қаржыны басқа сауапты істерге жұмсаса абзал болар еді. Сол себепті бұл мәселені де алдағы уақытта ескеруіміз қажет.
Біз егемен ел болғалы аз уақыт өткен жоқ. Өзіміздің әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптейтін уақыт әлдеқашан болды. Әсіресе, кейінгі жастарға салтымыз бен дәстүрімізді айтып түсіндіруіміз керек. Өйткені, олар үлкендерден көргенін істейді. Сондықтан қоғамның санасында өлімді барынша сән-салтанатпен жөнелту дұрыс деген қағида қалыптастырмағанымыз жөн. Ал ол үшін ең әуелі өзімізден бастауымыз керек. Қазақта “Сын түзелмей, мін түзелмес” деген аталы сөз бар. Осындай дүниелерді жазып, қалың оқырманға ой салу арқылы әркімнің-ақ назарын аударуға болады. Жазылған жайдың жаңғырығымен бірі ойланар, екіншісіне ой салар.
Нұрила ТЕМІРҚЫЗЫ,
зейнеткер.
Айыртау ауданы.
БҰЛ — ТОЙ ЕМЕС, ЖАНАЗА
Журналист Алма Қуандыққызының “Бәсеке жүрмейтін жер” атты мақаласын оқып, ойға шомдым. Расында, түпсіз ойға түрен салғызып, өзекті өртейтін, дәл бүгінгі уақытта түйткілді болып отырған мәселелердің бірін қозғағандарыңыз қуантты мені. Кісі келместің кемесіне мінген қазалы күнде қазан-қазан ет асып, табақ-табақ ас таратып, ұлан-асыр тойдай қылып өткізуді дәстүрге айналдырған, тіпті, жағдайы келмеген күннің өзінде қарызданып, дастарқанды қырық түрлі ауқатпен толтыруды көздейтіндерді көзбен көріп жүргендердің бірімін.
Өзбекстан Республикасынан 2000 жылдардың басында атамекенге, нақтырақ айтсам, қызырлы Қызылжардың Мамлют ауданына қарасты Краснознаменка ауылына көш түзеген алғашқы жылдары мұндай келеңсіздікті қабылдай алмай жүрдім. Осыдан екі жыл бұрын ауыл тұрғындарына сыйлы Өзбекстаннан елге оралған бір азамат дүниеден өтті. Әйелі мен бес баласын зар жылатып, опасыз жалғанды тәрк ете барған марқұмның туыстары қайғыдан қан жұтып, барлығы өксік кернеген көкірек шерін тарқата, бірі қимастықтың құндағына оранып, жылап-сықтады. Айтып келмейтін ажалдың тырнағына араша бола алмай, атпал азаматынан айрылған шаңырақта қан шығарылып, мал сойылып, қазан көтерілген жоқ. Көңіл айта кіріп-шығып жатқан кісілердің бәрі төрге шығарылып, көрші-қолаңдардың, жақын-жекжаттардың өз үйлерінен пісіріп әкелген ыстық бауырсақтары, өзге де тағамдары дастарқанға қойылып, қайғыға ортақтасқандар дәмнен ауыз тиді. Марқұмның жамбасы жерге тиген күні де солай болды. Жергілікті тұрғындар отандастарының осылай істегеніне қайран қалып, тіпті, кейбіреулері сөккен де шығар-ау?! Өйткені, қалың қазақтың көбі кісі қайтқанда асқа толы, жеміспен әрленіп, салатпен сәнденген дастарқан жаюды әдетке айналдырған.
Кісі өлген үйде таратылатын астау-астау ет, тиын-тебен, шүберек бұйымдар бәрі халқымыздың бойына “Біреу тойып секіредінің” қамытын кигізіп жатқандай әсер қалдырады. Құран оқып, жаназа намазын атқарған ақ сәлделі молданың үсті-басын үлде мен бүлдеге орап, қалтасын қампайтып жіберетінімізге де жол болсын. Асып-тасқандық па, әлде, ата діннен іргені аулақ салғандық па бұл?
Алдияр СҮЛЕЙМЕНОВ,
Краснознаменное
ауылының тұрғыны.
Мамлют ауданы.